Өмірін емес, мүлкі мен көлігін сақтандырады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3435

Сақтандыру компанияларының жиынтық кірісі 62,4 млрд теңгені құрады. 

Өмірін емес, мүлкі мен көлігін сақтандырады

Соңғы 10 айда өмірді сақтандыру саласындағы сақтандыру сыйақысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 82,2%-ға өсіп, 103,6 млрд теңгені құрады.

Еліміздегі 27 сақтандыру ұйымының жетеуі ғана адам өмірін сақтандырумен айналысатынын ескерсек, бұл тәуір көрсеткіш.

Биыл сақтандыру нарығы осыдан 5 жыл бұрын болған тұрақты өсім көрсеткішін бағындырды. Нәтижесінде аннуитеттік сақтандыру - 2,3, жүк сақтандыру - 2,2 есе өсті. Жазатайым оқиғалардан ерікті сақтандыру - 61%-ға, ал өмірді сақтандыру - 50,6%-ға ұлғайды.

Сақтандыру түрлері бойынша сыйақының 18,8% - мүлікті сақтандыруға, 15% - көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға, 14% - өмірді сақтандыруға жұмсалды.

Барлық сақтандыру компанисяының жыл басынан бергі жиынтық кірісі 62,4 млрд теңгені құрады. Оның 15,7 млрд теңгесі өмірді сақтандыру компанияларына тиесілі болды.

Сақтандыру компаниялары мамандарының мәлімдеуінше, ел азаматтары өмірлерін сақтандыруға салғырт қарайды. Халықтың басым бөлігі өмірін емес, жылжымайтын мүлкі мен көлігін сақтандырады. Себебі сақтандырудың соңғы түрінде міндеттеу бар. Ал жылжымайтын мүлікті сақтандыру сату және сатып алу операциясын орындаған кезде жүзеге асырылады.

Естеріңізде болса, үкімет сақтандырумен айналысатын компаниялардың сыртқы нарыққа шығуына шектеу қойды. Есесіне ішкі нарықты игеруге қолайлы  жағдай жасады. Бұған сақтандырудың электронды форматқа ауысуы дәлел.

Айтпақшы, сақтандыру саласында сақтанушының құқығы ерекше назарға алынды. Мысалы, азаматтарға 2 жыл сайын сақтандыру компаниясын ауыстыру құқығы берілді. Бұған қоса сақтандырушы ұсынған өтемақының мөлшерімен келіспеген жағдайда, сақтанушы сақтандыру омбудсменіне шағымдана алады.

Бұл туралы  сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының  орынбасары Асқар Шәкенов: "Сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы дауды сотқа жеткізбей шешкен екі жаққа да тиімді. Мәселе сотқа жетсе, машақаты көбейіп кетеді. Сондықтан тараптар бір-бірімен түсінісіп, заң аясындағы міндеттемерін тиісінше орындағаны дұрыс", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу