Ұлттық қордың активіне салынған заңсыз шектеудің күші жойылды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2833

Олигарх Анатол Статидың ойы орындалмады.  

Ұлттық қордың активіне салынған заңсыз шектеудің күші жойылды

Әділет министрі Марат Бекетаев Bank of New York Mellon қаржылық ұйымының кастодиалдық сақтауындағы ҚР Ұлттық қорының 21,5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активіне қойылған заңсыз шектеудің күші жойылғанын жариялады.

Министрдің мәлімдеуінше, қазір келтірілген залалды өтеу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Ұлттық қордың активіне салынған заңсыз тыйым алынды", – деді Марат Бекетаев.

Естеріңізге салайық, 2017 жылдың соңында молдовалық олигарх Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы ҚР Ұлттық қорының 21,5 млрд долларын бұғаттады. Сол кезде экономистер бұл қыруар қаржы екенін, көрсетілген капитал еліміздегі ЖІӨ-нің 17%-ын, Ұлттық қордағы қаражаттың 40%-ын құрайтынын айтып, дабыл қақты. Өз кезегінде министр Марат Бекетаев: "Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайды. Актив біздің меншікте қалады. Сотта Қазақстанның мүддесін әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес", – деп сенімді сөйлеген.

Молдовалық Ascom Group компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларының соңына шам алып түскен. Сөйтіп "ҚазПолМұнайдың" бас директоры Сергей Корнегруцаға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге көлемінде заңсыз ақша тапты деген айып таққан. Бұған қоса Анатол Статидің газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра сілтегені мен көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғылар үшін 72 млн доллар аударғанын әшкерелеген.

Бір жылдан соң Сергей Корнегруца сотталып кеткен. Ал құрылысы аяқталмаған зауыт "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қарамағына өткен.

2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды  500 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеді. 2014 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Стокгольмдағы апелляциялық сотта бұл шешімге шағым білдіріп, оның күшін жоюды талап еткен. 2017 жылғы 6 маусымда Ұлыбританияның жоғары соты төрелік шешім алаяқтық арқылы жүзеге асты деген шешімге келген. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгілеген. Лондон сотында Анатолий Стати Қазақстаннан жеңіліп қалған. Ағылшын сотынан қолдау таппаған олигарх АҚШ-қа ауысқан. Онда да Анатолий Стати абыройынан айырылған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу