Үкімет Ұлттық қорға қол жаюды әдетке айналдырып алды

2290

Ұлттық қор "Шықпа жаным, шықпа" деуге шақ тұр. Оны өсіру де, өшіру де үкіметтің қолында, деп хабарлайды inbusiness.kz мамандардың мәлімдемесіне сілтеме жасап. 

Үкімет Ұлттық қорға қол жаюды әдетке айналдырып алды

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының дерегінше, биыл үкімет елдің экономикалық дамуын қолдау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау мақсатында Ұлттық қордың инвестициялық табысының басым бөлігіне қол салды. Бюджет балансындағы теңгерімсіздік әдеттегідей Ұлттық қордың қаражатымен толтырылды. 

2021 жылдың алғашқы 6 айында бюджеттің шоғырландырылған кірісі 6,3 трлн теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 трлн теңгеге кем көрсеткіш. 

"2020 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық қордың инвестициялық табысы 2,6 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 0,2 трлн теңге шамасында ғана болды", – деп нақтыланды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сараптамасында. 

Ұлттық қордың қыркүйек айындағы инвестициялық кірісі де көңіл көншітпеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев: "Қыркүйекте Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, активтер түзетуге байланысты 1,2 млрд долларға немесе 2,11%-ға кеміді...", – деді. 

Былтыр Ұлттық қордан жасалған трансферт 55%-ға артып, 4,8 трлн теңгеге жетті. Биыл үкімет Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге сұрады. Бұл республикалық бюджеттің "жыртығы" тағы да Ұлттық қор есебінен жамалады деген сөз. 

Ұлттық қордан республикалық бюджетке алынатын трансферт көлемі ұлғайса, 2023 жылға қарай қорда ішкі жалпы өнімнің 30,8%-на ғана тең қаражат қалады. Бұл ары қарай жұмсауға болмайтын қалдық. 

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, 2021 жылы контрциклдік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту шарасын қабылдау қажет. 

"Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп, Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулерді әзірлейді және Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын бекітеді", – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Оның сөзінше, бюджет тапшылығы 2021 жылы – 3,4%-ды, 2022 жылы – 2,5%-ды, 2023 жылға қарай 2,1%-ды құрауы мүмкін. 

Бюджеттің кірісін көбейту үшін шара нақты шара қабылдау қажет. Бұл үшін мемлекеттік шығыс көлемі мен бюджет қаражатын тиімді жұмсауға басымдық берілуге тиіс. 

"Экономикалық зерттеулер институты" АҚ орталығының директоры Қуаныш Бейсенғазиннің сөзінше, Ұлттық қордан алынатын трансфертті шектеп, жаңадан бюджет ережесін қабылдамайынша, қазіргі жағдай өзгермейді. 

"Біздің елде осы уақытқа дейін бюджеттік ереженің 13 жүйесі жұмыс істе¬ді. Енді Президенттің тапсырмасымен контрциклдік ережеге көшуге кірісіп жатырмыз. Болашақта біз Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансфертті қорға түсетін ақшаның болжамды көлемінен асырмау тәсілін қолданамыз. Контрциклдік ереже Ұлттық қорға мұнай бағасы жоғары болған  кезде көбірек қаражат жинақтауға, мұнай бағасы төмендеген кезде бюджеттің теңгерімін ұстап тұру үшін кепілді түрде бөлінетін трансферт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Шығыстың межелік мәні Ұлттық қордан алынатын трансфертті қысқартудың және мемлекеттік қарызды қауіпсіз деңгейде ұстап тұрудың темірқазығына айналуға тиіс", – деді Қуаныш Бейсенғазин.

Ұлттық қордың қаражатымен толтырылып жатқан бюджет тапшылығы үкіметтің жүйесіз жұмысының жемісі екен. Мұны экономист Расул Рысмәмбетов үкіметтің Ұлттық қорға қол жаюды әдетке айналдырып  алғанымен байланыстырды. 

"Ұлттық қордағы азайтылмайтын қалдыққа жақындауымыз жағдайымыздың мәз емес екенінің белгісі. Ұлттық қордан ақша алмаудың бір тәсілі шет мемлекеттен қарыз алу. Бүгінгі таңда біз 2 тәсілге қатар жүгініп отырмыз. Себебі салық жинаудан түскен ақша әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысына төлеуге ғана жетіп жатыр. Қалай болғанда да Ұлттық қордан трансферт тарту жүйесін жетілдіру қажет", – деді Расул Рысмәмбетов.

Экономист Арман Бейсембаев бюджеттің созылмалы тапшылығы Ұлттық қорды тақырлап тастағанын алға тартты. "Бюджеттің кірісінен шығысы көп. Ұлттық қордың қаражатын дефицитті толтыруға жұмсау ең оңай және ең тиімсіз тәсіл", – деді ол. 

Оның сөзінше, Ұлттық қордағы қаражатты сақтап қалу және көбейту үшін бюджеттің шығыс бөлігін, яғни зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы қысқаруға сонымен қатар субсидия көлемі азаюға тиіс. Бірақ бұл халықтың әлеуметтік жағдайын қиындатады. "Бюджет тапшылығын мемлекеттік қарызды арттыру арқылы да жабуға болады. Алайда қарызды қайтару қажет екенін ұмытпау керек", – деді Арман Бейсембаев.

Экономист Андрей Чеботаревтің пікірінше, мұнай салығынан түскен табысты басқару туралы ереже қабылдап, профицитті бюджет қалыптастырғанға дейін Ұлттық қордың жағдайы жақсармайды. 

"Бюджеттің 50%-дан астамы әлеуметтік төлемге жұмсалып жатқанын ескерсек, жоғарыдағы мақсатқа жету оңай болмайды", – дейді экономист. 

Ал экономист Бейсенбек Зиябеков Ұлттық қорды басқару жүйесін өзгерту қажет деп санайды. 

"Ұлттық қорды Ұлттық банк емес, Президент басқаруы керек. Ұлттық қордың қаржысы үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Ұлттық банк инвестициялық компания емес. Сондықтан одан Ұлттық қорды басқару құзіретті алу керек", – деді Бейсенбек Зиябеков. 

Оның айтуынша, Ұлттық қорға бюджеттен артылған қаражат қана жинақталуға тиіс. 

"Ұлттық қорға мұнайдан түскен табысқа салынатын салық, корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу үлесі түсіп жатыр. Бұл дұрыс емес. Салдарынан бюджетте тапшылық пайда болады. Ұлттық қорға бюджеттен артылған қаражат қана жинақталуға және ол мүлде алынбауы керек", – деді экономист. 

Бейсенбек Зиябековтің сөзінше, Ұлттық қордың қаржысын әлеуметтік төлемге емес, экономиканың нақты салаларына жұмсаған жөн. 

"Ұлттық қордың қаржысын инновациялық жобаларды қолдауға беру қажет", – деп түйді сөзін сарапшы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу