Ұлттық қордың қаржысы 3,7 трлн теңгеге қысқарады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
12094

"Үкімет экономикалық дағдарысты Ұлттық қордың қаржысымен  шешуді әдетке айналдырып алған". 

Ұлттық қордың қаржысы 3,7 трлн теңгеге қысқарады

Үкіметтің болжамынша, биыл Ұлттық қорға түсетін түсім 3,3 трлн теңгеден 1 трлн теңгеге азаяды. Ал Ұлттық қордың бюджетке бөлетін қаржысы 2,7 трлн теңгеден 4,8 трлн теңгеге ұлғаяды. Бұл Ұлттық қордың қаржысы 3,7 трлн теңгеге қысқарады деген сөз.

Елімізге төтенше жағдай енгізілгенде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Ұлттық қорда 27 трлн теңгеден астам қаражат бар екенін жариялап:  

"...Біз дайындаған қазіргі жоспарда Ұлттық қордан қаржы алу қарастырылмаған. Дегенмен жағдай ең нашар сценарий бойынша өрбитін болса, Ұлттық қордан қаржы алуға тура келеді", – деген. Ал ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев тікелей эфир арқылы жасаған мәлімдемелерінің бірінде індетке қарсы күрес шараларын жүзеге асыру барысында Ұлттық қордан ақша алынбайтынын айтты. Кейін Дәурен Абаев қате ақпарат бергенін баяндап: "Коронавирус жағдайына байланысты өткен алғашқы брифингтердің бірінде мен Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмайтынын айттым. Бұл мәлімдеме дұрыс болмады, сол себепті сіздерден кешірім сұраймын", – деген.

Айтып-айтпай не керек, ақыры Ұлттық қордан ақша алынды.

Үкімет бұған дейін де бірнеше рет Ұлттық қордың қаржысына қол салған. Бұл туралы GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық: "Ұлттық қордың қаржысы болашақтың игілігі үшін жұмсалуы керек" деп айтылса да, үкімет қысылтаң шақта қордан ақша алып тұрады. 2008 жылдан бері түрлі саланы қолдау үшін Ұлттық қордан трансферт бөлініп жүр. Бұлай жалғаса берсе, мұнайдан түскен табыстан құралған ақшаны тауысамыз", – деді Мақсат Халық.

Экономист Бейсенбек Зиябеков Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс емес деп санайды. Оның ойынша,Ұлттық қорды Ұлттық банк басқармауы керек.

"Ұлттық қордың қаржысы Президент пен үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратын инвестициялық компания емес. Қаржы реттеушісінен бұл құзіретті алу керек", – деді Бейсенбек Зиябеков.

Экономист Оразалы Сәбден үкімет экономикалық дағдарысты Ұлттық қордың қаржысымен шешуді әдетке айналдырып алған деген пікірде. Оның ойынша, дағдарысты ақшамен емес, нақты бағдарламамен шешуге көшу керек.

"2008 жылы әлемдік мұнай бағасы құлдырады. Сол кездегі екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға Ұлттық қордан 10 млрд бөлінді. Банктер байыды, ал ел дымсыз қалды. Болашақта мұндайға жол беруге болмайды. Ұлтттық қордағы ақшаны жұмсау қажет болса, қаржыны ауыл шаруашылығы саласын дамытуға салу керек", – деді Оразалы Сәбден.

Депутат Аманжан Жамалов экономикаға Ұлттық қордан алынған қаржыны бюджеттік несие түрінде құя бермей, бизнесті несиелендірудің нақты әрі тиімді бағдарламасын ойлап табу қажет деп санайды.

"Банктердің экономиканы қаржыландыру көрсеткішін жақсарту керек. Бұл үшін қаржы ұйымдары берген несиені бюджеттен субсидиялауды доғарған ұрыс. Іскерлік белсенділікті мемлекет есебінен ынталандыру қате. Алдағы уақытта  бюджет тапшылығын толтыру үшін Ұлттық қордың трансферті 15 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Бұлай болса, 3-4 жылда қорда  қаржы қалмайды. Осының алдын алу үшін бюджет шығынын қысқарту қажет", – деді депутат.

Оның сөзінше, бюджет шығыстарының 55% әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалады. Қалғаны мемлекеттік аппаратты қамтамасыз ету мен әлеуметтік емес шығыстарды жабуға жолданады.

"Бұл мәселені күн тәртібіне қою керек. Ұлттық қордан трансферленген бюджет қаржысын оңды-солды шаша беруге болмайды", – деді Аманжан Жамалов.

Айта кетейік, биыл қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қорға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 220,7 млрд теңге кем түсті. Оның ішінде салық түсімі 37,1%-ға азайды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу