Үкімет Ұлттық қордың жағымсыз шындығын ашты

10938

Қордың ондаған миллиард теңге қарызға батқаны белгілі болды. 

Үкімет Ұлттық қордың жағымсыз шындығын ашты

Қаржы министрлігі алда Парламентке енгізілетін "Қазақстанның Ұлттық қорының қалыптастырылуы мен пайдаланылуы туралы 2019 жылғы есеп" жобасын жариялады.

Қорды теңгенің құнсыздануы да құтқара алмапты. Мысалға, есепке сәйкес, 2019 жылдың басында Ұлттық қорда 26 трлн 62 млрд 38 млн теңге болған екен. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылғы наурыздағы жағдай бойынша онда енді 61 млрд 153,5 млн доллар актив қалды.

Биыл теңге "девальвацияға" ұшырағаны мәлім. Ұлттық банк дерегінше, доллардың нарықтық бағасы 17 сәуірде 427 теңгеге тең. Салыстыру үшін айтсақ, ҰБ 2019 жылғы 1 қаңтарда 1 доллардың нарықтық құны 384,2 теңге деп мәлім еткен болатын. Демек, шетелдік валюта мен активтерде сақтаулы қордың қаражаты теңгеде көбейіп шыға келуге тиіс еді.

Алайда қазіргі бағамға шақсақ, Ұлттық қорда бүгінде небәрі 26 трлн 112 млрд 544,5 млн теңге ғана бар ($61 млрд 153,5 млн х 427).

Бюджет тапшылығын жабуға билік қордан жыл сайын трансферт қаржы алады. Оны айтпағанда, дағдарысқа қарсы шаралар үшін биыл Ұлттық қордан қосымша 4,4 трлн теңге алынатыны мәлімделді. Рас, пандемия және дағдарыс ары қарай ұзаса, бұл сома да артуы мүмкін. Сарапшылар мұндай қарқынмен Ұлттық қорды тез түгесіп қоюымыз мүмкін дейді. 

"Ұлттық қор активті мемлекетке төрт жыл бойы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға жетеді. Мәселе биліктің ол қаражатты қаншалықты ұтымды жұмсай алуында. Сонша шығын елді дамуға бастай ма әлде әлдебір қалталарға түсіп, шетелге ағып кете ме? Әзірге Қазақстанда ақша бар. Бірақ бізде мемлекеттік аппарат өте әлсіз, әрі тиімсіз", – дейді Ekonomist жобасының негізін қалаушы, белгілі экономист Қасымхан Қаппаров.

Сонымен, депутаттар қолына алатын есепке жүгінсек, былтыр қорға 4 трлн 492,6 млрд теңге түсім түсіпті. Оның 2 трлн 859,2 миллиарды – мұнай секторы компаниялары аударған түсім. Есепте мұнай саласынан түсім жыл сайын азайып келе жатқаны атап айтылады. 2018 жылға қарағанда ол сома өткен жылы 352 млрд 381,9 млн теңгеге немесе 11%-ға азайған. Бұған негізінен, "әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы" себеп көрінеді.

Еске сала кетсек, сала табысы шалқыған 2011 жылы мұнай секторынан 3 трлн 488 млрд,  2012 жылы – 3 трлн 843 млрд, 2013 жылы – 3 трлн 432 млрд, 2014 жылы – 3 трлн 504 млрд теңгеге дейін түсім алынды. Одан кейінгі жылдары төмендеуде.

"Қара алтын" секторынан құйылған қаражаттың барлығы бірдей салық пен бонустар емес. Мысалы, орталық мемлекеттік органдар және олардың аумақтық бөлімшелері мұнай секторы компанияларына жалпы сомасы 7,4 және 11,5 млрд теңге әкімшілік және басқа да айыппұлдар мен санкциялар салған.  

Ұлттық қор тек мұнай түсімінен ғана қордаланбайды. Бұған қоса, республикалық меншікті жекешелендіруден түскен 16 млрд 928,3 млн теңге, сондай-ақ ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің, олардың еншілес және бағынышты кәсіпорындарының активтерін бәсекелестік ортаға тапсырудан 947,9 млн теңге қаражат та бюджетке емес, қорға бағытталған екен.

Есепте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сатудан 222 млн 503 мың теңге түскені көрсетілген. Бірақ оған қанша жер телімі сатылғаны нақтыланбапты.

Ұлттық қордың инвестициялық табысы өткен бір жыл ішінде небәрі 1 трлн 609,1 млрд теңгені құрады. Оның ішінде теңге девальвациясының ықпалы бар екенін ескерсек, инвестициялық табыс сонша қомақты еместігі байқалады.

Былтыр Үкімет Ұлттық қордан 3 трлн 84 млрд теңге шығындады. Соның ішінде 2,7 трлн теңге республикалық бюджетке кепілдендірілген жыл сайынғы трансферт ретінде бағытталды. 370 млрд теңге – ауыл-аймаққа дотациялауға, нысаналы трансферт түрінде жолданыпты.

Назар аударар жайт,  Ұлттық қорды басқару және жыл сайынғы сыртқы аудитті өткізу мемлекетке 13 млрд 987,3 млн теңгеге түскені белгілі болды. Дегенмен, оның аясында қаптаған шенеуніктерге, мамандарға және тәуелсіз сарапшыларға қанша жалақы, бонус, сыйақы төленгені нақтыланбаған.

Өткен жылы Ерболат Досаевтың командасы теңгені девальвациядан қорғау, оның бағамын қолдау шараларын жүргізді. Ұлттық банк Ұлттық қордың тұрақтандырушы портфелінен 9 млрд 59,7 млн доллар қаражатын теңгеге реконвертация жасапты. Нақтылай кетсек, 2019 жылдың үшінші тоқсанында қордың 3 млрд 255,3 млн долларын 385,67 теңге (KZT/USD) бағамы бойынша 1 трлн 255,4 млрд теңгеге, ал IV тоқсанда – 1 млрд 187,2 млн долларын 387,99 теңге бағамы бойынша 460 млрд 645,1 млн теңгеге айырбастапты.

Айтқандай, әлеуметтік желілерде салмақты деген сарапшылардың өзі "Ұлттық қор қаржысы деген шынында бар нәрсе ме? Әлде ол ойдан шығарылған ба?" деген пікір айтып, күмән білдіріп жүр.

Ұлттық қор активтерінің, шын мәнінде, барын Deloitte ("Делойт") жауапкершілігі шектеулі серіктестігі растапты. Парламент қарауына ұсынылғалы отырған есепте қордың қаржылық жағдайы дұрыс көрініс тапқанын да сол куәландырады. Компания 2020 жыл басында Ұлттық қордың 108 млрд 814,2 млн теңге көлемінде кредиторлық қарызы және оған есептелген шығыстары бар болғанына да назар аудартады. Мысалы, активтерді басқару қызметін көрсеткен компаниялар комиссиясы бойынша 8 млрд 836,7 млн теңге берешегі бар. Ал инвестциялық операциялар бойынша кредиторлық қарызы – 37 млрд 907,6 млн теңге.

Ұлттық қор активтерді басқарғаны үшін Ұлттық банк мамандарына 3 млрд 950,8 млн теңге комиссиялық сыйақы төлеуге тиіс. Қор шетелдік сыртқы басқарушылар қызметі үшін 4 млрд 885,9 млн теңге берешегін өтеуі қажет. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу