Ұлттық қор бір триллион теңгеге кеміді

8228

Бұл жайында қаржы ведомствосы жария етті. 

Ұлттық қор бір триллион теңгеге кеміді

"Мысалы, 2018 жылы Ұлттық қорға 3 трлн 200,8 млрд теңге түскен. Ал 2019 жылдың 10 айында түсім 2 трлн 210,9 млрд теңге ғана болған. Ұлттық банктің дерегінше, Ұлттық қор активтерінің валюталық портфелі биыл шамамен 59,3 млрд долларды құрады", – дейді Берік Шолпанқұлов.   

Ол келер жылдың басында Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірге, Ұлттық қорды қалыптастыру және жұмсау туралы жылдық есепті жариялайтынын жеткізді. Онда қор қаражаты қандай жобаларға кеткені, оны сенімді басқару бойынша қаржылық реттеуші қызметінің қорытындылары, кірістер мен шығыстар туралы толыққанды ақпарат беріледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бұл қор тек "қара алтын" сатудан түскен түсімнен ғана құралмайды. Атап айтқанда, оған мұнай секторындағы компаниялардан жыл басынан бері 949 млрд теңге корпоративтік табыс салығы жиналған. "Қара алтын" бағасының қымбаттауына байланысты өндіруші кәсіпорындар өздері тапқан үстеме пайдасынан 110 млрд теңгедей салық төлеген.

Ұлттық қорға бұдан бөлек металл және басқа да пайдалы қазбаларды өндірушілерден 244,8 млрд теңге салық, шикі мұнай, газ конденсатын экспорттаудан 296 млрд теңгедей ренталық салық, "Өнім бөлісу контрактілері" бойынша мұнай кен орындарындағы Қазақстанның үлесінен 544,7 млрд теңгеден астам табыс және осы кен орындарынан аударылған 60,7 млрд теңге қосымша төлем құйылған.

Бұдан бөлек жыл басынан бері бақылаушы-қадағалаушы орталық мемлекеттік органдар және олардың аумақтық бөлімшелері мұнай секторы компанияларына 9 млрд теңгеден астам сомаға әкiмшiлiк айыппұл салған және оған өсімпұл есептеген. Осы орайда жалпы түсімдердің азаюы аясында айыппұл көлемі өскені байқалады. Мысалы, былтыр мұнай өндірушілер 7 млрд 584,8 млн теңге айыппұл арқалады.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін сатудан 175,9 млн теңге түсім түскен. Бұл қаржы да Ұлттық қорға құйылған.  

Жалпы, ең жақсы көрсеткіш 2014 жылы тіркеліпті. Сол жылы Ұлттық қорға барлық көзден 3 трлн 504,6 млрд теңге түскен.

Белгілі бизнесмен Марат Әбдірахманов Ұлттық қор қаражатын шетелде босқа жинақтай бермей, ел ішіне әкеліп, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар тұрғызуды ұсынады.   

"Бізде 4 мың мектеп, 2 мың аурухана, 15 мың ауылдық амбулатория мен емхана және 20 мың шақырым автожолды қайтадан салуға деген қажеттілік бар. Бұл туралы сарапшылар үкіметке біраздан бері айтып келеді. Билік олардың құрылысына қаржы жетпейтінін айтады. Ұлттық қорда сонша ақша жатқанда, әлеуметтік нысандар құрылысына, көпбалалы аналар мен мүгедектерді қорғауға қаржы тапшы деген әңгіме күлкі тудырады", – дейді ол.

Осының алдында белгілі қаржыгер Олжас Құдайбергенов басқа бастама көтерді.

"Жаңа экономикалық саясатқа көшу аясында мемлекеттің сыртқы борышынан бас тартуымыз керек. Мысалы, бізге үлгі Сингапурдың сыртқы қарызы жоқ. Біздің де сол көрсеткішке жетуге мүмкіндігіміз бар. Ұлттық қордың бар қаржысын соған жұмсауға болады. Мәселен, бізде кедендік өткізу бекеттері Қытай қарызына жаңғыртылуда. Бұл мүлдем дұрыс емес. Сыртқы қарыз қаражатын мемлекеттік мақсаттарға жұмсауға болмайды", – дейді Олжас Құдайбергенов. 

Бұл уәжге Қаржы министрлігі қарсы.

Аталған ведмствоның бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов бұл қордың басты мақсаты болашақ ұрпақ үшін жинақ қалыптастыру екенін айтады.

"Бұл қаржы республикалық бюджеттің әлемдегі шикізат нарықтарындағы ахуалға тәуелділігін төмендету үшін керек. Ал 4 мың мектеп, 2 мың аурухана, 20 мың шақырым жолға, көпбалалы аналарға және басқасына қаржы жетпейтініне келсек, Ұлттық қордан онсыз да бюджетке кепілдендірілген трансферт бөлінеді. Оның көлемі жыл сайын жеке анықталып, арнайы заңмен бекітіледі", – дейді Берік Шолпанқұлов.

2017 жылғы бюджетті қарау кезінде Ұлттық қордан алынатын ақша көлемін 2020 жылға дейін біртіндеп 2 трлн теңгеге дейін азайту көзделді. Бұл Елбасының тапсырмасы болатын. Алайда биыл үкімет бұл мақсатты кейінге шегергенін мәлімдеді. Керсінше, алдағы екі жылда билік қордан бюджет шығындарын жабуға әлдеқайда көп соманы – жыл сайын 2,7 трлн теңгеден бағыттайтын болады. 2022 жылы бюджет шығыстарын қаржыландыруға қордан тағы 2,6 трлн теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде мұнай секторы қаражаттары құжат жүзінде қорға түскенімен, іс жүзінде оларды бюджет шығындайды.  

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қазір қор шығысын азайту міндетті орындау мүмкін еместігін мәлімдеді.

"Үкімет тиісті кестені қабылдады. Ол бойынша тек 2022 жылдан бастап, бюджетке алынатын трансферт көлемін 100 млрд теңгеге азайта аламыз. Ары қарай 2023-2025 жылдары жыл сайын 200 млрд теңгеге кемітіліп отырады деп жоспарланған. Сонда Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемі тек 2026 жылдан кейін 2 трлн теңгеге дейін төмендейді", – дейді Руслан Дәленов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу