Пандемия әсерінен қозғалыс баяулаған 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлем экономикасы - 4,7% құлдырайды. Бұған дейін кейбір сарапшылар бұл келесі жылы да жалғасады деп болжаған. Алайда келер жылға санаулы сағаттар қалғанда сарапшылардың аузынан жақсы сөз шықты. Келер жылы әлемдік ІЖӨ 5,1% артып, экономика дағдарысқа дейінгі кезеңге оралады.
Халықаралық нарықты зерттеуші Euromonitor International халықаралық компаниясы 2020 жылғы әлем экономикасының дамуы туралы есеп жариялап, келер жылға арналған болжамымен де бөлісті. Құжатта биыл әлемдік ІЖӨ - 4,2%-дан -5,2%-ға дейін ( дәл ортасы -4,7%) құлдырауы мүмкін екендігі айтылады.
Сарапшылар әр мемлекеттегі дағдарыс әртүрлі болатынын айтады. Мысалы, экономикасы дамыған мемлекеттер көбірек зардап шегеді – оларда тауар мен қызмет өндірісі ІЖӨ-нің 6,2%-ына дейін құлдырайды. Ал дамушы экономикаларда бұл көрсеткіш шамамен 3,5% болады. Дамушы экономика қатарында Қазақстан да бар. ҚР Ұлттық банкінің соңғы болжамына сүйенсек ІЖӨ-нің құлдырауы биыл 2-2,3% болады. Ал жеке сарапшылардың пікірінше құлдырау 3-5% деңгейіне жетпек. Экономист Алмас Чукиннің пікірінше 3-4%, Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы (AERC) 3,6%, Moody's соңғы болжамында құлдырау 2%-ды құрайды деп жазды.
Сарапшылардың пікірінше COVID-19-дың отаны Қытайдың экономикасы басқаларға қарағанда аз зардап шегеді. Желтоқсанның соңында өндіріс көлемі ІЖӨ-нің 1,7% көлемінде өседі. Ал еуроаймақ айтарлықтай зардап шегеді – ІЖӨ-нің құлдырауы 9,4%-ға дейін жетеді.
"Еуроодақтан шығу туралы сәтсіз келіссөздер нәтижесінде Ұлыбританияның экономикалық өсімі тоқтайды. Алайда Брекситке жақсылап дайындалса, 2021 жылы 4%-ға өсуі де мүмкін", - дейді Euromonitor International зерттеушілерінің бірі Гедриус Сталенис.
Гедриус Сталенис әріптесі Дэниел Соломонмен бірге келесі жылы әлем экономикасының дамуы үш сценарии бойынша өрбуі мүмкін дейді. Оның базалаық нұсқасы әлем бойынша вирусқа қарсы жаппай егу 2021 жылдың ортасында басталады. Бұл негізі жыл басында болуды мүмкін, алайда логистика, дәріні жеткізу кедергісіне байланысты жыл ортасына дейін баруы ықтимал. Бұл жағдайда дамыған елдердің экономикасы ІЖӨ-ге 3,8% қосады. Дамушы елдердің экономикалық өсімі 6,1% (мұның ішінде Қытай экономикасы 7,5%) алға жылжиды.
Сарапшылардың тағы бір болжамы бойынша 2020 жылдың соңында әлемдік ІЖӨ 4,8-5,2% төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайда 2021 жылғы әлемдік өсім 2%-ды ғана құрайды. Бұл пандемияның екінші, үшінші толқыны болса ғана орындалуы мүмкін.
Үшінші болжам – вирусқа қарсы егу 2022 жылға дейін шегерілсе, әлемдегі экономикалық жағдай ушығады. Онда әлем экономикасы 5,5%-ға дейін құлдырап, қалпына келуі 2023 жылға қалуы мүмкін.
Құралай Құдайберген