Павлодардың экономикасы мал шаруашылығынан ғана тұра ма?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4908

"Қарапайым заттар экономикасы" аясында жүзеге асырылған жобалардың дені осы салаға тиесілі. 

Павлодардың экономикасы мал шаруашылығынан ғана тұра ма?

Өткен жылы елімізде "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы қолға алынды. Оған 600 млрд теңге бөлінді. Мақсат – өңдеу өнеркәсібін дамыту. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Павлодар облысы өңірлер арасында үздік төрттіктен көрінді. 12,7 млрд теңгеге 67 жобаға қолдау көрсетілді. Ал жыл басынан бергі көрсеткіш бойынша үздік үш өңірдің қатарында келеді.

Бір қызығы, былтыр қолға алынған 37 жобаның 51-і мал шаруашылығын, бесеуі агроөнеркәсіпкешенін қамтыған. Яғни, жобалардың 85 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі деген сөз. Осы орайда, "Павлодар облысының экономикасы тек ауыл шаруашылығынан ғана тұра ма?" деген заңды сұрақ туындайды. Мұның себебін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының Павлодар өңірлік филиалының директоры Айнагүл Байдәулетова түсіндіріп берді.

"2019 жылдың тамызында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына "Агрокредиттік корпорация" қосылды. Сонымен қатар, бағдарламаға жаңа экономикалық қызметтер қосылды. Оның ішінде тамақ өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені де бар. Соның нәтижесінде былтыр Павлодар облысында қолға алынған жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласымен байланысты болды", – деді Айнагүл Байдәулетова.

Атап айтқанда, 56 жоба ауыл шаруашылығын қамтыды. Төрт жоба тамақ өнеркәсібі, үшеуі тағы басқа салалар бойынша жүзеге асырылды. Бірақ, олар да ауыл шаруашылығынан алыс емес. Тікелей байланысы бар. Спорт және туризм бағыты бойынша екі жоба, машина жасау және жиһаз өндірісі бойынша бір-бір жобадан жүзеге асырылған.

"Бағдарламаға "Агрокредиттік корпорация" қосылысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жобалардың саны күрт артты. Себебі, бұл корпорацияның бағдарламаға сәйкес келетін өзіндік клиенттер пулы бар. Корпорация оларға барынша қолдау көрсетті. Әрине, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу де өңдеу өнеркәсібіне жатады", – деп нақтылады филиал директоры.

Осылайша, халық тұтынатын тауарлар өндірісін құру туралы идея жайына қалды да, "Қарапайым заттар экономикасы" ауыл шаруашылығы саласына бағытталған бағдарлама болып шыға келді. Өткен жылдың тамыз айында бағдарламаға өзгерістер енгізілмегенде, Павлодар облысының үздіктер қатарында болуы да екіталай еді.

"Қарапайым заттар экономикасы" күнделікті тұтынатын тауарлар өндірісін қолдауға бағытталған. Бұл бағытқа жататын бірден-бір сала – ауыл шаруашылығы. Себебі, күнделікті өмірде ауыл шаруашылығы тауарларын көп тұтынамыз. Елімізде түрлі мемлекеттік салалық бағдарламалар бар. Ал "Қарапайым заттар экономикасы" ауыл шаруашылығын қолдап жатыр. Жалпы, бұл салаға ерекше қолдау керек", – дейді Айнагүл Байдәулетова.

Оның айтуынша, биыл бағдарламаға тағы бір өзгеріс енгізіліпті. Аталған өзгеріс те ауыл шаруашылығын ынталандыруға бағытталған. Атап айтқанда, осы жылдан бастап бағдарлама несие сомасының 100 пайыз мөлшерінде айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік берді. Тек, бұл артықшылық агроөнеркәсіп кешеніндегі өңдеу саласының жобаларына ғана қатысты болмақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу