Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі туралы айтқан еді. Бұл қаншалықты орындалуы мүмкін? Белгілі экономист Айдархан Құсайыновтың inbusiness.kz-ке берген сұхбатында осы және экономикадағы басқа да өзекті мәселелер сөз болды.
- Айдархан Маратұлы, биыл Ұлттық қордан бюджетке 2,7 трлн теңге бөлінді. Жылдың бітуіне әлі 4 ай бар, бірақ қазірдің өзінде 2 трлн теңгеден артық қаржы жұмсалып қойған. Жыл соңына дейін қарастырылған сомадан артық ақша жұмсалуы мүмкін бе?
- Бұл "голландық ауру" деп аталады. Өйткені кезінде Голландияда Грюнингер деген газ кен орны табылған. Соның арқасында бұл елде ақша көбейіп, халық емін-еркін өмір сүре бастайды. Кейін газ, қаржы барлығы бітеді. Ал өндіріс орындары жабылып қалған. Шетелден зат алайын десе, оған да ақша жоқ. Міне, осындай жайтты "голландық ауру" деп атайды. Әлемде көптеген елдердің экономикасы бұдан өткен. Осы жерден Ұлттық қор идеясы пайда болады. Біз өзіміз еңбекпен тапқан ақшаға өмір сүруіміз керек. Ал жер қойнауындағы байлықтан түскен ақша шетелде доллар күйінде тұрса, ол ұлттық игілік болып қала береді. Біз оны шетелде құнды қағаздарға қаржы салып, ішкі нарыққа кіргізбеуіміз керек. Норвегияда дәл осылай істейді. Олар Ұлттық қордан түсетін пайыздарға әлеуметтік мәселелерді шешеді, бірақ жалпы қордың ақшасына мүлде қол салмайды. Өкінішке орай бізде олай емес...
- Яғни біз де Ұлттық қордан мүлде ақша алмауымыз керек қой...
- Иә, масылдық түсініктен арылуымыз керек. Ұлттық қор бұл – болашақ ұрпақтың қоры емес, ол бос сөз. Ұлттық қор – бұл елдің ішкі экономикасын жойып жібермеу үшін жасалатын механизм. Егер мұнайдан түскен қаржыны түгел пайдаланатын болсақ, оған үйреніп алып, өз бетімізбен жұмыс істеп, өмір сүре алмай қаламыз. Ішкі экономикамыз бәсекеге қабілетті болмайды. Бағамның тұрақталмауы, девальвацияның болуы осының салдары.
- Ал Ұлттық қордан ақша алуды тоқтату үшін не істеуіміз керек?
- Бұл бірінші рет айтылып отырған жоқ. Бұрын Елбасы да айтқан. Қазіргі Президентіміздің тапсырмасы қаншалықты жүзеге асатынын білмеймін. Өйткені Ұлттық қордан ақша алуды доғару үшін қоғамдық пікірмен жұмыс істеу керек. Қоғамның санасын өзгерту керек. Бұрын әкесінен емін-еркін ақша алып үйреніп қалған балаға, бірден ақша жоқ деп айта алмайсың ғой. Оған бірінші түсіндіресің, кейін сырласасың, содан соң өз бетімен ақша табу керек екенін айтасың дегендей...
- Ол үшін халықтың билікке деген сенімін арттыру керек шығар?
- Осы уақытқа дейін бізде көптеген әлеуеттік мәселелер жиналып қалды. Оның бірі —табыс теңсіздігі. Яғни бізде қалталы адамдар бар және жағдайы төмендер көп. Мұндай теңсіздік болған кезде адамдар наразылық таныта бастайды. Оларды басу үшін мемлекет ақша бөледі. Қазір адамдарға не айтсаңда, "сен мені алдап тұрсың" деген ойда болады. Өйткені олар әлеуметтік теңсіздікті көреді, біледі. Сондықтан қазіргі Президентіміздің "барлығын халықтың сенімін қалыптастырудан бастау керек" деген сөздері өте орынды. Бұл ретте, соңғы жылдары Ұлттық қордан жұмсалатын қаржы EXPO сияқты шараларға емес, жиналып қалған әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсала бастағаны көңіл қуантады. Міне, билік тарапынан жасалып жатқан осы қадамдар халықтың сенімін оятады.
- Несие ауыртпашылығын төмендету сол бағыттағы жұмыстың бірі емес пе?
- Несиелерді кешіру - халықтың сенімін арттырудың бір жолы. Біріншіден, бұл бір реттік шара. Ешкімге тағы да несие алыңыз деп айтылған жоқ. Керісінше, біз сіздердің несиелеріңізді жауып бердік, енді олай болмайды, деді. Бұдан былай өмірлік қажеттіліктердің минимумынан аз ақша табатындарға несие берілмейді. Біз саған өмір сүруге ақша береміз, ал сен несиеге өмір сүрме дегенді айтты. Ал егер одан жақсы күн көргің келсе, дамы, ақша тап, кіріс кіргізетін жұмыспен айналыс.
- Президент шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарды салық төлеуден босату туралы шешім шығарды. Бұл бюджетке түсетін қаржы көлемінің азаюына апарып, қайтадан Ұлттық қорға қол салуға негіз болмай ма?
- Салықтан түсетін кірістің 65 %-ы елімізде жұмыс істейтін 300 ірі компаниядан түседі. Ал елде тіркелген 1, 616 млн шағын кәсіпкерлерден түсетін кіріс айтарлықтай көп емес. Шағын бизнеспен айналысатындар кімдер? Олар — биліктен көмек күтіп отырған қарапайым адамдар. Мәселен, менің шашымды қиятын шаштараз, сізді ары-бері таситын таксист, шай мен кофе сататын жеке кәсіпкерлерден айтарлықтай қаржы түспейді. Олар өздерінің күн көрісі үшін ақша тауып жүрген адамдар. Мұндай жеке кәсіпкерлерді қолдаған дұрыс. Бірақ бизнесмендерді емес…
- Бизнесмендерді қолдауға байланысты елімізде көптеген бағдарламалар, орталықтар құрылып жатыр. Ал сіз оларды қолдауға неге қарсысыз?
- Әлемде дамыған елдерде бизнесмендер мемлекетке көмектеседі. Бізде билік көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлер мен кәсіпкерлерге көмектеседі. Яғни, бизнесмендерді осы әлеуметтік топпен қатар қойып қойған. Оларға бюджеттен қыруар қаржы бөліп, орталықтар ашып, жағдай жасау дұрыс емес. Мәселен, кәсіпкерлерге арналған орталықтарға бизнес – жоспар жазуды үйреніп, бизнес бастауға бастапқы қаражат іздеушілер барады. Егер адам ғаламторда тегін толып тұрған бизнес-жоспар үлгілерін пайдаланып, өз бетімен жаза алмаса, оны сүйрегеннен не пайда?! Бизнесмендік ол адамның бойында болатын қасиет. Ол қылқалам өнері сияқты, не адамның қабілеті бар, не жоқ. Бұл жерде мен бизнес бастаушыларды айтып отырмын. Бизнестерін дөңгелетіп отырғандар туралы емес.
- Ал бизнесмендерді мектеп кезінен дайындауға қалай қарайсыз? Мәселен, биылғы жылдан бастап оқу бағдарламасына кәсіпкерлікті үйрететін пән қосылды.
- Мен мұны қолдамаймын. Қаржылық сауаттылық, бизнес негіздері деген түсінік болмауы керек. Бала бар болғаны математика пәнін жақсы оқып, пайыз есептей алуы керек. Егер 18 жастағы ересек адам пайыз есептей алмаса, ол қаржылық сауатсыз болғандықтан емес. Ол бар болғаны математиканы нашар оқыған. Экономика, қаржы саласы түгелдей осы пайыздардан тұрады. Мектепте пайыз тақырыбын 6-7 сыныптарда үйретеді. Осы уақытта балаға дұрыс білім беру керек. Сонымен қатар, білім беретін мұғалімдерге жақсы жалақы төлеу керек. Ақшаны бизнесмендерді қолдауға емес, мұғалімдерді қолдауға, білім саласына құю керек.
- Әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген