Судьялар қауымдастығы Үкіметтен "бюджеттік тәуелсіздік" алуға ниетті

3699

Жоғарғы сот кеңесінің тұрақты мүшелеріне мол жалақы төленуі мүмкін.

Судьялар қауымдастығы Үкіметтен "бюджеттік тәуелсіздік" алуға ниетті

Тәуелсіздіктің бүкіл 30 жылында соттар қызметі де, елдегі сот төрелігі де тоқтаусыз сынға ілігіп келеді. Бұл ретте мемлекеттің қарқынды өркендеуі немесе кері кетіп, дамуда артта қалуы – сот жүйесіне және соттардың тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Себебі, оның қызметі қоғам мен мемлекет өмірінің барлық салаларына таралады.

"Дегенмен, ұзақ жылдар бойы шетелдік серіктестер, халықаралық институттар мен сарапшылар біздегі соттар мен судьялардың шынайы тәуелсіз еместігін айтып, оларды ішкі және сыртқы факторларға, соның ішінде сот жүйесін қаржыландыру мәселелері бойынша үкіметтік құрылымдарға тәуелді деп, Қазақстан билігін сынап келеді. Олардың пікірінше, бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалына, инвесторлардың сот арқылы қорғалуына кері әсер етеді", – деді Жоғарғы сот.

Өз кезегінде Конституциялық кеңес те соттардың қаржыландыру жөнінен әкімдіктерге тәуелді екенін және мұның коррупциялық көріністерге соқтырып жатқанын мәлімдеген-тін. Атап айтқанда, соттар төл бюджетін қалыптастыру, өздерін мүліктік және материалдық қамтамасыз ету үшін жыл сайын атқарушы билік органдарына қол жайып жүгінуге мәжбүр.

Жоғарғы сот мұны сот жүйесінің Үкімет пен оның құрылымдарына тікелей және салмақты тәуелділігі ретінде бағалады.

Бұл олқылықты жою үшін Жақып Асановтың ұжымы "ҚР кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңы жобасының және оған ілеспе заңның тұжырымдамаларын әзірлеп шықты. Оларды Парламент қабылдаса, онда бұдан былай сот жүйесі өз бюджетін өзі түзіп, өзі билейді.

"Осыған байланысты сот жүйесінің бюджетін қалыптастырудың жаңа моделі ұсынылып отыр. Оған сәйкес сот жүйесін қаржыландырудың лимит-шегі бекітіледі. Ол шек барлық меморгандардың бюджеттік бағдарламасы бойынша шығыстарының жалпы сомасына қатысты нақты пайызбен анықталады", – делінген құжатта.

Яғни, жыл сайын республикалық бюджетте қарастырылатын барлық меморгандар шығыстарының жалпы сомасы ішінде сот жүйесі үшін пайыздық шек орнату ұсынылады. Тиісінше, осы лимит аясында қанша ақша жұмсайтынын соттар өздері шешуі керек.

001 бюджеттік бағдарламасы бойынша 2021 жылы Қазақстанда барлық мемлекеттік органдарды ұстап тұру үшін жалпы сомасы 855 миллиард 779,3 миллион теңге бағытталған. Соның 6,5%-ын сот жүйесі үшін бекіту ұсынылды. Сонда сот жүйесін ұстап тұруға жыл сайын шамамен 55 миллиард 625,6 миллион теңге бөлінер еді.

Негізі, сот саласына бұрын бұдан да көп тиетін. Бірақ бүгінде азая бастапты: сот жүйесін республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы сомасы 2020 жылы – 57 миллиард 501,3 миллион теңгені құраса, 2021 жылы біршама құлдырап, 54,1 миллиард теңге болды.

Ресей үлгісінде соттардың қызметі толық көлемде қаржыландырылады. Бұл ретте тіпті Үкіметтің өзі бюджетті нақтылау кезінде соттар шығысын қысқарту өкілеттігін пайдалана алмайды.

Жоғарғы соттың ұсынуынша, бюджетті қалыптастыруды, оны игеру қағидаттары мен бағыттарын судьялардың өзін-өзі басқару органдары жүзеге асырмақ. Бұл іске Үкімет те, әкімдер де араласа алмауы қажет. Ал қаржының жұмсалуын бақылау Есеп комитеті құзырында қала береді.

Тұжырымдаманың тағы бір жаңалығы бар: онда Жоғары сот кеңесінің (ЖСК) тұрақты мүшелеріне Жоғарғы сот судьясының жалақысы деңгейінде жалақы төлеу қарастырылған.

"ЖСК тұрақты мүшелеріне Жоғарғы сот судьясының жалақысы деңгейінде жалақы белгілеу үшін 177 миллион 149,9 мың теңге мөлшерінде қосымша қаржы бөлу талап етіледі", – делінген құжатта.

Ал ресми сайтында ЖСК-ның 11 мүшесі барлығы көрсетілген.

Айта кету керек, биылғы 11 ақпанда басқа судьяның лауазым иеленуіне жәрдемдескені үшін пара алу үстінде Жоғарғы сот судьясы ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осыған орай Жоғарғы сот кеңесі түсініктеме бере отырып, өзінің құрамы жайында хабарлай кетті.

"Әлеуметтік желіде сөз болып жатқан судья 2019 жылғы ақпаннан 2020 жылғы желтоқсанға дейін шынында Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі болды. Заңға сәйкес, ЖСК-ға 10 адам тұрақты мүше болып табылады. Соның 8-і қазіргі кезде судья болып қоса жұмыс істейді. Кеңес мүшелері 1,5 жыл сайын ауыстырылады. ЖСК құрамының соңғы жаңартылуы 2020 жылдың желтоқсанында жүргізілді", – деп мәлім етті кеңестің баспасөз қызметі.

Заманауи билер жаңа заң жобасы арқылы тағы бір жеңілдікке қол жеткізбек ниетте. Нақтылай кетсек, тұжырымдамада "біліктілік емтиханына қайта жіберу мерзімін қысқарту" көзделген.

Жалпы, сот болғысы келетін кандидаттарды біліктілік емтиханы арқылы судья лауазымына іріктеу кезінде олар бірнеше кезеңде сынаққа салынатыны мәлім. Мысалы, біріншіден, психологиялық тестілеуден өтеді, екіншіден, заңнаманы қаншалықты жақсы білетінін көрсетіп, компьютерлік тест тапсырады. Үшіншіден, өз ойын тұжырымдай алатынын, даудың кесімін айта білетінін паш етіп, эссе жазуы және "кейс-міндеттердің" шешімін табуы керек. Одан кейін Жоғарғы сот кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясының мүшелері онымен әңгімеледі.

"Осы 1-ші немесе 2-ші кезеңді еңсере алмаған адамдарға қайта тапсыруға тек 6 айдан кейін ғана рұқсат етіледі. Салдарынан, кезеңдердің бірінен өтпеген кандидат әдетте, 3 айдан кейін өтетін біліктілік емтиханының келесі кезеңіне қатысу мүмкіндігінен айырылады. Қазіргі кезде біліктілік емтиханын сәтті тапсырған адамдардың саны небары 5%-ды ғана құрайды. 2019 жылы 125 үміткердің ішінен тек 10-ы немесе 5,6%-ы, ал 2020 жылы 60 үміткердің бар-жоғы 3-еуі не 5%-ы ғана емтиханнан сүрінбей өтті. Осыған байланысты біліктілік емтиханына қайта қабылдау мерзімдерін қысқарту ұсынылады", – деді Жоғарғы сот.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу