Қазақстан Ұлттық қордың тұтқындалған қаржысын қайтарды

2467

ҚР әділет министрлігі мемлекетіміздің Бельгиядағы сотта жеңіске жетіп, Ұлттық қор қаражаттарының негізгі бөлігін қайтарып алғанын хабарлады.

Қазақстан Ұлттық қордың тұтқындалған қаржысын қайтарды Фото: kursiv.kz

Ведомствоның мәліметінше, бельгиялық сотта кеңестік функционер, қазіргі молдован бизнесмені Анатол Статидің "Қазақстандағы алаяқтығына қатысты іспен байланысты жаңа шешім" шықты.

"Брюссельдің бірінші инстанциядағы соты Қазақстанның Ұлттық қоры активтерінің шамамен 21,5 млрд АҚШ доллары сомасына қойылған алдын ала тұтқындауды жойды. Сондай-ақ сот тұтқындағы қалған 530 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражаттан шектеуді тек ағылшын соттарында алып тастауға болады деп ұйғарды", – деп мәлім етті әділет министрлігі.

Әйтпесе, Ұлттық қордың 22 миллиард доллардан астам активіне тұтқын салуы кесірінен мемлекет біраз шығын шегіп келген көрінеді.

Бұл шешімге рухтанған Қазақстан үкіметі істі аяғына дейін жеткізуге бекінуде: ол кезінде еліміздің мұнай-газ секторына инвестор болып кірген, алайда алаяқтығы үшін активінен айырылған молдован кәсіпкеріне бір тиын ұстатпақ түгіл, керісінше, одан бірнеше жылдан бері шетелдік соттарда соттасу барысында кеткен шығындарды да өндіріп алуға ниетті. Бұл бағытта да алғашқы жеңіс бар: мәселен, таяуда ағылшын соты Статиды Қазақстанның Ұлыбритания арбитражына жұмсаған шығындарын өтеуге міндеттеді.

Қалай болғанда, бельгиялық сот шешімі осы іске нүкте қойған жоқ, тек бұл – 2010 жылы Қазақстан үкіметінің басын шетелдік соттарға сүйреу науқанын бастаған молдован кәсіпкері Анатол мен оның ұлы Габриэль Статимен "шайқастағы" кезекті ұрыс қана.

Бұл даудың ұзаққа созылып кеткені сонша, онда жеңіске жету әділет министрлігі үшін "имидждік" жобаға айналғандай. Оның үстіне Статилер өз "шығындарын" Қазақстаннан өндіріп алу үшін үкіметке қарасты мүліктерді бүкіл Батыс елдері бойынша бұғаттауға кіріскенін әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Демек, Статилердің инвестор емес, алаяқ екенін Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, АҚШ және басқа соттарда дәлелдеп шығу Қазақстан үшін намыспен бірдей еді. Егер осы соттардың бәрінде өз арының таза екенін айғақтай алса, Қазақстан үкіметі инвесторларға еш қас еместігін де растай алады.

Әу баста, Анатол Стати Швециядағы төрелік арқылы Қазақстаннан 4 миллиард АҚШ долларын талап етті, алайда швециялық сот оларға 500 миллион АҚШ долларын кесті. Осы қаражаттың ішінен 199 млн АҚШ доллары газ өңдеу зауыты құрылысына кеткен шығындармен байланысты болған көрінеді.

Кейіннен, АҚШ-та бөлек сот процедурасы арқылы алынған құжаттар арқылы Қазақстан Статидің талаптары "ірі алаяқтыққа негізделгендігі" жөнінде дәлелдерге қол жеткізді. Бірақ неге екені белгісіз, Швеция төрелік шешімнің күшін жоймады және алаяқтық фактісін тіпті мәні бойынша да қарап жатпады. Соған қарамастан, Қазақстанның сұрауымен Англияның Жоғары соты ұсынылған дәлелдерді қарастырып, өткен жылдың маусым айында "швециялық төрелік шешім алаяқтық жолымен алынғандығын білдіретін жеткілікті түрде бастапқы дәлелдер бар" деген қорытындыға келді. Осы шешімге сәйкес, биылғы жылғы қазан айына алаяқтықтың мәні бойынша тыңдау өткізуді белгіледі.

Қазақстанның екпіні мен тепкіні қарқын алғанын байқап, Анатол Стати да шешімді қимылға көшті: бірден жеті елде швециялық сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату бойынша теңдесі жоқ науқан бастап, Қазақстанның Ұлттық банкіне және Ұлттық қорға тиесілі 22 млрд АҚШ долларынан астам сома көлеміндегі активтерге алдын ала тұтқын салғызды. Мұндай масқара қазақ елінің тарихында ешқашан кездеспеген. Бұл ретте тұтқындалған активтердің жалпы құны (22 млрд) швециялық сот кескен сомадан (550 млн) әлдеқайда асып түсетіндігі әділет министрлігі түгіл, халықаралық сарапшыларды аң-таң етті.

Енді міне, осы әділетсіздікті мойындаған Бельгия соты "уақытша тұтқын салу Статидің талаптары мен шығындарының сомасымен ғана, атап айтқанда 530 млн АҚШ долларымен шектелуі керек" деп ұйғара отырып, Статидің стратегиясын шайқалтты. Бұл Қазақстанның Ұлттық банкіне тиесілі шамамен 21,5 млрд доллары көлеміндегі активтерден шектеулердің алып тасталатынын білдіреді. Сонша соманы ел үкіметі қайда жұмсаймын, қайда апарамын десе де өз еркі.

Бұдан басқа, бельгиялық соттың ұйғаруынша, тыйым салу үшін негіздің бар-жоқтығын нақ ағылшын соттары шешуге тиіс. Сондықтан әділет министрлігінің ақпарынша, "Қазақстан үкіметі мен ұлттық банкі тұтқын салынған қаражаттың қалған бөлігінен шектеуді алып тастау үшін алда Англияда тиісті әрекеттер қабылдайтын болады".

"Тұтқын салынатын қаражатты ұлғайту және сол шектеулермен үшінші тұлғаларды қамтуға бағытталған Статидің стратегиясына сызат түсті. Статидің стратегиясы бастапқыдан елімізге қысым көрсетуге бағытталған", – дейді әділет министрі Марат Бекетаев.

Бельгиялық шешім Анатол Стати алаяқтық туралы дәлелдемелер қарастырылатын сот талқылауын аяқтай алмай, Англияда ірі жеңіліске ұшырағаннан кейін бір апта өткен соң шықты.

Стати Англиядағы сот талқылауларын да былтыр қазақстандық активтерге тыйым салуға қол жеткізу үшін бастаған болатын. Алайда білікті ағылшын соты қазақ елі ұсынған алаяқтық дәлелдемелеріне қызығушылық танытып, терең қаза бастағаны сол, молдовалық бизнесмен Англиядағы істі тоқтату жөнінде сәтсіз талпыныс жасады. Өткен аптада тіпті сот талқылауын кейінге қалдыруға тырысты. Бұл үшін Статилер дәл сот отырысы басталғанда, "өз мүдделерін өздері білдіретіндерін" жариялады, өйткені "олардың адвокаттары King and Spalding бірнеше күн бұрын олардың мүдделерін білдіруді тоқтатыпты". Бір оғаштығы сол, King and Spalding адвокаттары дәл сол сот отырысына клиенттерін қорғау үшін келген. Сондықтан бұл дәйектемеге қарсылығын білдірген қазақстандық адвокат осы арқылы Статилердің сотты созбалаңға салуға тырысып отырғанын жариялады. Ағылшын сот осыны қостады. Ақыры лондондық сот істі тоқтатпады, тек "сот талқылауы қазан айында жалғасуы керек" деп шешті және Анатол Статиды Қазақстанның едәуір сот шығындарын төлеуге міндеттеді.

"Статидің схемасы олардың көз алдында бұзылуда. Стати қандай іс-әрекет жасаса да, шындықты жасыра алмайды" дейді қазақстандық әділет министрі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу