Нұр-Сұлтанда көше атаулары жаппай қайта өзгереді

5045

Елорда әкімі Алтай Көлгінов осы шешімді құптады. 

Нұр-Сұлтанда көше атаулары жаппай қайта өзгереді

Бұл науқан астананың барлық аудандарын тегіс қамтиды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихат шешімі жобасында бұл ретте жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілгені айтылады.

Оның үстіне жаңа атауларды қалалық Ономастика комиссиясы биылғы 3 қазандағы және 2019 жылғы 14 қарашадағы қорытындыларымен мақұлдаған көрінеді.

Сонымен әкім мен мәслихат депутаттарының бірлескен шешіміне сәйкес, Нұр-Сұлтанның "Алматы" ауданында мына көшелердің аттары ауысады:

А19 көшеге – Райымбек батыр есімі,

А98 көшеге – Анатолий Храпатый;

№23-6 көшеге – Фазыл Кәрібжанов;

№198 көшеге – Бәйдібек Қарашаұлы есімі беріледі.

"Есіл" ауданында:

№28 көше атауы енді – Әбіш Кекілбайұлы көшесі;

№29 көше – Фариза Оңғарсынова көшесі;

Е356 көше – Қасым Қайсенов көшесі;

Е246 көше – Мақсұт Нәрікбаев көшесі;

Е49 көше – Әбікен Бектұров көшесі деп қайта жазылады.

Елорданың сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталықтан атақты үш биіміз де орын алды. Нақтылай кетсек:

№Е51 көше – Төле би көшесі;

№Е102 көше – Қазыбек би көшесі;

№Е32 көше – Әйтеке би көшесі деп қайта аталады.

Қаланың жаңадан ашылған "Байқоңыр" ауданында Абай даңғылы мен Әлмұқан Сембинов көшелерінің қиылысында таяуда ғана бой көтерген атаусыз аллеяға "Қаламгерлер аллеясы" деген атау бекітіледі.

Бас қаланың "Сарыарқа" ауданында да №167 көше атауына өзгеріс енгізіліп, алда ондағы тұрғын үйлер мен ғимараттар "Қараменде Шақаұлы көшесі" деп белгіленбек.

Бұдан бөлек, келесі жылы астаналық бірнеше көше өзара біріктіріледі.

Атап айтқанда, "Алматы" ауданы аумағында Сарыкөл көшесі №23-8 көшесімен бірігеді. Сонымен бірге оның атауы да ауысады, онда Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі ұлықталады.

Қаладағы "Алматы" және "Байқоңыр" аудандарында да Ақжол, Вишневская және Байырқұм көшелері бір-біріне қосылады. Осылайша, Алматыдағы сияқты, бас қаламызда да ұзын әрі жаңа "Әл-Фараби даңғылы" пайда болмақ.

Сол жағалаудағы "Есіл" ауданында "Арай" саябағы картадан түпкілікті жойылады, ол бұдан былай "Жетісу" саябағы деп қайта аталмақ. Сарайшық көшесіндегі бұл парк өткен жылдан бері ел арасында онсыз да осылай жаңаша аталып жүр. Тек құжатта ескі атауы қалыпты. Жаңа аты енді заңдастырылады. "Арай" аталғанда ол ажарсыз, реңсіз парк болатын. Содан астананың 20 жылдығына сыйлық ретінде Алматы облысы онда 3 миллиард теңгеге кең ауқымды қайта құру жұмыстарын жүргізіліп, еңселі баққа айналдырды. Паркте Жетісу өңірінің барлық көрнекті орындарынан сыр шертетін нысандар қойылған. Мысалы, таудың шағын үлгілері бар "Апорт" алаңы, Тамғалы тас петроглифтері түсірілген тастар орналасқан. Шағын Шарын шатқалы да жасалуда.

Жалпы, атауларға қатысты қарқынды жаңғырулар мұнымен аяқталмайтынға ұқсайды.

Қазіргі кезде қала басшылығы Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұлдың бастамасымен және қоғамдастықтың сұрауымен, Алтын орданың 750 жылдығын атап өту аясында Нұр-Сұлтандағы үлкен көшелердің біріне барлық қазақ ханының ұлы атасы Жошы ханның есімін беру мәселесі пысықталуда. Қала әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, бұл ұсыныс қалалық Ономастикалық комиссияның кезекті отырысында қаралады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу