"S-класс" көлік мінбесе, елшінің ісі бітпей ме?

Дипломатиялық қызметтік көлік құны 8 млрд теңгеден асады. 

"S-класс" көлік мінбесе, елшінің ісі бітпей ме?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың бюджет есебінен қымбат көліктер мен жиһаз алуына, астатөк форумдар өткізуіне ұзақ мерзімді мораторий жарияланатынын айтты. Бұл жаңалықты қарапайым халықтың неліктен жылы қабылдағанын төмендегі сандармен түсіндіруге болады. Мемлекеттік органдар көлік сатып алуға ғана жыл сайын миллиардтап ақша жұмсайды. Мұны біз Қаржы министрлігінің дерегіне сүйеніп айтып отырмыз. Мысалы, 2018 жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен  99,5 млрд теңге шығындалған. Жергілікті әкімдіктер де бұл жағынан елордалық басшылардан қалысар емес. Өңірлік бюджеттерден көлік сатып алуға бір жылда 23,7 млрд теңге жұмсалған.

Көлікке көп шығындалатын органның бірі – Сыртқы істер министрлігі. Мемлекеттік реестр сайтындағы мәліметке сүйенсек,  Қазақстан елшіліктерінің иелігінде 2017 жылы 607 көлік болса, 2018 жылы олардың саны 510-ға азайған. Ресми деректерде СІМ-нің 62 елдегі өкілдіктерінің көліктері туралы мәлімет бар. Бір қызығы, АҚШ-тағы елшіліктің көліктері туралы ақпарат жоқ.

Көлікке ең бай қазақстандық дипломатиялық корпус – Ресейдегі елшілік. Ресми Мәскеудегі СІМ өкілдері 51 көлік тізгіндеп жүр. Сыртқы тауар айналымының бестен бір бөлігі осы Ресеймен жасалады. Екінші тұрған Қытайдағы елшілік қызметкерлері 34 автомобиль тізгіндеп жүр. Сыртқы сауда айналымының 14,8%-ы оңтүстіктегі көршімізге тиесілі.  Бюджет есебінен 21 көлік ұстап отырған Түркиядағы елшілігіміз үшінші орында тұр. Бұл елмен сауда айналымы жалпы үлестің 3,2%-ын алып отыр. 4-орынға 18 көлікпен  Франциядағы елшілік, бесінші орынға 16 көлігі бар Өзбекстандағы корпус жайғасқан. Беларусь елінде - 14, Қырғызстан  мен Біріккен Араб Әмірліктерінде 12 көлік тіркелген. Алғашқы ондықты 11 көлік иеленген Үндістан мен Литвадағы елшілік түйіндеп тұр. Әзербайжан, Италия, Украина, Чехия және Жапониядағы дипломатиялық қосында – 10 көліктен тіркелген. Египет, Израиль, Иран, Катар, Малайзия, Польша, Сауд Арабиясы, Тәжікстандағы елшіліктердің әрқайсында 9 көліктен бар. Аустрия, Германия, Кувейт қосындарында 3 көлік, Ливан, Молдова және Оңтүстік Корея корпусында 2 көлік, Канада, Сирия, Эстонияда 1 көлік тіркелген.

Көлік паркі ең қымбат елшілік те Ресейде. Мұндағы автомобильдер құны – 2 млн долларға жеткен. Қытайдағы елшілік – 1,2 млн доллардың, Түркиядағы елшілік 1,07 млн, Беларусь еліндегі корпус 723мың , Франциядағы қосын 660 мың, Өзбекстан дағы елшілік 655 мың, БАӘ қосыны 633 мың, Қырғызстандағы елшілік 582 мың, Жапония дағы корпус 509 мың доллардың көлігін сатып алған.

СІМ соңғы үлгіге әуес

СІМ-нің көлік сатып алу саясатына зер салған адам тек соңғы үлгідегі көліктер сатып алуға тырысатынын көреді. Тіркелген көліктердің  99%-ы шыққан жылы сатып алынған. Солардың ішінде ең қымбат темір тұлпарды Беларусьтегі елшілік өкілдері тізгіндеп жүр. 2012 жылы сатып алынған Lexus LX 570 көлігі 151 мың долларға түскен. Ал Оңтүстік Африкадағы елшілік 2014 жылы MERCEDES-BENZ S400 көлігін 148 мың долларға сатып алған. Үшінші  орында Түркіменстандағы елшіліктің 140 мың долларға сатып алған MERCEDES-BENZ  350 көлігі тұр.  БАӘ-дегі қосын 2013 сатып алған MERCEDES BENZ S400 L көлігі ел бюджетіне $139,7 мың доллар шығын келтірген. Ташкентте тіркелген тағы бір MERCEDES BENZ S400 көлігі 104 мың долларға шыққан.

Бұл мәліметтер ең қымбат көлікті ТМД елдеріндегі елшіліктер тізгіндеп жүргенін көрсетеді. ТМД-дағы қосындарда 13, Таяу Шығыстағы елшіліктерде 5, Азия мен Африкада 3, Еуропада 6 қымбат көлік тіркелген.

Сыртқы істер министрлігіне қарасты 510 автомобильдің  202-сі (40%) Toyota маркалы.  Сондай-ақ 102 Mercedes, 50 BMW, 38 Volskwagen, 12 Audi, 10 Kia, 10 Nissan, 7 Hyundai, 7 Lexus маркалы көлік бар. Қалған 72 автомобильдің маркасы әртүрлі.

Көлік құны тауар айналымынан қымбат

Кейбір елшіліктердің көлігінің бағасы арадағы тауар айналымының көлемімен қарайлас. Мысалы, Катар мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2018 жылы 423 мың доллар болған. Ондағы елшілік қызметкерлерінің астындағы 9 көліктің ортақ бағасы 208 мың доллар. Ал Эфиопиядағы дипломаттарымыз көлік алуға кеткен шығынның өзін ақтамай отыр. СІМ балансындағы ең қымбат көліктің бірі осы елдегі елшілікке тиесілі. Меrcedes-Benz S400L AMG көлігі 2014 жылы 126,6 мың долларға сатып алынған екен. Бұл елмен арадағы тауар айналымы 82 мың доллар ғана. Жалпы аталмыш елшілік өкілдері жалпы құны 218 мың доллар болатын 5 көлік мініп жүр.

Қазына есебінен жайлы көлік тізгіндеп, жағасы жайлауда жүрген елшіліктер Индонезиядағы дипломатиялық корпустан үлгі алса, қанеки? Бұл елдегі СІМ өкілдері темір тұлпар орнына велосипед таңдапты. Олар әзірге халықтың салығынан түскен қазынаға үнеммен қарайтын жалғыз елшілік боп тұр.

Қымбат көлік қыруар инвестиция әкеле ме?

Елшілік өкілдерінің астындағы көлік пен тауар айналымының арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Мысалы, 2018 жылы Франциямен арадағы тауар айналымы 3,9 млрд доллар болса, Оңтүстік Кореямен тауар айналымы 3,2 млрд доллар болған. Париждегі Қазақстан өкілдері 18 көлік тізгіндеп жүрсе, Корея Республикасындағы елшіліктің балансында 2 көлік қана бар. Швейцария (2,8 млрд доллар) мен Өзбекстандағы  (2,5 млрд доллар) елшіліктердің көрсеткіштері де осыған ұқсас. Дей тұрғанмен, ресми Ташкенттегі СІМ өкілдері 16 көлік ұстаса, Женевадағы дипломаттар 8 көлікті місе тұтып жүр.

Қарабайыр қисынға салсақ, қымбат көлік тізгіндеп жүрген елшілік өкілдері елге қыруар инвестиция тартуы керек емес пе? Бірақ дипломатия дейтін дүние ондай қағидаттарға бағынбайтын сыңайлы... СІМ балансындағы ең қымбат саналатын көліктердің бірі Израильдегі елшілік балансында тұр. Mercedes Benz S 450 көлігін елшілік 2018 жылы 101 мың долларға сатып алған. Ұлттық банк дерегіне сенсек, осы жылы Тель-Авив тарапы Қазақстан экономикасына 600 мың доллар салған.

Иорданиядағы елшіліктің баласында 2011 жылы 107 мың долларға сатып алынған Mercedes Benz S 350 маркалы көлік бар. Бұл елден экономикамызға 2018 жылы 300 мың доллар инвестиция тартылыпты.  Ал Сауд Арабиясындағы елшілік өкілдері 9 көлік тізгіндеп жүр. 2018 жылы бұл елден келетін инвестиця көлемі 2017 жылмен слаыстырғанда 2 млн долларға кеміген. Норвегиядағы елшілік 2013 жылы 11 мың долларға Mercedes Benz S 400 көлігін сатып алған. Сол жылы экономикамызға 19,2 млн доллар тартылса,  2014 жылы инвестиция көлемі $38,8 млн долларға артқан. 2018 жылы инвестиция көлемі 1,1 млн теңгеге жеткен. Елшілер мінген көлікті инвестиция көлемімен салыстырып қарайтын болсақ, автомобиль паркі қымбатқа түскен елдердің көбі экономикамызға мардымсыз қаржы құйғанын көруге болады. Ал Қазақстан үшін негізгі инвестиция донорлары – Ресей, Қытай, Нидерланд, АҚШ және Швейцария.

Елшілік қызметкерлерінің мінген көлігі ғана емес, баспанасы мен қамсыз өмірі де елдегі салық төлеушілердің мойнында екенін ұмытпаған жөн.

Майра Медеубаева

Аударған – Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу