AidData: "Қоғамдық дипломатия қазақтардың жүрегі мен санасына жол таба алмады"

4883

Қытайдың Оңтүстік Азия және Орталық Азияда елдеріне инвестициясы туралы жаңа зерттеу жарияланды. 

AidData: "Қоғамдық дипломатия қазақтардың жүрегі мен санасына жол таба алмады"

Американың AidData зерттеу орталығы сейсенбі күні Оңтүстік және Орталық Азияның 13 елінде Қытай жүргізіп жатқан мемлекеттік стратегиялық дипломатияның нәтижелері жайлы жаңа мәліметтер мен сараптама қорытындысын жариялады.  

92-беттік баяндамаға жүгінсек, Қытайдың ресми агенттіктері мен банктері 2000-2017 жылдары осы екі аймақтағы қаржылық дипломатияға 126 миллиард доллар жұмсаған. Бұл инвестицияның 120 миллиарды инфрақұрылымдық жобаларға бағытталыпты. Өзге бір бөлігі гуманитарлық көмекке, бюджетті қолдауға және қарызды қайтаруға арналған.

"Бейжің бұл аймақтағы қоғамдық дипломатия бастамаларының көлемі мен тәжірибесін бірте-бірте арттырды. Алайда инфрақұрылымдар оның қаржылық дипломатиясының бір бөлігі ретінде өзінің көлемімен басқа дипломатиялық әрекеттерді көлеңкеде қалдырды", - дейді AidData зертханасының саяси сараптама директоры Саманта Кастер.

Инфрақұрылымдық инвестициялардың 85 пайызы құрылыс жобаларына құйылған. Ал, екі ел Бейжіңнің қаржылық дипломатиясы аясындағы инвестициялардың жартысын иеленіпті. Олар:  "Бір белдеу, бір жол" инициативасына алғашқылардың бірі болып қол қойған Пәкістан және Қазақстан. 17 жылда Пәкістан өзінің бәсекелесі - Үндістанмен салыстырғанда Қытайдан қаржылай көмекті алты есе көп алыпты.

Жаңа баяндаманы әзірлеу үшін AidData зерттеушілері, ең алдымен, Қытайдың үкіметтік мекемелері, мемлекеттік коммерциялық банктері, инвестициялық қорлары берген пайызсыз заемдар, жеңілдетілген несиелер, гранттар туралы ақпараттарды жинастырған.

Қытай өзінің позитивті имиджін қалыптастыруға арналған инвестицияларынан пайда көріп отыр ма? Зерттеушілер сандық деректерге қоса, Оңтүстік және Орталық Азияның алты еліндегі 145 ұйымда жұмыс істейтін 216 адам арасында сауалнама жүргізіп, Бейжіңнің қоғамдық дипломатия саласындағы іс-әрекеттері қалай қабылданып жатқанын білмек болды.

"Белгілі бір дәрежеде азаматтар өз елдеріндегі Бейжіңнің қаржылық дипломатиясына екіұдай пікір білдірді. Біреулер Қытай басшыларының әрекетін дұрыс қабылдамаса, кейбіреулер аздап қана мақұлдап отыр. Бейжіңнің экономикалық серіктес ретіндегі рөліне көзқарастың былайша қалыптасуына Қытай үкіметінің қаржылық көмекті қытайлық фирмалармен, жұмысшылармен, құрал-жабдықтармен байланыстыруы себепші. Осыған мысал ретінде біз Бейжіңнің 2000-2017 жылдары қаржыны қытайлық фирмалар мен қытайлық мигранттар көбірек шоғырланған елдерге молырақ бөлу үрдісін байқадық. Кейбір жағдайларда Қытайдың мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларының тиімділігі мен әділдігіне күдік туындады", - дейді AidData директорының орынбасары және зерттеу авторларының бірі Сиддхартха Гозе.

Есепте айтылғандай, экономикалық тұрғыдан қытайлық лидерлер Оңтүстік және Орталық Азия аймақтарында бірнеше мақсат қойып отыр: Бейжіңнің мол валюталық резервін кәдеге жарату, жеңілдетілген екі жақты сауда және инвестициялық келісімдер жасау, Қытай тауарларын шетелге тасымалдайтын тиімді жолдар салу және энергия мен шикізаттың жаңа көздеріне қол жеткізу.

Сонымен қатар, зерттеушілер көмек алушы елдерден Қытайдың осынау стратегиясының сыртқы саяси мотивтерін сипаттап беруді сұраған.

Бангладеш, Қазақстан, Мальдив аралдары, Непал, Шри-Ланка, Өзбекстан тәрізді алты мемлекетте жүргізілген сауалнамаға қарағанда, Бейжің Оңтүстік және Орталық Азия елдерінде "бөлінбейтін Қытай" принципіне мықты қолдау табуды, Қытай экспорты мен импорты өтетін жолдардың қауіпсіздігін және  Шыңжаң мен Тибеттің тұрақтылығын нығайтуды, Ресей, Үндістан тәрізді  стратегиялық бәсекелестерінің гегемониясына қарсы тұруды, өзінің ішкі саясатына айтылатын сынды азайтуды көздейді. 

Зерттеуші топ қаржылық дипломатиядан бөлек, қоғамдық дипломатияның өзге төрт түрі бойынша мәліметтер мен сараптама ұсынып отыр. Олар: ақпарат/медиа, мәдениет, алмасу, элита-элита деп бөлінеді. Команданың айтуынша, бұлар – ықпал етуге қолайлы көпадамдық кеңістік. Дегенмен, Оңтүстік Азия тұрғындары мәдени, тілдік және тарихи тұрғыдан Үндістанмен көбірек байланысты болса, Орталық Азия бұл жағынан Қытайдан гөрі Ресейге жақын. Баяндаманың өзге бір қорытындыларына төмендегідей жайттар кірді:

Бейжің Оңтүстік және Орталық Азия аймағындағы бұқаралық ақпарат құралдарымен серіктестік байланыс орнатып, соның ішінде Үндістан мен Қазақстанға көбірек мән беріп отыр. Дегенмен, зерттеушілер Қытай саяси элиталармен байланысты дамытып жатса да, Бейжіңнің Оңтүстік Азия мен Орталық Азияға ұсынған көмегінің 41 пайызын иеленген Қазақстанда қарапайым халық "жалпы алғанда Бейжіңге күмәнмен қарайды" деген пікірде.

"Бейжіңнің қоғамдық дипломатиясы саяси элитадан қолдау таба білсе де, қарапайым қазақтардың жүрегі мен санасына жол таба алмады", - деп жазылған AidData зертханасының есебінде.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу