"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша жеке құрылыс салумен айналысатын кәсіпкерлердің кредитін субсидиялаумен айналысады. Осылайша, қор мемлекеттік бағдарламаға қатысатын бизнесмендерге қолдау білдіруге бейілді. Алайда, Павлодар облысында бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланатын кәсіпкерлердің қатары тым аз. Сондықтан, "Даму" қорының жергілікті филиалы мен әкімдіктер жаңа құрылыс салушыларды іздеуге мәжбүр.
Деректерге сүйенсек, былтыр Павлодар облысында жылжымайтын мүлік секторына 25,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында бұл бағытқа 427,4 млрд теңге инвестиция бағытталған.
"Өкінішке қарай, Павлодар облысында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниетті құрылыс салушылар жоқ. Әйтпесе бағдарламаға қатысқан кәсіпкерлердің 7 пайызға дейінгі пайыздық мөлшерлемесін мемлекет субсидиялап береді. Алайда, павлодарлықтар бұл мүмкіндікті пайдаланбай отыр", – дейді "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры Павлодар өңірлік филиалының директоры Айнагүл Байдәулетова.
Десе де, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қордың өңірлік филиалы 1029 жобаға 31,8 млрд теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсеткен. Сонымен қатар, Павлодар облысы жобаларды субсидиялау және кепілдендіру бойынша өңінлер арасында топ бастап тұр.
2019 жылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін 250 жоба пайдаланған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 468 пайызға жоғары. Кәсіпкерлерге шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Субсидияланған жобалардың 46 пайызы ауылдық елдімекендерге тиесілі. Аталған көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден төрт есе жоғары.
Өткен жылы жалпы сомасы 3 млрд теңгеге кепілдік беру бойынша 185 келісімшартқа қол қойылған. 2018 жылы небары 885 млн теңгеге кепілдік беру бойынша 71 келісім жасалған болатын. Сонда 2018 жылмен салыстырғанда кепілдендіру бойынша қол қойылған келісімшарттар 161 пайызға ұлғайып отыр. Жалпы, көп қаржыландырылған салалар бойынша өңдеу өнеркәсібі алда тұр.
"Иә, облыс бойынша оң динамика байқалып отыр. Демек, кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларға сенім арта бастады. Десе де, 2018 жыл мен 2019 жыл арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Осыған түсінік бере кеткен дұрыс. 2018 жылы облыстың көрсеткіштері тым төмен болды. Оның үстіне 2018 жылы жүзеге асырылуға тиіс жобалардың біразы 2019 жылға шегерілді. Осы себепті айтарлықтай айырмашылық орын алды", – деді филиал басшысы.
Шынында да, 2018 жылы Павлодар облысы бойынша небары 22 жоба кепілдендіріліп, 18 жоба субсидияланған болатын. Мұндай төмен көрсеткіш 2018 жылғы қаржыландыру дефицитімен байланысты. Соған қарамастан, мемлекеттен субсидия алуға ниетті кәсіпкерлердің саны күрт көбейіп, кезек 2018 жылға ауысқан.
Жоғарыда аталып өткен деректердің барлығы "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Бұл бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған. Бағдарламаға сәйкес, кәсіпкерлер жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құруға тиіс. Әсіресе, кәсіпкерлер экономиканың шикізаттық емес секторында жаңа жобаларды жүзеге асыруы керек.
Деректерге сүйенсек, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының қатысушылары 2010-2018 жылдар аралығында мемлекет қазынасына 77,99 млрд теңге салық төлеген. Ал осы аралықта мемлекет тарапынан берілген субсидиялардың көлемі 13,31 млрд теңгені құрады. Демек, мемлекет қаржысы өз тиімділігін көрсетті. Яғни, мемлекеттің 1 теңгесі 6 теңге көлемінде салықтық түсім әкелген. Бұдан бөлек, 12,2 мың жұмыс орны ашылған.
Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаның бірі – "Еңбек". Мемлекеттік бағдарлама арқылы бизнес субъектілері жылдық алты пайызбен жеңілдетілген кредит ала алады. 2019 жылы "Еңбек" бағдарламасы бойынша Павлодар облысына 543,6 млн теңге бөлінген болатын. Аталған сомаға 57 жоба рәсімделген. Оның 52-сіне кепілдік берілді. Қаржыландырылған жобалардың дені сауда саласын қамтып отыр. Жобалардың 39 пайызы осы салаға тиесілі. Биыл бұл бағдарламаға 862,1 млн теңге бөлінген.
"Даму" қорының өңірлік филиалы биыл 2,13 млрд теңгеге жобаларды субсидиялауды және 150 млн теңгеге кепілдік беруді жоспарлап отыр.
Фархат Әміренов