Экономикалық ахуалға қарамастан кәсіпкерлік даму үстінде

Кәсіпкерлердің 260 млн теңгеден аса қаражаты сақталып, кедергі жасаған 11 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  

Экономикалық ахуалға қарамастан кәсіпкерлік даму үстінде

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бизнес өкілдері алдында кәсіпкерлік саласындағы түйінді мәселелерді, атқарылған жұмыстарды саралап берді.

Құмкөл кен орны ашылғалы аймақ экономикасы мұнайға тәуелді болғаны анық. Бүгінде мұнай өндірісінің көлемі жылдан-жылға кеміп келеді. Мәселен, соңғы 7 жылда мұнай өндіру екі есеге азайып, 5,5 млн. тоннаға дейін төмендесе, биыл 1 млн. тоннаға кемиді деген болжам тағы бар. Осыған орай, облыста шағын және орта бизнесті өркендетіп, өндеу өнеркәсібін әртараптарандыру маңызды болып тұр.

"Біз бұған тек шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізе аламыз. Өңірде 46 297 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасауда (дара кәсіпкерлер – 70%, шаруа қожалықтары – 17,8%, заңды тұлғалар – 12,2%). Өнім де, өсім де он пайызға жуықтайды. Былтыр шағын және орта кәсіпкерлікте 285,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл соңғы 3 жылда жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 18%-ға өскенін көрсетеді. Осы салада 92 223 адам жұмыс істеуде. Бджетке 73,8 млрд. теңге салық түсіп, 10,6% өсім көрсетті", –  деді палата басшысы.

Байқағанымыздай, экономикалық ахуалға қарамастан кәсіпкерлік даму үстінде. Дегенмен, тоқмейілсуге болмайды. Мұнай өндірісінің төмендеуі қайта шағын және орта кәсіпкерлерді әрі қарай дамытуға қамшылай түсу керек.

"Біз азаматтарды кәсіпкер болмай жатып, идея туындағаннан сүйемелдейміз. Біздің жұмысымызды сіздердің сұраныстарыңыз қалыптастырады. Былтыр кәсіпкерлік негіздерін оқытуды көздейтін "Бизнес мектеп" жобасының 3 компоненті бойынша 2059  адам оқып 403,5 млн теңгенің 284 жобасы қаржыландырылды. "Бастау бизнес" жобасы бойынша 3140 азамат оқып, 858,8 млн теңгені құрайтын 1223 жоба қаржыландырылды. Ал "Жас кәсіпкер" жобасымен 1100 жас білімін жетілдіріп, нәтижесінде 301,9 млн теңгенінің 578 жобасы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен облыста мемлекеттік гранттар ұсыну үшін 1 367,0 млн. теңге бөлініп, қатысушылардың 3177 жаңа бизнес-идеялары қаржыландырылды. Оның ішінде, 820 қатысушыға 100 АЕК көлемінде және аз қамтылған және көп балалы отбасылар, еңбекке қабілетті мүгедектердің, жастардың жаңа бизнес-идеяларына 200 АЕК көлемінде 2 297 мемлекеттік грант ұсынылды", –  деді Ғалымбек Жақсылықұлы.

Аяққа тұрған кәсіпкерлердің басты проблемасы – жобаларын қаржыландыру және өндірілген тауарын өткізу және кадр мәселесі. "Атамекен" ҰКП жалпы адами капиталды дамыту бағытында "Дуальды оқыту жүйесінің Жол картасы", "Кәсіптік бағдар беру жұмысының Жол картасы", "Кәсіпкерлік негіздері" бағдарламалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. Палата басшысы мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең әуелі адами ресурстардың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті.

"Бүгінде білім саласы қарқынды түрде дамуда және кәсіпкерлік саласы оның негізгі драйверіне айналып отыр. 2014 жылы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бастамасымен пилоттық негізде "Кәсіпкерлік негіздері" пәні Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназиясында енгізілген болатын. Жобаның нәтижесі, пәннің тиімділігі ескеріліп, "Атамекен" ҰКП мен Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 2019-2020 оқу жылынан бастап "Кәсіпкерлік негіздері" пәні республиканың барлық мектептерінің 11 сыныптарына және ЖОО мен колледждердің оқу процесіне енгізілді. "Кәсіпкерлік негіздері" пәні 95 орта мектепте, 16 колледжде және 1 ЖОО-да оқытылып, 2805 мектеп оқушысы, 1500 колледж студенті және 1000 ЖОО студенті теориялық және практикалық білім алып, бизнес жобаларын қорғады. Сонымен бірге, "Дуальді білім беру жүйесінің Жол картасы" 536 кәсіпорын және 24 колледж 4341 студент үшін 32 мамандық, 58 біліктілік бойынша экономиканың 11 саласына бағытталған оқу процесін ұйымдастырды. Оқыту қағидаларына сәйкес студенттер 30-40% уақыттарын колледжде теориялық білімге жұмсаса, 60-70% өндіріс орнында өткізеді. "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының" 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту процесі "Атамекен" ҰКП Реестріне енген оқу орталықтарының өндірістік алаңдарында өтуде. Бұл қысқа мерзімде сапалы, білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік берді" –  деді ол.

Банктер экономиканың күретамыры және кәсіпкерлікті дамытуға ықпалы зор. Дегенмен, былтыр банкттердің шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруы 24,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,5%-ға (26,9 млрд.теңге) төмендеген. Мемлекеттік қаржылай қолдау банктік несиелердің жартысын ғана қамтып отыр. Кәсіпкерлердің мәліметінше, банктер қаржы көрсеткіштері мен кепіл-мүліктер бойынша қатаң талаптар қояды, көп құжаттар талап етеді және ұзақ қарайды. Осының салдарынан кәсіпкерлер тұтыну мақсатындағы несие алуға мәжбүр.

Былтырғы жылдың басты жаңалығы "Қарапайым заттар экономикасы". Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы қабылданды. Арнайы өңірлік жобалық кеңсе құрылды. Кеңсе ұсынысымен басым жобалар тізіміне жылқы, түйе, қой, ешкі, құс, тауық, қаз, балық өсіру, тұзды қайта өндеу, бетоннан материалдар, силикат кірпішін шығару сияқты қызметтер енгізілді. Қорытындысында Жобалық кеңсенің қарауындағы 110 жобаның 49-ы (6,5 млрд. теңге) банктермен және Аграрлық несие корпорациясымен мақұлданған.

"Несие алып, жобаны іске асырғаннан кейінгі негізгі проблема – өндірілген тауарды өткізу, сата білу. Сондай-ақ, аймақта тұралап қалған жеңіл өнеркәсіпті аяққа тұрғызып келеміз", –  дейді палата басшысы.

"Осы мақсатта былтыр жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссия құрылды. Өйткені, жергілікті мемлекеттік сатып алулардың бюджеті – 152 млрд. теңге, өңірдегі "Самұрық-Қазына" қорына кіретін ұйымдардың бюджеті – 42 млрд. теңге және жер қойнауын пайдаланушы мекемелердің бюджеті – 29 млрд. теңге. Көріп отырғандай, бұл қаражатты жергілікті тауар өндірушілерге бағыттау қажет.    

Былтыр "Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы" құрылып, мектеп оқушыларының формасын тігу бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Оған 180 тігіншісі бар 17 тігін шеберханалары мен цехтары тартылды. Қызылорда қаласындағы 33 мектеп оқушыларының 5 мың оқу формасы тігілді. Бұл жұмыстар нәтиже берді. 2018 жылдың қортындысымен облыста жеңіл өнеркәсіп саласында өнім өндірісі 31,4%-ға төмендеп, 1,4 млрд. теңгені құраса, 2019 жылдың қорытындысымен 34%-ға ұлғайды. Жобаны кеңейту және аудандарда іске асыру қарастырылуда, - деді Ғалымбек Жақсылықұлы.

Кәсіпкерлік үнемі қолайлы ахуалда дами бермейді. Ол тіршілік кезеңінде небір кедергілерге тап болады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлер палатасы қызметінің басты бағыттарының бірі.

"Бұл тұрғыда Палатаға бизнесті қорғау бойынша 2019 жылы 286 арыз келіп түсті. Орташа есеппен Палата сарапшылары түскен өтініштердің 46  пайызында (131 жағдайда) оң шешімге қол жеткізе алды. Сарапшылар 90-нан аса сот отырыстарына қатысты. 2019 жылды 2018 жылмен салыстыратын болсақ, Палатаға келіп түскен өтініштердің саны 41%-ға артса, оң шешімін тапқан өтініштер 43%-ға артты. Кәсіпкерлерге қатысты сот отырыстарының саны 21%-ға өскен. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлердің Палатаға деген сенімінің артуымен қатар, кәсіпкерлік қызметтегі проблемалық мәселелердің артуында көрсетіп отыр. Проблемалар жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, салық және мемелекеттік сатып алу салаларында орын алып отыр. Өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 260 млн. теңгеден аса қаражаты сақталып қалды. Кедергі жасаған 11 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соңғы үш жылда кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін шектеген немесе бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар саны артып, кәсіпкерлікке келтірілетін кедергілердің көбеюіне әкеліп отыр.   

Палата жанында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Былтыр кеңес отырысында 14 жүйелі мәселелердің 9-ы оң шешімін тауып, 200-ге жуық кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілді", –  деді Ғ.Жақсылықов.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу