Қызылорда облысында төтенше жағдайдан кейінде карантиндік режим сақталып отыр. Өйткені, күннен-күнге пандемияның өршу қаупі әлі де басылар емес. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына да зиянын тигізуде. Кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу арқылы алған тапсырыстарын, қызметтерін уақытында орындай алмай отыр. Заңда бұндай жағдайда тапсырыс берушілер "жосықсыз деп" тану үшін сотқа беруі мүмкін.
Осындай күрделі мәселе туындайтынын біліп, алдын-ала дабыл қаққандардың бірі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Рустам Жүрсінов болатын. Бизнес омбудсмен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне арнайы хат жолдағанды. Нәтижесінде министрлік те облыс әкімдіктеріне және квазисектор субъектілеріне өнім берушілерге шаралар қолданбау жөнінде ұсыныстар берілді.
Бұл мәселеге байланысты үстіміздегі жылдың 20 наурызында Үкімет "Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" қаулы қабылдаған еді. Аталмыш құжатты қабылдауға Президенттің "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" 16 наурыздағы Жарлығы негіз болды.
"ТЖ, карантин кезеңінде кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу арқылы алған тапсырыстарын мерзімінде орындай алмай жатыр. Заң талабы бойынша мемлекеттік орган өкілдері ол үшін "жосықсыз деп" тану үшін сотқа беруі қажет. Алайда бұл жерде кәсіпкердің де кінәсі жоқ. Себебі алған міндеттемесін орындауға шектеу шаралары кедергі болып отыр", – деді палата директоры.
Шешімі қиын, талабы зор қордаланған мәселелерге орай облыстық Кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік желі арқылы кәсіпкерлердің сұрақтарына сот және аудит маманын шақырып сауалдарына бірге жауап іздеді.
Тікелей онлайн эфирге облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Бақытбек Елшібеков, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев және кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов және кәсіпкерлер қатысты.
"Кәсіпкерлердің мәселесін түрлі деңгейдегі соттар да жақсы түсініп отыр. Төтенше жағдайдан кейін мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге жазылған талап арыздар қатары артқан. Осыған орай, "Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот тәжірибесінің кейбір сұрақтары бойынша түсіндірмесі туралы" ҚР Жоғарғы сотының 6 мамырда нормативтік қаулысы қабылданған еді. Осы үшін аталмыш құжатқа түсіндірме беру үшін тікелей эфирді ұйымдастырдық", – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Тікелей эфирде кәсіпкерлер тарапынан спикерлерге бірнеше сұрақтар қойылды.
ТЖ кезінде облыстық МАЭ соты істерді онлайн режимде қарауда. Жыл басынан бері 900-ге жуық іс қаралса, оның 300-ге жуығы карантин режимінде қаралғанын айтқан сот төрағасы Бақытбек Елшібеков "Бізде тапсырыс берушілер мен кәсіпкерлер арасындағы дау, яғни жосықсыз қатысушы деп тану, олардан тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арыздар көбейіп кетті", – деді.
"Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының 2020 жылғы 6 мамырдағы №9 Қаулысымен бекітілген түсіндірмені айтып өтейін. "Төтенше жағдай" еңсерілмейтін күш мән-жайға ие болып табылады. Азаматтық Кодекс талаптарына сәйкес осындай еңсерілмейтін күш мән-жайларынан шарттар орындалмаса ол тараптардың жауапкершілігі көтерілмейді. Мемлекеттік сатып алуға байланысты Түсіндірмеде (Жоғарғы соттың) анық-ашық жазылған. "Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы" ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы №127 қаулысының 9.1-тармағында нақты көрсетілген. Жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер төтенше жағдай енгізілуі салдарынан туындаған мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындаудан бас тартса, шарт жасаудан жалтарса, шарт орындалмаса немесе тиісінше орындалмаса тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану немесе тұрақсыздық айбын өндіруді талап қою арызымен сотқа жүгінбейді", – деді сот төрағасы.
Егер де мұндай талап арызбен тапсырыс берушілер сотқа жүгінетін болса, ол миллиондаған талап арыз болуы мүмкін екен. Мәселен, Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотының өзіне соңғы екі айда үш жүзден аса талап арыз түссе, оның екі жүзге жуығы осы мемлекеттік сатып алуға қатысты боп шықты.
"Жоғарғы Соттың түсіндірмесінде бұл талаптар тек мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер мен мемлекеттік тапсырысты орындаушы барлық кәсіпкерлерге қатысты да қолданылады деп көрсетілген. Яғни, кәсіпкер мемлекеттік сатып алу процесіне қатысып, жеңімпаз атанып, алайда тапсырыс берушімен шарт жасасқысы келмесе, онда тапсырыс беруші ол кәсіпкерді жосықсыз деп тану туралы сотқа талап арыз бермейді. Біз қазіргі уақытта осы түсіндірмені негізге алып, тапсырыс берушілердің талап арыздарын қабылдаудан бас тартып жатырмыз. Ал оған дейін түскен екі жүзге жуық талап арызды жеке-жеке қарап, ТЖ салдарынан туындаған арыздарды өндірістен қысқартып жатырмыз", – деді Бақытбек Елшібеков.
Сот төрағасы сонымен қатар бұл талаптардың қай уақытқа дейін қолданылатынына да жауап берді. Өйткені кәсіпкерлердің көкейінде, тек төтенше жағдай кезенінде ғана іске асатын талап шығар деген сауалдар қойылды. Сондай-ақ, карантиндік режимнің әлі жалғасуда екенін ескерсек, кейбір кәсіпкерлер заттарды басқа облыстан немесе мемлекеттен алып келетіні, оның өзіндік қиындықтары барын да айтты.
"Әр жағдайды зерделеп қарау керек. Егер түскен талап арыз бойынша төтенше жағдай салдарынан туған деп тапсақ, онда іс қаралмайды. ТЖ аралығындағы тапсырыстар бойынша талап арызды бермесе де болады. Ол қаралмайды. Ал сұрақ, дау туындаса жүгінсін. Ол кезде істі жеке қарап, тиісті шешім қабылдаймыз. Және тапсырыс беруші тарапынан келісім шартты тиісті түрде немесе орындамағаны үшін кәсіпкерлерден ТЖ болғаны туралы анықтаманы, заңмен қаралмаған құжаттарды мемлекеттік органның талап етуге құқы жоқ. Бірақ әрбір жағдайға баға беру үшін тапсырыс беруші шарттың орындалмау себебіне түсіндірме беруін сұрай алады", – деді облыстық МАЭ сотының төрағасы.
Келесі, арнайы тәртіпте лимитті есептеу шарты жасалып, қазынашылыққа тіркелгеннен кейін есептеледі ме, әлде шарт жасалып, тіркелмесе де лимитке есептеледі ме? Себебі прокуратурамен жасалған шарттарды заңсыз, деп тануда. Шарт жасалған, бірақ қазынашылыққа тіркелмеген, деген сауалға ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев жауап берді.
"Соңғы үш жылдық айналымнан екі есе асқан жағдайда веб-портал автоматты түрде жібермей қояды. Ондай шешімді қабылдау-қабылдамауға қатысты конкурстық комиссияның құзыреті де, мүмкіндігі де жоқ. Бұл мәселеге қатысты бізге прокуратурадан да хат түсті. Оны жоғарғы уәкілетті органға жолдадық. Бүгінгі таңда өзгерістер дайындалып жатыр. Қорытындысы күшіне енген жоқ. Күшіне енгеннен кейін барып саналатын қылып ұсыныс беріп жатырмыз. Әзірге заңда келісім-шарт тіркелгеннен кейін барып саналады", – деді ол.
Онлайн эфирде бұдан да бөлек бірнеше сауалдарға жауап берген сала басшылары алдағы уақытта кеңес беруге даяр екендіктерін айтты.
Әңгіменің әлқиссасы, төтенше жағдай, карантин режимдерінде мемлекет тапсырыс бойынша жұмыс істеген кәсіпкерлер ешқандай "жосықсыздыққа" тартылмайтын болады.
Нұрбек Дәуренбеков