"Бес баламен әлеуметтік көмек ала алмай отырмын" – көпбалалы ана

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2659

Жергілікті әкімдік отбасының иелігіндегі жылқы мен сиырды табыс ретінде есептеген.

"Бес баламен әлеуметтік көмек ала алмай отырмын" – көпбалалы ана

Редакциямызға Самал Жылқышиева есімді оқырман хабарласты. Қызылорда облысының Ақарық ауылынан екен. Елдімекен Жалағаш ауданына қарайды. Ол бес бала тәрбиелеп отырса да, көпбалалы отбасыларға берілетін 21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекке ілікпеген.

"Балаларымның үлкені 14 жаста. Кішісі 3 жастан асты. Егіздерім бар. Үшеуі мектепке барады. Жолдасым су шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Айлығы 80 мың теңге шамасында. Ұсталынып қалатын міндетті төлемдерден кейін 70 мың теңгедей сома қолға тиеді. Мемлекеттің көпбалалы отбасыларға тағайындаған 21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмегін алуға өтініш бергенбіз. Бірақ жолымыз болмады. Арнайы құрылған комиссия "малыңыз бар" деп шығарып салды. Иә, азын-аулақ малымыз бар. Үш сиыр сауамын. Бірақ оның сүтін сатып, табыс тауып отырған жоқпын. Балаларымның күнделікті ішіп-жемінен де артылмайды. Малымызды ай сайын базарға апарып тапсырып, мол ақша да тауып отырған жоқпыз. Жеке кәсібіміз я көлігіміз жоқ. Көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен ай сайын 10 500 теңге көлемінде жәрдемақы аламын. Бес бала тәрбиелеп отырсам да, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүрмін", – дейді Самал Жылқышиева.

Біз екінші тараптың да пікірін тыңдап көрдік. Самал Жылқышиева тұратын Ақадыр ауылы Аламесек ауылдық округіне қарайды екен. Ауылдық округтің әкімдігіне хабарласып, мекеме қызметкері Әйгерім Кешубаевамен сөйлестік.

"Сәуір айында Самал Жылқышиева жұбайымен бірге ауылдық әкімдікке келіп, отбасының табысын есептетті. Жолдасы 86 мың теңге айлық алады екен. Бұдан бөлек, сиырлары мен жылқылары бар. Осының бәрін қоса есептеген кезде отбасының жалпы табысы оның әр мүшесіне шаққанда тиісті мөлшерден асып кетті. Сол себепті атаулы әлеуметтік көмекті қарастыру үшін құрылған арнайы комиссия оларға отбасының жалпы табысын қайта қарау туралы кеңес берді", – дейді Әйгерім Кешубаева.

Әкімдік өкілінің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмекке үмітті көпбалалы отбасылардың табысын есептейтін арнайы комиссияның құрамына бес адам енген. Олардың қатарына әкімдіктің, ардагерлер кеңесінің, мектептің өкілдері бар.

2009 жылдың 28 тамызында бекітілген мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесіне сәйкес, отбасының иелігіндегі мал мен құс, бақша өнімдері де табыс болып есептеледі. Әр өңірдің климаттық жағдайына байланысты мал мен құсты, бақша өнімдерін есептеудің нормасы бекітілген. Бұл ретте, жергілікті атқарушы орган отбасының жеке иелігіндегі мал мен құсты табыс түсірмейтін дүние ретінде де қарастыруға құқылы. Яғни, жеке иеліктегі мал-мүлікті табыс ретінде есептеу я есептемеу әкімдіктің құзырындағы шаруа. Бұл ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов Facebook желісіндегі жеке парақшасына жариялаған болатын.

Аламесек ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Әйгерім Кешубаеваның айтуынша, отбасының табысын есептеген кезде бір сиыр 35 946 теңгеге, бір жылқы 47 мың теңгеге, ал қой мен ешкі 6 426 теңгеге бағаланған.

"Самал Жылқышиева мен оның жұбайының иелегінде жылқылар барын ауыл адамдары да, құқықтық органдар да біледі", – дейді әкімдік қызметкері.

Самал Жылқышиеваға хабарласып, иелігіндегі жылқылар туралы сұрағанымызда "Жолдасымның атында бауырларының жылқылары бар. Оны табыс ретінде есептеді ме, жоқ па, білмеймін. Есептеген күннің өзінде жылқылардан ай сайын кіріс кіріп отырған жоқ қой" деген жауап алдық.  

Әйгерім Кешубаеваның мәліметінше, Ақарық ауылында 1946 адам тұрады. Елдімекенде 60-қа жуық көпбалалы (4 баладан жоғары) отбасы бар екен. Олардың 42-сі осы жылдың сәуір айынан бері 21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекті алып отыр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу