Ел басына күн туған төтенше жағдай уақытында Сіз бен Бізге қызмет етіп жүрген жандардың еңбектері ересен. Карантин уақытында бастарын "бәйгеге" тігіп, "көрінбейтін майдан" шебінде жүрген жандар сүреңсіз індетті ауыздықтау үшін күн-түн демей жұмыс істеуде. Солардың бірқатарын ел біле жүргені абзал.
Инфекциямен күрестің негізгі салмағы ақ халаттыларға түсіп тұр. Ушығып түрған індет дәрігерлер қауымына жауапкершілік жүгін еселеп артып берді.
Жай күннің өзінде халықтың саулығы жолында қарбалас тірлік кешетін олар бүгінде тіпті күрделі жағдайда еңбек етуде. Өйткені бар үміт – дәрігерлерде. Антына берік ақ халаттылар үй бетін көрмей науқастарды аман алып қалу жолында жүр. Қызылорда облысында ауру анықталған алғашқы күннен бері эпидемиолог, инфекционист мамандар аяғынан тік тұрып қызмет етіп жатыр.
"Соңғы науқас жазылғанша, үйге қайтпаймыз", дейді Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жоғары санатты аға дәрігер-эпидемиологы Асқан Отарбеков.
"Бекітілген тәртіп бойынша медицина маманы науқас қашан айығып кеткенше үйіне жіберілмейді. Оларға науқастар жатқан ғимарат ішінен шығуға рұқсат жоқ. Соңғы пациент жазылып шыққан соң ғана үйіне бара алады. Дәрігер-медбикелеріміз осы тәртіпке бағынып, жұмыстарын атқаруда. Менің өзім ауру анықталған алғашқы күннен бастап, үйіме барған жоқпын. Отбасыммен тек телефон арқылы ғана сөйлесемін. Науқастардың жағдайының күрт төмендеп кетпеуіне, дертінен айығып үйлеріне аман-есен оралуларына біз жауаптымыз", – дейді ол.
Асқан Бердіұлының айтуынша, аудандық инфекциялық бөлімде 25 қызметкер бар екен. Он маман науқастардың айығып кетуі үшін тынбай еңбек етуде. Бүгінде ем алып жатқан науқастардың жағдайы қалыпты, асқынулар болып жатқан жоқ. Медицина мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Төтенше жағдайда тұрғындар тарапынан сан сауалдардың болуы заңды. Мемлекеттік қызметті ұғынықты жеткізіп отырған ХҚКО мамандары да қашықтан жұмыс жасауға көшкен. Күрделі ахуалға қарамастан сан-салалы сауалдарға жауап беріп отырған қызметкердің бірі Жанар Абибуллаева. Тәжірибелі маман бейнеқоңырау арқылы Арал халқына онлайн түрде қызмет көрсетуде.
"Үйде жұмыс істеу әрине қиын. Әрі қолайсыз. Бірақ қазіргі жағдай соны талап етіп отыр. Күніне 150-ге жуық қоңырауға жауап беріп, кеңес беремін. Тұрғындар онлайн ЭЦҚ алу, мобильді азаматтар базасына тіркелу және түрлі мемлекеттік анықтамаларды алу бойынша хабарласады. Халықтың разылығы үшін үлгеруге тырысамын. Бұл қиындықтарды жеңетінімізге сенемін", – дейді Жанар.
"Атамекен" ҰКП облыстық Кәсіпкерлер палатасы індет кезінде болуы мүмкін барлық жағдайды талдап, алдын ала іске кірісіп кеткен бірден-бір ұжым. Әрбір кәсіпкердің шешілген мәселесімен бірге қуанып, кедергіге бірге қиналатын Палата өкілдері тек штабта ғана емес, әр аудандағы кәсіпкерлерді құқықтық ақпараттандырып, тіпті кей мәселелерді дереу шешіп жатыр.
Шаруа жайын күйттеп жүрген кәсіпкерлерге көктемнің әрбір күні алтынмен тең. Қысылтаянда берілген көмектің сауабы да зор. Әсіресе карантин уақытындағы блок-посттардан өту, кәсіпкерлердің халыққа қажетті тауарларын өткізуі үлкен қиындық тудырса да, Кәсіпкерлер палатасының көмегі арқасында нәтижелі жұмыстарды көріп отырмыз.
Уақытпен санаспай жұмыс жасап жатқан Палата мамандарының бірі Алма Аманбайқызы. Карантин басталғалы демалысты ұмытқан. Жұмысы, таңғы 7-ден телефон көтеруден басталады, әрі қарай кәсіпкерлердің автокөлігі, ондағы адамның ақпараты, фирмасы, тауары секілді барлық деректі жинап, тіркеп, тиісті орындарға жіберіп, мәселенің дер кезінде шешілуіне атсалысып отыр.
Ал, көктемгі егіске байланысты шаруалардың темір-терсегінен бастап, суына дейінгі проблемаларын шешіп жүрген Жасұлан Серіков, дихандардың күрішінің экспортталмай қалу қаупі төнгенде "дабыл" қағып, мәселені уақытында шеше білді. Шаруабасты Жасұлан билік пен агросаланың арасына "жол сала" білген азамат.
Блок-пост қойылған алғашқы ажиотаж күндерде бекеттерде кәсіпкерлер жан-айқайына құлақ түрген Мұрат Сұлтанғазыұлы, олардың кедергісіз жұмыс жасауы үшін проблемаларын облыстық, қалалық штабқа жеткізіп отырды. Қай жерге, ненің керек екенін ақпараттандырумен бірге кәсіпкерлердің проблемаларына анализ жасап, "Атамекенге" ұсыныстарда жіберіп отыр.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің заттарын экспортқа кедергісіз шығуы үшін қажетті сертификат берумен айналысып жатқан Айман Шаймаханқызына да күніне 10-15 адам шағымын жеткізеді. Әрине сертификат алу үшін. Әр кәсіпкердің жоқ дегенде 20-40 парақ қағазын үтір-нүктесіне дейін тексеруі қажет. Себебі, сертификат берудің жауапкершілігі аса жоғары. Арасында кеңес беру үшін хабарласатын 30-дан астам адамның телефон қоңырауына жауап беру де Айманның мойнында.
Бұлардан бөлек, Палата мамандарының барлығы да үй, кабинет бетін көрмей, штаб, жұмысшы топ отырыстарында кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, қажетті ақпаратты жинап, есептеп, тиісті органдарға жіберуде.
Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып жүрген жандар үйде немесе кабинетте отырғысы-ақ келеді, бірақ дәл қазір азық-түлік тауары халыққа үзілмей жетіп тұруы үшін бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеуде.
Бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты енгізілген карантин шараларына облыс тұрғындары үлкен жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынуларын біз де өтініп сұраймыз. Халықтың салауатты өмірі үшін күресіп жүрген бүгінгі күннің қаһармандарына осылай қолдау білдірейік, ағайын!
Нұрбек Дәуренбеков