Павлодарда атаулы әлеуметтік көмекке 1,4 млрд теңге бөлінді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2179

Ал 2019 жылдың сәуір-желтоқсан аралығында төленген көмек көлемі бұл сомадан әлдеқайда жоғары еді.  

Павлодарда атаулы әлеуметтік көмекке 1,4 млрд теңге бөлінді

Атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың сәуір айынан бастап төлене бастағанын жақсы білеміз. Әуелде Павлодар облысы бойынша бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге жұмсау жоспарланған еді. Алайда, мамыр айының соңында бұл соманың жеткіліксіз екені белгілі болды. Осылайша, Павлодар облысы республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге сұратты. Ал биыл өңірде атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

Соңғы деректерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту орталықтарына атаулы әлеуметтік көмек алу бойынша 4,2 мың өтініш келіп түскен. Оның 3,2 мыңы мақұланды. Оларға жұмсалатын қаржы көлемі – 226,2 млн теңге. Шамамен 1 мың өтініш мақұлданбаған. Оған отбасылардың жан басына шаққандағы табысының шекті мөлшерден асып кетуі себеп болған. Бірақ, бұл павлодарлықтар байып кетті деген сөз емес.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азаюы көмекті тағайындаудың жаңа форматына байланысты болып отыр. Ал жаңа формат 2020 жылдың басынан енгізілген еді. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмекті есептеу тәртібі өзгерді. Жаңа ережелерге сәйкес, кедейлік шегі бұрынғыдай республикалық күнкөріс деңгейінің емес, керісінше өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 %-на теңестірілді. Ал әр өңірдің деңгейі әртүрлі екенін анық. Осылайша, өткен жылы кедейлік шегінің индикаторы 20,7 мың теңге деңгейінде болса, қазір ол 18,6 мың теңгеге дейін төмендеді. Осы өзгеріске байланысты атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны да азайды.

Мәселен, 2019 жылы Павлодар облысы бойынша 45,4 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алса, 2020 жылдың алғашқы екі айында көмек алушылардың саны 14 мың адамды құрады. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берушілердің теріс жауап алуына отбасының иелегіндегі автокөлік пен жылжымайтын мүлік те себеп болған. Әрбір отбасындағы көлік пен тұрғын үй саны біреуден аспауы керек.

Сондай-ақ, еңбекке жарамды азаматтарға қатысты талаптар да күшейтілді. Бұл да өтініштердің мақұлданбауына себеп болып отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алушыға жұмыс ұсынылғанда, ол ұсыныстан бас тартпауы керек. Өйткен жағдайда, бұл отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады. Осы орайда, Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алатын 120 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Олардың дені Май, Баянауыл және Ақтоғай аудандарының тұрғындары.

Павлодар қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау секторының меңгерушісі Айнұр Мұқашбекованың сөзінше, былтыр облыс орталығындағы табысын жасырған 46 отбасы өз еркімен 52 млн теңге көлеміндегі қаржыны қайтарып берген. Сонымен қатар, екі іс сотқа жіберілген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу