Павлодарда 133 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2296

1 сәуірден бастап облыс тұрғындарына 2,5 млрд теңгеден астам төлемақы аударылған. 

Павлодарда 133 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын павлодарлықтарға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы аударылған. Алайда бөлінген қаржы шын мұқтаждарға ғана берілмеген. Ебін тауып, атаулы әлеуметтік көмекке заңсыз қол жеткізгендер бар болып шықты. Олардың қатарында бақуатты бизнесмендер де жүр.

Екібастұз қаласында орын алған жағдай естеріңізде шығар. Жеке кофеханасы бар дәулетті кәсіпкердің атаулы әлеуметтік көмекке ие болғаны туралы журналистердің бәрі жарыса жазған болатын. Сөйтсек, Павлодар облысында орын алған заңсыздық бұл ғана емес екен.  

Ресми дерекке сүйенсек, Павлодар облысы бойынша 133 отбасы нақты табысын жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған. Осы орайда неліктен мұндай жағдай орын алды деген заңды сұрақ туындайды. Сөйтсек, мемлекеттік кірістер департаментінің деректер базасы жұмыспен қамту орталықтарының мамандары үшін қолжетімді емес екен. Яғни, орталық мамандары деректер базасындағы ақпаратқа қол сұға алмайды. Осының салдарынан түрлі олқылықтар орын алып отыр.

Мамандардың айтуынша, деректер базасына қатысты мәселе жуық арада реттелмек. Бірақ нақты қай уақытта қолжетімді болатынын кесіп айтқан ешкім жоқ. Сондықтан шенеуніктерге әзірше мемлекеттен көмек алуға ниетті адамдар ұсынған құжаттарға сенуге тура келеді. Егер көмектен үмітті адамның қолында жалақының аздығын растайтын тиісті құжат бар болса, орталық мамандарының сенуден басқа амалы жоқ. Тиісінше, көмекті бермеуге негіз боларлық дәлел де таппайды.

Сондықтан шенеуніктер атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген адамдарды өз беттерінше тексеруге көшкен. Қалай дейсіз бе? Көмек алушының үйіне кез келген уақытта кіріп барады. Жоғарыда мысалға келтірген екібастұздық кәсіпкер "осындай жолмен" қолға түсіп отыр. Сөйтсек, оның жеке бизнесінен бөлек, екі пәтері және автокөлігі бар екен.

Мұндай заңсыздықтарды анықтау үшін Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына еңбек, қаржы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау басқармаларының, жергілікті полиция қызметінің, мемлекеттік кірістер департаментінің, әділет органдарының және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері енген. Осылайша, аталған мекемелердің мамандарынан құралған арнайы топ Павлодар облысы бойынша 133 отбасының атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алғанын анықтады.

Ал кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 73 мың отбасының мемлекетке 156 млн теңге қайтарғанын жариялады.

Белгілі болғандай, бүгінде павлодарлық 16 отбасы мемлекетке 5 млн теңге көлеміндегі қаржыны қайтарған. Заңсыз аударылған қалған төлемақының нақты көлемі айтылған жоқ. Ал жұмыс тобының тексерісі әлі жалғасып жатыр. Демек заңсыздықтар әлі де анықталуы мүмкін деген сөз.  

Бір қызығы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы заңсыздықтардың жолы кесіліп, талап күшейе түскен соң, мемлекеттен көмек алуға ниетті адамдардың саны күрт кеміп кетіпті. Сондай-ақ табысын қасақана жасырған отбасылар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған екен. Көмекті заңсыз алған адам мемлекеттің ақшасын ерікті түрде немесе соттың араласуымен міндетті түрде қайтарады.

Атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеу келісімшартында отбасының табысына қатысты ерекше бір пункт бар екен. Яғни, отбасының табысы көбейген жағдайда, олар бұл туралы он күннің ішінде жұмыспен қамту орталығына хабарлауы керек. Осыдан соң қайта есептеу жүргізіліп, көмек алушы заңсыз алған қаржыны мемлекетке қайтаруы шарт. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Майгүл Рахымжанованың сөзінше, табысының өскендігін айтып, ерікті түрде хабарлайтын жандар тым аз көрінеді. Бірақ жоқ та емес. Десе де, көп жағдайда тұрғындар нақты табысын жасырып қалғанды жөн санайды.

Бүгінде Павлодар облысында 7,5 мың отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл дегеніміз – 33 мың адам.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу