Түркістандық көпбалалы ана жәрдемақы арқасында кәсіп ашты

Наргиза Урунбекова мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің берілетінін естігенде, ойланбастан бизнес бастау туралы шешім қабылдаған.  

Түркістандық көпбалалы ана жәрдемақы арқасында кәсіп ашты

Сайрам ауданының 45 жастағы тұрғыны Наргиза Урунбекова  – төрт баланың анасы. Мемлекет тарапынан өзі секілді көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек берілетінін аудан орталығында өткен жиында алғаш рет естіген. Жұмыспен қамту орталығына барып, тиісті құжаттарды тапсырған ол үйіне келе сала отағасымен ақылдасып, АӘК қаржысына бизнес бастауды ойлайды.

Наргизаның жолдасы Курбанали Урунбеков бұған дейін жалдамалы жұмысшы болып еңбек етіп келген. Ал Наргизаның өзі бала тәрбиесімен үйде отырған. Күйеуі денекерлеуші болып жұмыс істеп жүріп, шлакоблок өндірудің қыр-сырын үйренеді. Бірақ бизнесті бастауға қомақты қаржы қажет болғандықтан, отбасы оны жүзеге асыруды кейінге шегеріп келіпті.

"Жолдасым ауылдың өзге адамдары шлакоблок өндіріп, табыс тауып жатыр екен. Бұйыртса, сол кәсіпті бізге де бастау қажет" деп осыдан бір жыл бұрын айтқан болатын. Идея сол кезде туындады. Алайда бастап кетуге қолымызда қаржы болмады. Атаулы әлеуметтік көмек туралы ести сала үйге қуанып келдім. Отағасымен ақылдаса, ол қаржыға шлакоблок өндіретін құрылғы сатып алуды шештік.  Адамда шын ниет болса, мақсатына жетеді. Балаларымның несібесі ғой, бұйыртып тұр екен. Екі рет алған АӘК қаржысына құрылысқа арналған станокты сатып алдық. Ол шамамен 600 мың теңге болды",– деді көпбалалы ана.

Қиыршық тас пен цемент араласқан кірпіштің бұл түріне  жыл он екі ай сұраныс болатынын алға тартқан әйел жаздың күндері тапсырыс берушілер қатары еселене түседі деп отыр. Өйткені құрылыс жұмыстары күн жылы да қыза түседі. Ол кезде төрт адамды жұмыспен қамтиды. Әрбір жұмысшы құйған кірпіш санына қарай жалақы алады.

Мәселен, бір күнде бір жұмысшы 500 шлакоблок құйса, шамамен 6 мың теңгедей алады. Кейде тапсырыс артқан сәтте жұмысшылардың да қолына алатын күндік табысы артады. Мұнда бір құрылғының өзімен айына 45 мың дана шлакоблок құйылса, сұраныс артқан тұста оны 60 мыңға дейін жеткізуге болады.  Әсіресе, жаздың күндері құйылған кірпіштің кебуі де жылдам болып, дайын өнім саны  артады. Бір кірпіштің толық кебуіне жаз уақытында 3-4 күн кетсе, қыста апталап күтуге тура келеді.  

"Біздің ауылда шлакоблок жасаумен айналысатындар көп, бәсекелестік бар жерде сапа да болады. Біз сапалы өнім шығарамыз. Цемент пен қиыршақ тастың көлемін бірдей пайдаланамыз. Өнімің сапасыз болса, клиент екінші рет келмей қояды. Осы ретте мына бір жағдай есіме түсіп отыр. Көршілес жатқан ауылдан бір ер кісі келіп, мың дана шлакоблокқа тапсырыс берді. Дереу іске кірісіп, оны жүк көлігімен үйіне дейін жеткізіп салдық. Бірақ әлгі кісі ақшасын беретін түрі жоқ. Кейін "Камазбен тиеп әкелінген шлакоблокты енді аулаға төңкеріп тастаңдар, егер үгітіліп кететін болса, ақысын төлемеймін" деп айтты. Ал біз өнімнің сапасына сенімдіміз, жерге түскен мың шлакоблоктың тек 2-3 данасының ғана шеті үгітілді, қалғаны қаз-қалпында. Тапсырыс беруші риза болып, алдағы уақытта тұрақты клиентіміз болатынын айтты",– деді НаргизаУрунбекова.

Көпбалалы ананың айтуынша, отбасы өндіретін кірпішті нарықтағы бағадан 10 теңге төмен сатады. Мәселен, күнгей өңірде шлакоблоктың бір данасы 80 теңгеге бағаланса, бұл отбасы оны 70 теңгеден сатылымға шығарып келеді.

Көпбалалы ананың жолдасы  бір шлакоблоктан түсетін таза пайда 7-8 теңге көлемінде деп отыр.

"Бәсекелестік болған соң бағаны көтере алмаймыз. Бір дана шлакоблокқа кететін шығын (жұмыс күшіне кететін шығынмен қоса есептегенде –авт.) 62-63 теңге болса, таза пайдамыз сол 7-8 теңге көлемінде. Бастысы, табыс еңбекті ақтайды. Шығынның басым көпшілігі шикізатқа кетсе, электр жарығына да көптеп шығындалып қаламыз. Бір айда электр энергиясына 35-45 мың теңге төлейміз. Ал су тегін, құдықтан аламыз", – деді ол.

Сайрамдық  отбасы былтыр Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде тауар бағасын біршама төмендеткенін де тілге тиек етті.

"Ол кезде бізден ортадағы делдалдар алып жатты ғой, бірақ "Арыстағы құрылысқа қажет" деп айтқандарға бір шлакоблокты 70 теңгеден емес, 54-55 теңгеден түсіріп бердік. Алла өзі берекесін береді ғой, сатып алушыларымыз үзілген емес. Енді күн жылынып келе жатыр, тағы да клиенттеріміз көбейеді деп отырмыз. Ендігі жоспарымыз тағы бір құрылғы (станок) сатып алып, кәсібімізді кеңейтсек дейміз. Ол үшін "Атамекен" өңірлік палатасы арқылы оқып, төмендетілген пайызбен несие алуды жоспарлаудамыз", – деген Наргиза өзі секілді шеттей бала тәрбиелеп отырған аналарға өз кеңесін де айтты.

"Мемлекетке көпбалалы аналарға көрсетіп отырған қолдауы үшін аналық алғысымды білдіремін. Ал өзім секілді атаулы әлеуметтік көмек алушыларға берілген мүмкіндікті тиімді жұмсау қажет дер едім. Мұндай мүмкіндік күн сайын беріле бермейді. Бизнесті бастауға еш қорықпау қажет. "Нар тәуекел" деп бастаған істің түптің түбінде берекесі болады", – деп сөзін түйді ол.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу