Сырдария ауданына қарасты Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы елді-мекеннің бағын жандырып, ел дамуына ерекше үлес қосқан Еңбек Ері, Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Ералиевтің туған ауылында тұрғындар бас көтерді. Ауылдың 500-ге жуық халқы жер дауына қатысты Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат ел жолдап, араша сұрап отыр.
Хатта 1997 жылы әр отбасы мүшелеріне бөлініп берілген жер үлестері 2005 жылдан бері "Абзал и К" ЖШС толықтай иеленіп, пайда тауып отырғаны жазылған. Өкініштісі, 2005-2019 жылдар аралығында жер пайдалану құқықтары өрескел бұзылып, тұрғындарға дивидент есесбінен мал азығын немесе қаржылай жер пайын бермеген көрінеді. Дивидент сұраған жандарға шаруашылық басшылары ешқандай дивидент берілмейтінін айтып, жерді пайдалану құқығын 2051 жылға дейін банктен сатып алғандығы айтылады. Алайда, халықтың үлесіндегі жерлер банкке қалайша кепілге қойылғаны тұрғындардың өздеріне түсініксіз.
Жер дауына арнайы шақыртылған Ұлттық сенім Кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан "әдемі бейнероликтерге емес, қарапайым халыққа сенуге тиіспіз", дейді.
"Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 455 мың га бос жатқан жайылым жерлер біреулердің (латифундисттердің) қолында тұр. Бірақ олар жерді тиімді пайдаланбай отыр. Бұл ауылда балаларды қосқанда шамамен 2 мың адам өмір сүреді екен. Енді бұл хатқа бір аптаның ішінде 464 адам қол қойды! Бәрі керемет жақсы болса, ауылдың соншама адамы хатқа қол қояр ма еді? Әдемі бейне роликтерге емес, қарапайым адамдарға сену тиіспіз! Бұл ауылға сөзсіз тәуелсіз тексеру жасатуымыз керек", – деді қоғам қайраткері.
Тұрғындар мал жайылатын жерлердің егістік алқапқа айналып кеткеніне наразы. Өйткені жылдан-жылға мал ұстау қиындап, төрт түлікке жем-шөп тауып берудің өзі мұңға айналған. Халық шаруашылықтан қайыр болмағасын көрші ауылдардан мал азығын сатып алуға мәжбүр.
Президентке жазған хатында ауыл тұрғындары "жер үлестерімізді заң аясында заңдастырып, әрбір үлескерлермен жеке келісім-шартқа отырса" деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ қарапайым халық "дивидентіміздің он жылдық пайын төлеп, жайылымдық жерлерді ашып берсе" деген өтініштерін білдірген.
Нұрбек Дәуренбеков