Бұл оқиғаны әлеуметтік желіде былтыр "Bazarbek&Partners" заңгерлік компаниясының директоры, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек баян еткен-тін. Ол оны Көкшетаудағы жерге қатысты "бассыздық" деп атады.
Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, "Алибаев Ж.А." фирмасының басшысы, жеке кәсіпкер Жасұлан Әлібаев Көкшетау қаласы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімі ұйымдастырған аукционға қатысып, 2 жер телімі бойынша додада жеңімпаз болады. Сауда қорытындысына сәйкес, 2 жер учаскесі үшін 14 миллион теңге төлеп, жергілікті билікпен сатып алу-сату келісімшартын бекітеді. Осыдан кейін шабыт қанатына мініп, болашаққа жоспар құрып, коммерциялық нысан – кеңселерден тұратын ғимарат құрылысының қамына кіріседі, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тапсырыс береді.
Кәсіпкер ол жерге өз бетінше инженерлік желілерді жеткізуге қыруар шығын шығарады. Нысанның құжаттамаларын әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өтуге қаншама ақша жұмсайды. Ақыр соңында құрылысты бастауға рұқсат беруші құжаттар қолына тиеді. Дәл осы кезде әкімдік қу тақырдан құжаттары әзір әрі желілері тартылған "майшалпек" күйге жеткен жерді кері қайтарып алу үшін сауда нәтижелеріне шағым түсіреді.
Әкімдік сауда нәтижелерін және Жер телімін сатып алу-сату келісімшартын заңсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген. Себебі, сауда өткізіліп жатқан кезде Көкшетау қаласының Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілмепті.
"Заңгерлері Жер кодексін оқымайтын мемлекеттік орган сотқа талап-арыз берсе, жағдай абсурдқа жетеді. Сауда нәтижелеріне шағым келтірмек болған шенеуніктердің дәйектемелері күлкі туғызады. Сондықтан серіктесім Жәнібек Башанов екеуімізге кәсіпкердің жерге деген құқығын қорғау шығу қиындық тудырмады. Бұл жерде басқа нәрсе қорқытады: әкімдіктер бизнесмендерге бір қолымен жер беріп, екінші қолымен оны тартып алуға тырысуды әдетке айналдырғандай. Бәлкім, Әлібаевтың жеріне әлдекім көз сұғын қадаған болар, әлде сотта жығылғанына шенділер өкпелі ме, әйтеуір, кейінгі екі жылда бизнесменге бөгде біреулер маза бермейтінді шығарды. Бұған жергілікті тұрғындарды да тартты. Белгісіз бір тұлғалардың шағымымен құрылыс әлденеше рет тоқтатылып отырған", – дейді Бақытжан Базарбек.
Салдарынан, бизнесменге жобаларын қайтадан сараптамадан өткізуге, құрылысына қайтара рұқсат қағаздарын алуға тура келіпті.
"Байғұс кәсіпкер сыртқы шабуылдардан қорғанамын деп жүріп, шенеуніктер ашықтан ашық абсурдты қадамға барады деп күтпесе керек. Ол "Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы талонды" 2019 жылғы 20 мамырда алады. Алайда 2020 жылғы 14 қарашада Көкшетау әкімдігінің өкілдері Жасұлан Әлібаевқа ол талонның күші жойылғаны туралы хабарлама ұстатқан! Сорақысы сол, талонды жоюға Көкшетау әкімдігінің Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) бекіту туралы 2017 жылғы 17 мамырдағы қаулысын жойған Көкшетау әкімдігінің 2020 жылғы 12 қарашадағы жаңа қаулысы себеп болыпты! Яғни, сіз адал кәсіпкер ретінде рұқсат құжаттарын аласыз, ғимарат саласыз, ал белгілі бір уақыт өткенде билік ЕЖЖ-ны өзгертеді де, барлық рұқсат құжаттарыңызды жоя салады. Қазақстанда абсурд осылай шектен шығып, тасып-төгілуде", – дейді заңгер.
Сондықтан ол былтыр қайтадан бизнесменді қорғауға кіріскен. Бұл мәселеге "Атамекен" ұлттық палатасы да, бизнес омбудсмен де араласты.
Ақыры, омбудсменнің хабарлауынша, көп жылға созылған сұмдық аяқталғанға ұқсайды.
"Заңсыз қаулылардың күші жойылды. Кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің кеңесшісі Олег Савеленкоға Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады. Осының алдында ақмолалық кәсіпкер Әлібаевтан бизнес-омбудсмен атына өтініш келіп түскен еді. Ол 2016–2017 жылдары аукцион арқылы Көкшетауда 14 миллион теңгеге 2 жер телімін сатып алған. Сол жерлерде бизнесін өркендететініне сенімді болған. Бірақ оның орнына кәсіпкер жергілікті атқарушы органдардың белсенді қарсылығына ұшырайды. Оның үстінен сотқа шағым, негізсіз айыптаулар жауған. Шенеуніктердің кәсіпкердің меншік құқығын заңсыз деп тану талаптары сотта сәтсіздікке ұшырады", – деді бизнес-омбудсмен кеңсесі.
Оның мәліметінше, Көкшетау қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімі де, сондай-ақ Ақмола облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да бизнесменнің заңды мүдделерін бұзған, құқығын аяққа таптаған.
"Осыған байланысты облыс әкімінің аппаратына материалдар жолданып, кінәлі тұлғаларды тәртіптік жазаға тарту туралы мәселені қарау сұралды. Ақмола облысы бойынша антикоррупциялық қызмет те бизнес-омбудсмен кеңсесінің өңір шенеуніктерінің кәсіпкерге қарсы заңсыз әрекеттер жасауы фактісіне қатысты өтінішін қарады. Жемқорлыққа қарсы қызмет өз жауабында қылмыстық іс қозғау үшін негіз табылмағанын айтады. Мұнысы түсініксіз. Себебі, Қылмыстық кодексте заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау үшін жаза қарастырылған. Бұл жағдайда Әлібаевтың бизнес жоспарына қарсы схеманың жүйелі, жоспарлы, кезең-кезеңмен жүзеге асырылғаны бетке ұрып тұр. Мұны шенеуніктердің өз ісіне салғырт қарауы деп бағалау әбестік", – деді бизнес-омбудсмен кеңсесі.
Осылайша, кәсіпкердің ұзақ жылдар бойғы шеккен шығынын ешкім де өтемейтіні аңғарылуда. Мәселе тек жауапты бір-екі тұлғаны тәртіптік жазаға тартумен шектелмек.
Жанат Ардақ