2.5 млрд теңге заңсыз қолма-қолға ақшаға айналдырылған

3781

Жалған кәсіпкерлерді анықтау тәсілін өзгерту ұсынылды.  

2.5 млрд теңге заңсыз қолма-қолға ақшаға айналдырылған

Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов елордада кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесуге себеп болған мәселе – кәсіпкерлердің серіктестерімен жасасқан кейбір мәмлелерін салық салу органдары жарамсыз деп тану жөнінде талап қойып, сотқа жаппай арыз түсіре бастаған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2018 жылмен салыстырғанда былтырғы жылы осындай талап арыздар саны 5 есе өскен.

"Жалған кәсіпкерлік туралы 215 бапты алып тастаған кезде кәсіпкерлер қуанды. Өйткені "жалған кәсіпорын" атанған компанияның барлық мәмілелері жойылады. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Қаржы министрлігі мәліметі бойынша, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру операциялары жылдан жылға өсіп барады. Қазір осындай ақша айналымы 2.5 млрд теңгеден асты. Бұл – үлкен мәселе. Заң бұзушылықтардың алдын алу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті қолданатын құралдардың бірі – мәмілелерді жарамсыз деп тану. Сол себепті, салық органдарының кәсіпкерлер үстінен сотқа арыздануы артып келе жатыр. Әсіресе өткен жылы кәсіпкерлердің мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы арыз саны 5 есе өскен", – деді Рустам Жүрсінов.

Ал кәсіпкерлер өзге бизнес субъектілерінің заң бұзғаны үшін адал еңбектеніп жүрген іскер адамдарға қосымша салық есептелгеніне шағымдануда. Қарағандыдан келген кәсіпкерлердің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті істің анық-қанығына бармай, тек болжам жасау арқылы ғана сотқа арыз талап түсірген.

"Салық салу органдары тексеріс жасамай, тек болжаммен ғана сотқа арыздануда. Соның салдарынан ауыртпалық кәсіпкерге түсуде. Кәсіпкерлер келісімшарттарын, шот-фактураларын, құжаттарын жинап, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуіне тура келуде. Статистикалық мәлімет айта кетейін, Қарағанды облысында 2017 жылы сотқа 117 арыз жіберілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 17 есе өсіп, кәсіпкерлердің үстінен осындай 1972 арыз түскен. Мыңнан астам кәсіпкер банкротқа ұшырап жатыр. Қарағандыда бизнес ахуал тоқырауға түсті", – деп шағымданды кездесу кезінде Ботагөз есімді қарағандылық кәсіпкер.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев салық органы тарапынан талап арыздардың көбею себебі жалған кәсіпкерліктің қылмыстық істен азаматтық сот ісіне өтуіне байланысты екенін еске салды.

"Бұған дейін қылмыстық кодекстің жалған кәсіпкерлік туралы 215 бабы қылмыстық заңнамадан шығарылып, азаматтық сот ісіне өткен еді. Осылайша, азаматтық арыз талаптар саны өсті. Қазір біз тек сотқа беру арқылы ғана мәмілелердің жарамсыздығын тани аламыз. Әр мәмілеге жеке арыз беруіміз керек. Демек арыз саны еселеп өсе береді. Азаматтық сот ісі кезінде адал салық төлеушілер де зардап шегуі мүмкін. Жалған кәсіпкерлік қылмыстық іске жатқан кезде компаниялардың байланысын, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруын, телефонмен сөйлескен сөзін және т.б. әрекеттерді шұғыл түрде тергеуге мүмкіндік болған. Ал азаматтық сот ісін жүргізу кезінде кәсіпкердің кінәсін анықтау қиынырақ", – деді салық салу органының өкілі.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов еңбегін адал атқарып жүрген іскер адамдарды қоғау үшін нақты қандай шара қолданылып жатқанына тоқталды.

"Адал еңбек етуші бизнесмендер де салық органдарының назарына ілініп жатыр. Сол себепті, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен кездестім. Әр қала мен облыс орталығындағы мемлекеттік кірістер органының алаңында "мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптарды алдын ала қарау жөніндегі комиссия" құру қажет екені айтылды. Сотқа арыз берер алдында істі комиссия қарауы керек. Комиссия мүшелері кәсіпорынның шынымен де жұмыс істегенін немесе істемегенін анықтайды. Ал қабылданатын шешімдердің әділеттілігін қамтамасыз ету үшін комиссия құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасы, прокуратура, мемлекеттік кіріс органдары өкілдері мен кәсіпкерлерді қосуды ұсындық. Бұл өзіндік сүзгі болады. Соның арқасында адал кәсіпкерлердің үстінен талап арыз түсірудің алдын аламыз", – деді кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу