Онлайн-кредиторлар қарыз қақпанына тез түсіреді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7232

Несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан 30%-ға азайтуға болады.  

Онлайн-кредиторлар қарыз қақпанына тез түсіреді

Жыл басында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтарға сонымен қатар онлайн-кредиторларға несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін екінші деңгейлі банктердің мөлшерлемесімен теңестіру туралы талап қойды. Осылайша халыққа үстемеақымен қарыз берушілер несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан асырмауға міндеттелді.

Бұған дейін жоғарыдағы қаржы ұйымдарының жылдық сыйақы мөлшерлемесі 100%-дан басталып, 700%-ға жетіп жүрді. Бір сөзбен айтқанда, қарыз берушілер қарапайым халықты сүлікше сорып отырды.  

Ұлттық банктің дерегінше, өткен жылдың басында 318 мың адам несиені онлайн-кредиторлар арқылы рәсімдеген. Яғни несие тарихын тексертпей, табыс тауып отырғанын дәлелдемей қарыз алған. Осындай "жеңілдік жасау" арқылы мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтар және онлайн-кредиторлар халықты қарыз қақпанына түсірген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жоғарыдағы шешімін микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар және онлайн-кредиторлар құптамайды. Мұндағылар екін­ші деңгейлі банктер қол­дана­тын есептеу тәсілі

шағын қар­жы ұйымдарына арналма­ған, сондықтан несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін коммерциялық банктермен теңестіру қате деген пікірді алға тартады. Ал GSB UIB бизнесті талдау орталығы директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар және онлайн-кредиторлар өз мүдделерін қорғап отыр, шын мәнісінде қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дұрыс шешім қабылдады деп санайды.

Экономистің пікірінше, несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан 30%-ға азайтуға болады.

Қазір еліміздің негізгі қалаларында 247 микроқаржы ұйымы, 169 ломбард, 9 несие серіктесі жұмыс істеп тұр.

Мақсат Халықтың мәлімдеуінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мик­роқаржы ұйымдары мен ломбардтардың және онлайн-кредиторлардың қызметін бақылау арқылы несиенің жоғары пайызбен берілуінің алдын алады.

Ұмытпасаңыздар, өткен айда мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін команиялардың жұмысын тексеру қажеттігін айтып, үкімет басшысына сауал жолдады. Ол карантин кезінде микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар және онлайн-кредиторлар несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесін 56%-дан асырмау туралы міндеттемесін ұмытып, 100%-дан астам сыйақы мөлшерлемесімен қарыз беріп жатқанын мәлімдеді.

"Ақырында жылдық тиімді ставка 600-700%-ға дейін кетіп жатыр. Сөзім дәйекті болуы үшін нақты мысал келтірейін. "Кредит 24" компаниясы өз сөзімен келтіргенде: "қарыз алушы туралы мәліметті тексеруде үшінші тұлғаның пайдасы үшін төлем" енгізіп, оның мөлшерін қарыздың 56%-на  теңестірген. Бұл "жылдам табыс табу" қызметі 27 150 теңгені құрайды. 100 мың теңге қарыз алған адамнан "жылдам төлем" қосымша қызметі үшін 27 150 теңге алынған нақты мысалдар бар. Бұдан бөлек келісімде әр мерзімнің өтіп кеткені үшін 3 мың теңгелік бір реттік комиссия, ал мерзім шартын бұзғаны үшін дер кезінде төленбеген төлемнің 1 пайыздық мөлшерін төлеу шарты енгізілген", – деді Аманжан Жамалов.

Халық қалаулысының сөзінше, қарыз алған адам ең әуелі қарыз берушінің шығынын, сыйақыны, содан кейін ғана негізгі қарызды төлеуге міндеттеледі.

"Дәл осындай жағдайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қайда қарап отырғаны түсініксіз", – деді депутат.

Айта кетейік, таяуда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдарының капиталдарына талаптарды ұлғайту бойынша мерзімді 6 айға, яғни 2020 жылғы 1 шілдеден 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін шегеру туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы агенттіктің ресми ресурсында: "Қазіргі уақытта микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын және төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен қарыз алушыларға төлемдер мерзімін кейінге шегеруді ұсынатын ұйымдар операциялардың жүргізілуін тоқтата тұрды және олардың жарғылық капиталды уақтылы толықтыруға мүмкіндігі жоқ. Осыған байланысты, жоғарыда көрсетілген ұйымдардың жарғылық және меншікті капиталдарына қойылатын жоғары талаптарды белгілеу келесі жылдың басына ауыстырылды",– деп жазылды.

Осыған сәйкес, заңды тұлға ретінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдары үшін  жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері – 30 млн (отыз миллион), өзге өңірлерде – 10 млн (он миллион) теңге болып бекітілді.

Заңды тұлға ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын микроқаржы ұйымдары үшін, жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері 100 млн (жүз миллион), өзге өңірлерде 50 млн (елу миллион) теңгені құрайды.

Заңды тұлға ретінде 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында немесе облыс орталықтарында өз қызметін жүзеге асыратын кредиттік серіктестіктер үшін жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млн (он миллион), өзге өңірлерде 5 млн (бес миллион) теңгені құрайды.

Заңды тұлға ретінде 2020 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген (қызметін жүзеге асыру орнына қарамастан) кредиттік серіктестіктер үшін, жарғылық және меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері 50 млн (елу миллион) теңгені құрайды.

Агенттік бұл қадамға кім көрінгенді қарыз берумен айналыстырмау үшін барды. Мұның нақты нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу