Ломбардтар есігі шетелдіктер үшін тарс жабылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3142

Қазақстанда ломбардтарға қатысты жаңғырулар жүреді.

Ломбардтар есігі шетелдіктер үшін тарс жабылады

Күйзелістің экономикаға терең бойлап, елді тұтас жайлағанының бір көрінісі ломбардтардың қаптауы болса керек. Өйткені бір жағынан, табысы азайған халық үйдегі сатуға тұрар татымды дүниені "тірі" ақшаға айналдыруға тырысады. Басқа жағынан, дағдарыс тұсында ұрлық-қарақшылықпен күн көруге тырысатындар көбейіп, олар азаматтардан тартып алғанын өткізетін жер іздейді. Осылардың барлығына қазіргі кезде кейбір ломбардтар қызмет ететіні құпия емес.

Бүгінде бұл фирмаларға бас сұғушылар санының көбейгені сонша, тіпті елордалық ірі бір ломбард ХҚКО-дағы сияқты, талон беретін терминал орнатып, клиенттің нөмірін көрсететін табло іліп қойды. 

Бұл салаға енді үкімет жіті назар аударып отыр. Осы орайда "Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" ішкі істер министрінің және ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы бірлескен бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" жаңа бұйрық жобасы әзірленді. Еліміздің бас полицейі Қалмұханбет Қасымовтың және бас экономисі Тимур Сүлейменовтің қолдарымен бікітілетін бірлескен құжатқа инвестициялар және инфрақұрылымдық даму, қаржы министрліктерінің келісімі алыныпты.

Құжатқа сәйкес, енді ломбардтарға шетелдіктердің қолынан зат алуға тыйым салынады. Яғни, тек қазақстандықтар меншігіндегі дүние-мүлікті ғана кепілдікке ала алады. Сарапшылардың айтуынша, бұл бұрынғы кеңестік кеңістікте үнемі "гастрольдеп" жүретін ресейлік, грузиялық және басқа да қылмыстық топтардың тонағандары мен ұрлағандарын жедел өткізуіне бір тосқауыл болуы ықтимал. Өйткені олардың көбі қымбат автокөліктерді айдап әкетуге маманданатыны мәлім.  

Осы мақсатта жаңа бұйрықпен "Ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыру қағидаларының" 2-тармағының 5-ші тармақшасы жаңа редакцияда жазылып отыр:

"Қарыз алушы – бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын және жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлікті кепіл ретінде бере отырып, ломбардтан қысқа мерзімді қарыз алатын Қазақстан азаматы".   

Салыстыру үшін айталық, бұған дейін қолданыста болған бірлескен бұйрық ломбардтарға жатжұрттардан келгеніне қарамастан кез келген адамнан жылжымалы мүлікті ала беруге рұқсат ететін: "Қарыз алушы – бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын және жеке пайдалануына арналған жылжымалы мүлікті кепіл ретінде бере отырып, ломбардтан қысқа мерзімді қарыз алатын жеке тұлға" делінген еді онда.

Тиісінше, 13-тармаққа да өзгеріс енгізіліп, ломбардтардың клиенттерінің қатары тек отандастарымызбен шектелмек: "Ломбард Қазақстанның азаматына – қарыз алушыға кепіл нысаны болып табылатын жылжымалы мүлікті ломбардқа кепілге беру туралы шарт бойынша бір жылдан аспайтын мерзімге қайтарымды және ақылы негізде қарыз береді".

Жаңа құжат жаңа бір ұғымды құқықтық айналымға енгізбек, ол термин – "сақтаушы". Халықаралық азаматтық құқық бойынша "сақтаушы" – бұл қандай да бір затты сақтауға тапсыратын тарап болып саналады. Қолданыстағы бірлескен бұйрық бұған дейін барлық клиенттерді тек "қарыз алушы" деп қана атайтын. Демек, алда ломбардтарға белгілі бір ақыға заттарды сақтауға қабылдауға да рұқсат етілетінге ұқсайды.

Бұл ретте ломбардтардың өздеріне тапсырылған заттарды сақтауына қатысты талап та жұмсартылып отыр. Қазіргі талап бойынша осы ұйымдар егер клиент қайта оралмаса, оның затын үш ай өткен соң сатуға міндетті. Ал жаңа құжат сатпауға да "мүмкіндік" беріп, маневр үшін көбірек өріс қалдырады: "38. Үш айлық сақтау мерзімі өткеннен соң талап етілмеген затты ломбард Кодекстің 785-бабында және 781-бабының 2-тармағында белгіленген тәртіпте сатуы мүмкін".

Сонымен қатар 8-тармақтың 9-шы тармақшысы жаңартылуда: "қайта ұйымдастыру немесе таратылу кезінде ломбард қарыз алушыларға немесе сақтаушыларға олар ломбард алдындағы өз міндеттемелерін орындаған жағдайда, олардан қабылданған заттарды қайтаруды қамтамасыз етеді". Қайтару мерзімі кепіл билеттерінде және атаулы сақтау түбіртек-квитанциясында көрсетіледі.

Келесі жаңашылдыққа сәйкес, мемлекет бұдан былай клиенттерге өздері кепілге немесе сақтауға тапсырған мүлікті сақтандыруын ломбардтан талап ету құқығын береді. Бұл турасында 15-ші тармақта жазылған:

"Ломбардта заттарды кепілге беру туралы шарт және қарыз шарты сол ломбардтың кепіл билетін беруімен рәсімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап болуы мүмкін. Кепілге қойылған мүлікті сақтандыру ломбард қаражаты есебінен жүзеге асырылады". Тиісінше, бұл жағдайда егер ломбард ол затты жоғалтып алса, сақтандыру компаниясы клиентке өтемақы жасайтын болады.

Ломбардтардың барлығы өздеріне келетін клиенттерін фото тіркейтін құрылғымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуға міндетті.

Жалпы, ломбардтардың қызметіне Қазақстанның қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген барлық талаптар мен шектеулер қолданылады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, ломбардтар өздеріне кепілге зат қойып, бірақ қарызын өтемеген адамдар туралы құзырлы органдарға хабарлап отырады. Өйткені олар арасында басты мақсаты қарапайым азаматтар секілді қысылғаннан амалсыз қарыз алу емес, заңсыз жолмен тапқан мүлікті тез өткізу болып табылатын ұры-қарылар болуы ықтимал. Тиісінше, клиенттің берешегін өтеу мерзімі бір айдан асып кеткеннен кейін ломбард оның фотосуреті мен ол жайындағы барлық ақпаратты он жұмыс күні ішінде жергілікті ішкі істер органдарына апарып, табыстауға тиіс.

Бұдан бөлек, "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" заң да ломбардтар жұмысын біраз қиындатыпты. Заңның 13-ші тармағында "зергерлік және басқа да бұйымдарға қоятын сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа да бұйымдарды өткізуге жол берілмейді" деп нақты айтылған.

Осылайша, қазір сынамасы және таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сатқан кәсіпкерлерге айыппұл төлеуге тура келеді. Бұған осы сала бизнесмендері наразылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, көп жағдайда азаматтар ломбардтарға бұрыннан қолданыста болған, кеңес кезінде жасалған немесе шетелге саяхаттағанда сатып алынған зергерлік бұйымдарды тапсырады. Ал оларда кейде сынамалау таңбасы немесе атаулы таңба бедері бола бермейді.

"Бұл жерде әңгіме қабылдау туралы емес, сату турасында болып отыр. Егер ломбард ондай затты қабылдаса, бірақ қарыз алушы берешегін өтей алмаса, онда ломбардқа ол бұйымды сатудан басқа амал қалмайды. Онда ломбард міндетті түрде ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының сынамалау палатасына жүгінуге мәжбүр болады. Ал ол палата тек Астана мен Алматыда орналасқан. Бұйымды саудаға қоймас бұрын оған сынамалау таңбасын қою қажет. Әйтпесе, оны сатуға болмайды. Бұл кәсіпкердің қосымша шығын шегуіне соқтырады. Зергерлік бұйымды басқа қалаға жеткізу, әрбір бұйымға сынама қойғызу және басқалары уақыт пен қаржы шығындауды талап етеді. Содан сергелдеңге түсуден сескеніп, ломбардтар сынамасы жоқ бұйымдарды қабылдаудан бас тартады және клиенттерге өз бетінше сынама қойғызуды ұсынады", – дейді заңгер Руслан Дүйсембаев.

Заң бойынша сынамалау таңбасынсыз, сондай-ақ атаулы таңба бедерінсіз зергерлік және басқа да бұйымдарды сатқан кәсіпкерлер 150 айлық есептік көрсеткішке (378 мың 750 теңге) дейінгі айыппұлмен жазаланады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу