Ұлттық банк онлайн-қарыз нарығына тыйым салмақ

4192

Қарызы бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салынуы мүмкін.

Ұлттық банк онлайн-қарыз нарығына тыйым салмақ

Қазақстандықтардың қаржы ұйымдары алдындағы берешектері бір жылда 15 пайызға өсіп 6,2 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде жартысынан көбі кепілзатсыз тұтыну кредиттерге тиесілі.

Ұлттық банк басқарма төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, тұтыну кредиттерінің ішінде онлайн-кредит, кредит серіктестіктері мен ломбардтардың несие портфелі қарқынды өсіп келе жатыр.

Соңғы бірер жылда онлайн-кредиттердің жаппай тарағаны белгілі. Бұл нарықтағы Ұлттық банктің бақылауының әлсіздігі қаржы институттарының халыққа жөн-жосықсық несие беруі, тиісінше мұның әлеуметтік проблемаға айналғаны белгілі. Бөлшек кредит нарығында қазіргі таңда онлайн- кредиттердің үлесі 2,5 пайызға жетті. Былтыр ғана көрсеткіш 1,7 пайыз шамасында болған еді. Былтыр тіпті наурыз бен мамыр айларында көрсеткіш тиісінше 4,1 және 3,7 пайызға дейін жеткен.

Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда бөлшек тұтыну қарыздарының 3,2-3,4 пайызы онлайн қарыздарға тиесілі екен.

Өткен жылдың наурыз айында Ұлттық банк Үкіметке онлайн-кредиттердің пайызын шектеу туралы ұсынысын жеткізген. Нәтижесінде, былтырғы жылдың  шілдесінің 16-сынан бастап онлайн-несиелердің жылдық ең жоғарғы мөлшерлемесі 100 пайыздан аспауы керек деген үкімет қаулысы шыққан. Оның алдында отандық ақпарат құралдарында онлайн қарыз алып, борышы 730 пайызға дейін, кей қаржы ұйымдарында тіпті 900 пайызға дейін өсіп кеткен жағдайлардың жарияланғаны есімізде.

Ал қазіргі кезде онлайн-несиелердің жылдық максимум мөлшерлемесі 100 пайыз болса, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін ең жоғарғы шек 56 пайыздан аспауы керек.

Дегенмен кей сарапшылар да, жекелеген азаматтар да онлайн-қарыз беретін қаржы ұйымдары Ұлттық банктің бекіткен 100 пайыз шегіне бағынбайтынын айтып отыр. Көптеген қаржы ұйымдар қарыздың негізгі пайызынан бөлек қосымша "қызмет көрсеткені" үшін тағы да үстеме қосып, ақырында жылдық максимум 300 пайызға дейін жетіп отыр.

Осы орайда, бірнеше күн бұрын Ұлттық банк осы нарықты реттеуде, атап айтқанда барлық қарыз беруші ұйымдарды: микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен онлайн-қарыз беретін ұйымдарды қадағалау құзіретін кеңейтуді айтып Үкіметке ұсыныс түсірді. Аталған қаржы ұйымдардың барлығы аталған ұсыныс мақұлданса, "Микроқаржы ұйымдары туралы" заң аясында бақыланбақ. Заң аясында жылдық пайызы тағы азайтылып, берілетін қарыздың да максималды шегі бекітілмек. Тіпті, қарызы бар кей азаматтарға қарыз беруге тыйым салынбақ.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу