Ел азаматтары екінші деңгейлі банктер арқылы 1 тамызға дейін 4 млрд 150 млн теңгенің тұтыну несиесін рәсімдеді. Ал микроқаржы ұйымдарынан – 345, онлайн-кредиторлардан – 100 млрд теңге қарыз алды. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында осындай деректі алға тартып, мәселе көтерді.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, халықтың екінші деңгейлі банктерге емес, микроқаржы ұйымдары мен онлайн-кредиторларға "бүйрегінің бұрып тұруына" нашар несие тарихы түрткі болып отыр. Себебі екінші деңгейлі банктер несие тарихы нашар азаматтарға қарыз бермейді, ал микроқаржы ұйымдары мен онлайн-кредиторлар банк кері қайтарған клиенттерді құшақ жая қарсы алады. Сөйтеді де несие тарихына қарамай, қарыз береді.
"Несие рәсімдеу кезінде несие тарихы азаматтарға кедергі келтіреді. Барлық қарыздарын әлдеқашан төлеп болса да, еліміздегі 1 млн 400 мың адамның несие тарихы нашар. Осы үшін оларға екінші деңгейлі банктер қарыз бермейді", – деді депутат.
Аманжан Жамаловтың сөзінше, мемлекет популизмге жол бермей, азаматтардың қарыз жүктемесін азайту үшін шұғыл шара қабылдауы керек.
Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына бірдей талап қойылуға тиіс.
"Несие тарихын қалпына келтіру үшін қарыздарынан құтылған азаматтарды "қара тізімнен шығару" қажет. Осылай болғанда олар несиені қымбат пайыздық мөлшерлемемен микроқаржы ұйымдары мен онлайн-кредиторлардан емес, ақылға қонымды пайыздық мөлшерлемемен екінші деңгейлі банктерден алады", – деді Аманжан Жамалов.
Қолданыстағы заң бойынша микроқаржы ұйымдары кепілзаттың бар не жоқ екеніне қарамастан заңды тұлғаларға 20 мың АЕК-тен (53 млн теңге) аспайтын көлемде микронесие бере алады. Халық қалаулысының пікірінше, кәсіпкерлер үшін осы талапты сақтап қалуға болады, ал жеке тұлғаларға мұндай көлемде қарыз беру құптарлық іс емес.
"Микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға беретін қарызының көлемін қысқарту қажет", – деді депутат.
Ұсыныс бойынша, жеке тұлғаларға кепілзат қою арқылы берілетін қарыз 10 мың АЕК-тен (26,5 млн теңге) аспауға тиіс, ал кепілзатсыз берілетін қарыз
1 мың (2,6 млн теңге) АЕК шамасында болуы керек. Бұл бастама тұтынушылардың құқығын қорғауды және қарыздың қайтарылмай қалу тәуекелін төмендетуді көздейді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнарева жоғарыдағы пікірмен келіспейді. Оның ойынша, микронесиенің көлеміне қойылатын шектеу жеке тұлғалардың қарыз жүктемесін жеңілдетпейді.
"Микронесиені жабу қарыз алушының төлем қабілетіне тәуелді. Егер, оның табысы азғантай қарыздың өзін жабуға жеткіліксіз болса, микронесиенің өзі үлкен мәселе туғызуы мүмкін. Мұндайға жол бермеу үшін қарыз беруші мен қарыз алушы ықтимал тәуекелдерді таразыға тартып, салмақтап алуға тиіс", – деді төрағаның бірінші орынбасары.
Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, микроқаржы ұйымдарының несие портфелінің үлесі небары 2% құрайды. Осы турасында Қазақстан микроқаржы ұйымдары қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов: "Микроқаржы ұйымдары кепілсіз несиенің катализаторы емес. Сондықтан микроқаржы ұйымдары халықтың қарызға батуына себепші болып отыр деген пікірмен келісу қиын. Біз қарыз беруге қатысты шектеуді қолдамаймыз және несие нарығының барлық ойыншыларына бірдей талап қойылғанын қалаймыз", – деді.
Аманжан Жамалов былтыр халықтың әлеуметтік осал тобының тұтыну несиесі есептен шығарылғанын, алайда табысы күнкөріс деңгейінен (32 668 теңге) төмен азаматтарға несие беруге шектеу қойылғанын тілге тиек етті. "Мемлекет қатаң талап қою арқылы халықты жауапсыз несие беруден қорғағысы келді. Бірақ бұл шаралар азаматтарға басқа таңдау қалдырмады және оларды өсімқорлардың торына итермеледі. Қарыз алушылардың қажеттілігі мен қаржылық сауатсыздығын пайдаланғандар оларды шыға алмайтын қарыз шұңқырына батырды. Табысы төмен және несие тарихы нашар азаматтар микроқаржы ұйымдарынан, онлайн-кредиторлардан және ломбардтардан үлкен пайыздық мөлшерлемемен қарыз алуға мәжбүр болып отыр. Осыған тосқауыл қою үшін микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаларға беретін қарызына шектеу қою керек", – деді депутат.
Абылай Бейбарыс