"Даму" қоры делдал ма, дәнекер ме?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3585

Басқарма төрағасының орынбасары мен кәсіпкерлер депутаттың сөзін жоққа шығарды.  

"Даму" қоры делдал ма, дәнекер ме?

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры микро, шағын және орта бизнес субъектілерін тиісінше қаржыландырмайды. Аталмыш қор бюджеттен бөлінген ақшаны оңды-солды үлестіруден аса алмай отыр. Қорды екінші деңгейлі банктер мен бизнесмендер арасындағы делдал деуге болады. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов осылай дейді. Бұл пікірмен "Даму" қоры басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев пен кәсіпкерлер келіспейді.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, екінші деңгейлі банктер несиелендіретін жобалардың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялаумен айналысатын қор қызмет көрсеткені үшін бюджеттен жыл сайын 770 млн теңге алады. Қаржының қайтарымы көңіл көншітпейді, себебі компанияның кірісінен шығыны көп.

"Даму" қоры 2020 жылдың 4 айында бюджет есебінен 703 жобаны қаржыландырды. 2010 жылдан бастап 15,8 мың жобаға 264 млрд теңге жұмсалды. Осы жобалар экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тиімді болды ма? Бұл сұраққа бірнеше жылдан бері нақты жауап берілген жоқ", – деді депутат.

Халық қалаулысының сөзінше, қор субсидиялау процесін автоматтандыра алмаған. Осыдан 2 жыл бұрын қордың шығыны 11,9 млрд теңгені құраған.

"Даму" қорында 371 штаттық қызметкер, 20 құрылымдық бөлімше мен 18 филиал бар. Мұның барлығы не үшін қажет? 2018 жылы қордың әкімшілік шығыны 4,3 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде қызметкерлерге арналған шығыстар 2,7 млрд теңге болды. Қор 2018 жылы кеңес беру қызметіне 49 млн теңге жұмсады", – деді Аманжан Жамалов.

Оның пікірінше, қордың қызметін қайта қарап, штат саны мен шығынын қысқарту қажет. Ал субсидиялау рәсімін цифрландырып, қызмет көрсетуді онлайн ұйымдастыру керек.

"Даму" қоры басқарма төрағасының орынбасары Фархат Сәрсекеев депутат Аманжан Жамаловтың қорға қатысты дерегі мен дәйегі шындыққа жанаспайтынын жариялады. 

"Депутат 2015 жылғы дерекке сүйеніп отыр. Қазір мұндай мәселе жоқ. Қор трансформацияланып, қызмет көрсетудің 96% автоматтандырылды. Қордың негізгі қызметі субсидиялау ғана емес, ол кепілдіктердің жетіспейтін бөлігі бойынша несие беру, микроқаржы ұйымдары мен лизингтік компаниялар арқылы жеңілдікпен қарыз рәсімдеу шараларын да жүзеге асырады", – деді Фархат Сәрсекеев.

"Даму" қоры жылына 23 500 кәсіпкерге қолдау көрсететінін тілге тиек еткен басқарма төрағасының орынбасары жыл басынан бері 400-ден астам кәсіпкер субсидия алғанын және кепілдендіру бойынша 138 жоба мақұлданғанын мәлімдеді.

Мәжіліс депутатына кәсіпкерлер де қарсы пікір білдірді. Олар "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры міндетін мінсіз атқарып отырғанын айтты.

Кәсіпкер Мәдина Әжкенова: "Даму" қоры кәсібіме 3 жылдан бері қолдау көрсетіп келеді. Жеңілдікпен алған несиемді дер кезінде қайтарып, табыс тауып отырмын. Қор төтенше жағдай кезінде несие төлеу мерзімін де шегерді. Сондықтан, депутат мырза, сіздің мәлімдемеңізбен келісе алмаймын", – десе, Ердәулет Сарсенбек: "Мен жас кәсіпкермін. "Даму" қоры арқылы Қызылорда қаласында автокөлік бөлшектерін жөндеу цехын аштым", – деді. Өз кезегінде Мақсат Нұрланұлы есімді кәсіпкер депутаттың мәлімдемесімен мүлдем келіспейтінін жариялап: ""Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорына қатысты негізсіз, жалған пікір таратқан дұрыс емес. Осы қордың қолдауы арқылы өз ісімді дөңгелетіп отырмын",– деді. Ал Жанар Пірекеева қордың көмегінің арқасында табысты бизнес құрғанын айтты.

Кәсіпкерлер бірауыздан депутаттың сөзін жоққа шығарып, "Даму" қоры

екінші деңгейлі банктер мен бизнесмендер арасындағы делдал емес, дәнекер деген байлам жасады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу