"Тауарлар қымбаттайды". Депутат Қаржы министрлігінің бастамаларын сынға алды

2141

Оның пікірінше, ведомствоның пилоттық жобалары тауарлардың қымбаттауына алып келеді.

"Тауарлар қымбаттайды". Депутат Қаржы министрлігінің бастамаларын сынға алды

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Қаржы министрлігінің бастамаларын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол депуттаттық сауалын Премьер-министр Асқар Маминге жолдап, аталған мемлекеттік орган Президенттің тапсырмасын дұрыс түсінбей отырғанын атап өтті.

"Мемлекет басшысы Үкімет алдына бюджет кірісін өсіру жөнінде өте маңызды, қиын әрі нақты міндет қойды. Мәселе шағын бизнесті дамыту, инвестицияны ұлғайту және салық базасын кеңейтуге қатысты болған. Қаржы министрлігі Президенттің тапсырмасын өзінше түсінген сияқты. Ведомство Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына сілтеме жасай отырып, шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды ұсынды", - деді депутат.

Оның айтуынша, ведомство саланы тиімді цифрландырудың орнына бизнесті "қорқытып отыр". 

"Қазақта "шаш ал десе бас алады" деген сөз бар. Бұл Қаржы министрлігінің басқаруды күшейту үшін жасаған алғашқы әрекеті емес. Салық кодексінің 68-бабын пайдалана отырып, министрлік пилоттық жобаларды "әзірледі". Бүгінде олардың сегізі қабылданды, ал тағы екі пилоттық жоба қаралып жатыр. Мұның барлығы салық төлеушілерге жаңа талаптар қойып, оларға артық салмақ түсіреді", - деді Аманжан Жамалов.

Осыған байланысты ол мысал келтірді.

"Электронды шот-фактуралар" ақпарат жүйесін пайдалана отырып, қосылған құн салығы (ҚҚС) әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жоба камералды бақылау бойынша хабарламаны орындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл норма Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) шағымы бар жеткізушіге емес, осы процеске мүлдем қатысы жоқ тауарды сатып алушыдан салықты өндіріп алуға бағытталған", - деді депутат.
Сондай-ақ Аманжан Жамалов тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) енгізу пилот жобасына тоқталды.

"Егер ТІЖ-де толық емес мәлімет көрсетілсе, корпоративті табыс салығы (КТС) және ҚҚС есепке алу әдісімен есептеу кезінде тауардың құнын шегерімге жатқызуға тыйым салынады. Еуразиялық экономикалық одақтан импортты әкімшілендіру жөніндегі пилоттық жоба МКК-ға камералдық кедендік тексеру жүргізу кезінде шығыс операцияларын тоқтата тұруға мүмкіндік береді", - деді депутат.

Сонымен қатар ол ведомствоның қашықтан мониторинг жасау туралы пилот жобасын қисынсыз екенін айтты.

"Жоба салық органдарының шешімі негізінде тексерусіз салықты қосымша есептеуді көздейді. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік органның кез-келген дәлелді шешімі сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Әсіресе, темекі өнімдерін, ішімдіктер мен сүт өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба бизнестің наразылығын тудырады. Бұл электронды шот-фактуралар жүйесін қайталайды және тауарлардың тікелей қымбаттауына алып келеді және кәсіпкерлердің қосымша шығыны артады", - деді Аманжан Жамалов.

Депутат аталған пилоттық жобалардың әлі күнге дейін тиімділігі дәлелденбегенін жеткізді.

"Мұның барлығы бизнестегі жағдайды нашарлатады. Бизнес осы пилоттық жобалардың тәсілін қайта қарауды және күшін жоюды сұрайды. Аталған жобалардың барлығы Қаржы министрінің дербес бұйрығымен енгізіледі. Неге пилоттық жобалардың қажеттілігі туралы бизнес өкілдерімен талқыланбайды?", - деді Жамалов.

Сөз соңында ол төмендегі мәселелерге назар аударуға шақырды:

1. Пилоттық жобалардың іске асырылу барысы мен тиімділігі туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсыну;

2. Жаңа пилоттық жобаларды енгізуді тоқтату;
3. Бір мезгілде жүргізілетін пилоттық жобалардың санын шектеу. Егер басқа жобаларды іске асыру әлі аяқталмаса, жаңа пилоттық жобалар енгізілмеуі тиіс;

4. Іске асырылып жатқан пилоттық жобалардың нәтижесі негізінде
Салық кодексін жақсарту бойынша ұсыныстар енгізілсін.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу