Ауылдағы ағайынды биылғы мал азығының жайы алаңдатуда

4344

Қазіргі таңда жем-шөп бағасының қымбаттығы шаруа қожалықтарының ғана емес, азын-аулақ мал ұстап отырған жұрттың да мәселесіне айналып отыр.  

Ауылдағы ағайынды биылғы мал азығының жайы алаңдатуда

"Елімізде індетке байланысты төтенше жағдай енгізілген тұста төл теңгеміз құлдырап, доллар бағамы өсіп шыға келді. Бұл көптеген азық-түлікпен қатар, құрылыс заттары бағасының қымбаттауына себеп болды. Бірақ АҚШ валютасының жоғарылауы жанар-жағармай бағасына тіптен әсер ете қойған жоқ. Олай болса, жем-шөп бағасын шаруа қожалықтары неге көтеріп отыр? Жергілікті билік неге бағаны реттемейді?", – дейді ауыл тұрғындары.

Ал Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері нарық бағамына араласа алмайтындырын айтады. Ведомствоның бас маманы Шәкір Молдақыновтың сөзінше, нарық бағамын шаруалардың өздері жасайды екен. Егер оның тауарына сұраныс артса, ол қымбаттай түспек.

"Бастапқыда 400-500 теңгеге бағаланған бір тайланған шөп қазір Тараздың шөп базарында 1000 теңгеге пұлдануда. Аудандарда ол 100-200 теңгеге арзан. Бұл – тайланған бір бау жоңыршқаның бағасы. Ал экспорцет, қырат пен саз шөбі одан 200-300 теңгеге төмен саудаланады. Шаруа қашанда шығынын есептейді. Орғаны, тайлатқаны (баулатқаны), жүк көлікке арттырғаны, жинатқаны, жұмысшыларына беретін ақшасын соның ішінен шығартады. Алқап басынан бір бау жоңышқаны келіскеніңізге қарай 600 теңгеден де алуға болады", – дейді ол.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан кәсіпке бейімделіп, шаруа қожалығын ашып, мал және егін шаруашылығын қатар алып келген жамбылдық кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаев жем-шөпке қатысты нарық бағамының тұрақсыздығына пікірін былай білдірді:

"Ауыл шаруашылығы өнімі – азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ететін сала. Қазір үйінде 1 килограмм ұн ұстамайтын қазақ көбейіпті. Елбасының халыққа "үйіңде 2 сиыр ұсташы" дегені, шаруаңды қамда дегені болатын. Оны да кезінде дұрыс түсінбеген жұрт әлеуметтік желіде сан-саққа жүгіртті. Ал қазір елімізде енгізілген карантин жағдайында 2 сиыры бар адам ағарған ішіп отыр. Бұрын Ауыл шаруашылығы министрі болған Асылжан Мамытбековтің "Жері бардың малы жоқ, малы бардың жері жоқ" дегені бар. Расында солай, қазір жері жоқ, малы көп адам не істерін білмей, абдырап қалды. Малы бар адам шөпті қалай да болса алады. Биыл қуаңшылық болды, оның үстіне карантин жағдайы елдің еңсесін түсіріп жіберді. Өзім шөп сатпаймын, малыма жинаймын. Тіпті, Құрбан айтта да қой сатып көрмеппін. Өйткені, мерекелерде баға көтеріліп кететіндіктен, көп адам Құрбан айтта базарға мал шығарып, қымбат сатқысы келеді. Ол қойды қымбат сатып алған адам міндетті түрде сөйлейді. Жайшылықтағы бағамен, мейрамдағы бағаны салыстырады. Шөбін саудалаған адам да осыны ойда ұстаса, нарық бағамы бұлай құбылмаған болар еді", – дейді шаруа.

Оның тағы айтқаны, қазіргі жем-шөп бағасының қымбаттығы мал өз тұяғымен жайылып жүрген соң білінбей тұр. Алайда, ауылда мал бұрынғыға қарағанда екі есеге көбейген. Мал басының өсуі жайылымның тарылуына әкеліп отыр. Өрістен қайтқан мал бұрынғыдай тойып қайтпайды.

"Бүгінде жергілікті шенеуніктер әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары мен жанар-жағармай бағасын ғана ұстап тұрумен шектеліп қалған. Ал елдің асыраушы саласы үлкен дағдарыстың алдында тұр. Мемлекет мал басын көбейту үшін түрлі бағдарламалар мен қанатқақты жобаларды қабылдап, игі бастаманы қолға алған тұста, жем-шөп бағасының бұлай құбылуы игі бастамалардың күйреуіне әкеліп соқпай ма? Шөппен қатар, жемнің бағасы да ұшып тұр. Былтыр бидайдың бір келісі 40-45 теңге болса, биыл 75-90 теңге, арпа 65 теңгеге жеткен". Бұл – ауылдағы жұртшылықтың сөзі.

Жуалы ауданындағы Бақалы ауылының тұрғыны Әбденбай Сыдықовтың қорасында тана-торпақты қоспағанда, он сауынды сиыры бар екен. Отбасымен сол малға қарап отыр. Өз жері болмаған соң, малдың азығы үшін жылда он машина шөп, он машина сабан сатып алатын көрінеді.

"Биыл экспорцеттің бір машинасы 45 мың, жоңышқа 70 мың теңгеге көтеріліп кетті. Былтыр экспорцетті 30 мың, жоңышқаны 45 мың теңгеден сатып алғанбыз. Екінші орым 90 мың теңгеге барады дейді білетіндер. Бұлай баға өсе берсе, малды не үшін ұстайтынымызды білмеймін. Өйткені малдың өзінен бұрын ішіп-жемі қымбат болып тұр", – дейді ол.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу