Спутник V екпесіне жұрт неге сенбейді?

3236

Қазақстанда жаппай вакцинациялау басталғанына 6 ай өтсе де, екпенің айналасындағы гу-гу әңгіме соңын таба алар емес. Өйткені, вакцинаның толық курсын алғандардың өзі індет жұқтырып, ентігіп жатыр.  

Спутник V екпесіне жұрт неге сенбейді?

Осыдан екі-үш апта бұрын мұны Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова да растаған. Оның сөзінше, елімізде екпе алғандардың ішінде науқастанып қалғандардың қатары 5 мыңға тақап қалыпты. Бұл жалпы вакцинациядан өткендердің 0,09 процентін құрайды. Ал екпенің алғашқы компонентін алып індет шалдыққандардың саны 2,5 мыңға жуықтайды.

Реті келгенде аталған комитет жүргізген зерделеудің нәтижесін де айта кетсек, вакцинациялаудан соң төсекке таңылғандардың 4 мыңдайы Ресейдің Спутник V екпесін алған. Екпеден кейін де індет жұқтырғандардың 5 жүзге жуығы –  Hayat-Vax, 50-ден астамы – CoronaVac, 86-сы – QazVac-ты қабылдаған екен.

          Мұндай деректер Жамбыл облысында да тіркелген. Жергілікті әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев облыс аумағында екпе алған 90-ға тарта азамат коронавирустың құрығына ілінген.  Мұның да дені Ресейде өндірілген вакцинаны қабылдапты. Hayat-Vax, CoronaVac, QazVac екпелерін садырғандардың да бірен-сараны індетке шалдыққан.

"Біздің мамандарымыз вакцина алып, ауырғандардың жағдайын сараптап, талдау жасаған болатын. Олардың көбісі екпенің алғашқы компонентін ғана қабылдаған екен. Алайда, келесі дозасын ектіріп, науқастанғандар да бар. Бұл орайда, екі кезеңнің арасында иммунитет толық қалыптасып үлгірмейтінін де ескеру керек. Оның үстіне, ауырғандардың ішінде "вакцина салдырдым" деп сақтық шараларын ұмыт қалдырғандар да, індетке шалдыққандармен еркін байланыста болғандар да кездеседі", - деген Жамбыл облысының бас дәрігері бүгінде вакцинациялау талаптары өзгергенін еске салды.

Яғни, вакцинациялаудың алғашқы кезеңінен кейін науқастанып қалғандарды, жеңіл түрін өткерсе – 3, ауыр түрінен соң 6 айдан кейін тексеріп, қалыптасқан иммунитет деңгейіне қарай қайта екпе салу туралы шешім қабылданыпты.

Мамандардың пайымына сүйенсек те, Ресейде шығарылатын Спутник V екпесін салдырғандардың ауырсынғандары жиі екенін аңғарамыз. Сол себептен де денсаулық сақтау нысандарында көпшілік қытайлық Hayat-Vax вакцинасын сұрайтын көрінеді. Мұның әсері жеңілдеу деседі. Алайда, жамбылдық екпе егу пунктерінде бұл вакцинаның бірінші компоненті мүлде қалмаған. Екінші дозасын қабылдап үлгермегендерге ғана 2 мыңдай дозасы сақтаулы. Өңірге әзір бұл вакцинаның жаңа партиясы жеткізілетін түрі жоқ.

Жалпы еліміздің аумағында екпенің Қытайда өндірілген түрлеріне сұраныс жоғары сыңайлы. Өкініштісі, өзімізде өндірілген вакцинаның дені қоймада шаң басып тұр. Бұған статистикалық деректер дәлел. Мысалы, бүгінде Жамбыл облысындағы қоймада Спутник V-ның бірінші дозасының – 26 605, екінші дозасының 90 мыңға жуығы тұр. QazVac екпесінің де бірінші компонентінен – 3 495, екіншісінен 4 506 дозасы бар. CoronaVac екпесінің небары 2 мыңнан астам ампуласы қалыпты.

Ал Жамбыл облысында орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарияның сөзінше, QazVac-тың келесі партиясын шығару осы айға жоспарланған. Қордай ауданындағы Гвардейский әскери қалашығында орналасқан бұл институттың аумағында іргесі қаланған биофармацептикалық зауыт пайдалануға берілетін болса, оның жылдық қуаты 30-60 миллион доза екпе өндіруге жетеді екен. Алайда, оған сұраныс бола ма?

Бұл сауалға Күнсұлу Закария былай деп жауап берді: "Hayat-Vax пен CoronaVac та, өзіміздің QazVac екпесі де инактивтелген биопрепараттар болып саналады. Әрқайсының өз ерекшелігі бар. Қазақстандық екпе екі мәрте өндіріліп, 175 000 дозасы тұрғындардың коронавирусқа қарсы иммунитетін күшейтуге егілді. Енді үшінші партиясын өндірмекпіз. Әзірге отандық екпені салдырғандардың ішінен жағымсыз әсер анықталған жоқ. Алдағы уақытта  QazVac-қа сұраныстың көлемі артатындығына сенеміз".

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу