Қатты қалдықтар полигонының 65-і қоршаусыз жатыр

3304

Жамбыл облысы аумағында 163 полигон бар. Оларда 3 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жинақталған.

Қатты қалдықтар полигонының 65-і қоршаусыз жатыр

Бұл – өңірдегі Табиғат қорғау бағдарламаларын зерттеу бөлімінің басшысы Нағима Темірбекованың берген мәліметі.

"Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тағы 21,6 мың тонна қалдық жиналса, оның небәрі 11,9 пайызы ғана сұрыпталды. Еліміздің экологиялық кодексіне сәйкес 2016 жылдан бастап құрамында сынабы бар шамдар мен құрылғыларды, металл сынықтарын, қалдық майлар мен сұйықтықтарды, батареяларды, электрондық қалдықтарды полигондарға көмуге тыйым салынады. Ал былтырдан бастап пластмасса, макулатура, картон және қағаз, шыны қалдықтарын көмуге тыйым салу туралы заң күшіне енді. 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын көмуге жол берілмейді", – дейді ол.

Еліміз бойынша жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығады екен. Алайда, олардың ел бойынша қайта өңдеу үлесі тек – 15 пайыз. Десе де сала маманы айтқан нормаларды енгізу қалдықтарды өңдеу саласында шағын және орта бизнесті ынталандыруға және дамытуға мүмкіндік бермеді деген үміт бар. Бірақ Жамбыл облысындағы аудандардың көпшілігінде бөлек жинау жүйесі әлі күнге дамымай отыр. Қалдықтар жүйесіз жиналғанымен қоймай, түрлері бойынша сұрыптау да жүргізілмейді.

Нағима Темірбекованың сөзіне қарағанда, аймақта қалдықтарды бөлек жинауға контейнерлердің үш түрі орнатылған. Торлы контейнерлер пластмасса және пластикалық қалдықтарды жинауға арналса (659 дана), жабық контейнерлер пайдаланылған шамдарды (құрамында сынап бар), химиялық қоректендіру көздері мен батареяларды жинауға арналған (106 дана), сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер (3249 дана) бар. Енді тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға үйрету және оған жағдай жасау қажет.

"Айналамыздың тұрмыстық қалдықтармен ретсіз ластануы жайлы бүгінде әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп талқыланатынына қарамастан, әлі өзекті күйінде. Бұған бірден-бір себеп тұрғындарда экологиялық мәдениеттің жетіспеуі деп ойлаймын. Бүгінде қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардың ретсіздігі елдік деңгейде қарастырылуда. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі түйткілді мәселе бойынша мониторинг жүргізу үшін елімізде арнайы жедел желіні (+7 775 952 49 00) іске қосты. Бұл желіге Қазақстанның кез келген тұрғыны өз қаласында немесе ауылында аузы-мұрнынан шығып жатқан үйінділер туралы, оның ішінде фото, видео растайтын ақпарат жібере алады. Өтініштер одан әрі шаралар қабылдау үшін елдің облыстары бойынша топтарға бөлінеді", – деді жауапты маман.

Жамбыл облысы аумағындағы заңсыз күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардың көбейіп кеткендігі жөніндегі мәселе әкімінің кезекті мәжілісінде де қаралғаны есімізде. Онда контейнерлерді тазалап, босатып отыратын тиісті ұйымдардың жұмысы сын тезіне алынған. Олар қоқыс үйінділерін күніне екі рет тазартып отыруы тиістігі де айтылған. Бір ғана Тараз қаласында осы іспен айналысатын 8 кәсіпорын бар екен. Олар 150 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Ал облыс бойынша мұндай 23 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ 3,5 мыңнан астам контейнер жетіспеушілігі орын алуда. Бұл бағытта Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 700 контейнер алуға өтініш берілсе, қазірге дейін 200-і ғана келіпті. Арнайы техникалардың жетіспеушілігі де бар.

"Жасыл ел-Тараз" мекемесінің көлік жүргізушісі Ерлан Құрмановтың сөзінше, арнайы техниканың сыйымдылығы сексен контейнерге арналған. Бірақ қоқыстың көптігіне байланысты одан көп салынады. Себебі, техника аз.

"Біз өзімізге тиесілі нысандарды екі мезгіл тазартып үлгеруге тиіспіз. Тұрғындардың көпшілігі "сендер тазалап кеткеннен кейін де қоқыс шашылып қалады" деп ренжиді. Өздерінің күл-қоқысты жүйесіз төгетінін ескермейді. Контейнерлердің өзі арнасынан асып жатады", – дейді ол.

Мамандардың пікірінше айналамыздың күл-қоқысқа толуына кездейсоқ қоқыс орындарының пайда болуы да кері әсерін тигізуде. Қазір қалада да, далада да түрлі құрылыс қарқын алған. Олардан қаншама құрылыс қалдықтары қалады. Арнайы полигондар болмағандықтан, олардың барлығы қала немесе елдімекендердің сыртында тау болып үйліп қала береді. Сондықтан 2018 жылы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың ыңғайлы және экологиялық тиімді тәсілдерін қолданысқа енгізу үшін Энергетика министрлігі мен "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық түсірілімі қызметін көрсету жөнінде келісім жасаған екен. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл Тараз қаласына жақын орналасқан аудандар аумағында 168 кездейсоқ қоқыс орны анықталыпты. Шұғыл әрекеттің нәтижесінде оның 97-сі жойылған.

Айта кетерлігі, бүгінде ел Үкіметі Таразды қоқыс өртейтін зауыт құрылысы басталатын 6 қаланың тізіміне енгізген. Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығының мамандары жергілікті қатты қалдықтар мен олардың морфологиялық құрамын өлшеп, геологиялық зерттеулер жүргізіп те үлгерді. Жоба бойынша зауыт 50 мың тонна қоқысты өртеп, бір уақытта 3 МВт электр қуатын өндіреді. Инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард теңгені құрайды. Жергілікті билік полигонның жанынан бес гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуды көздеп отыр.

Қысқасы, әзірге елімізде қоқысты өңдеу ісі енді-енді дамып келеді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің мына пікірі де осыған саяды: "Бізде орта есеппен еліміз бойынша қалдықтарды өңдеу үлесі өте төмен, небәрі 15 пайыз. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 2 есе көп – орта есеппен 30 пайыз. Жасыл экономика тұжырымдамасына сәйкес, біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40 пайызға жеткізуіміз керек".

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу