Тарифті өсіру тығырықтан шығудың жолы ма?

2442

Биылғы 1 сәуірден бастап электр энергиясының тарифі 15 пайызға өсті. Бұның сан түрлі себептері бар.  

Тарифті өсіру тығырықтан шығудың жолы ма?

Қазақстанда қазір 155 электр стансасы жұмыс істейді. Оның 45-і ірі. Ол стансалардың 37-сі соңғы кезде апаттық жағдайға жақындаған.

Еліміздегі белгілі сарапшылардың пікірінше, әрбір компанияның стратегиялық жоспары болады. Олар жыл сайынғы табысының 10-15 пайызын өндірісті жаңартуға жұмсауы тиіс. Бұл салада бұған дейін де тариф көтерілген. Ірі стансалар жаңарту жұмыстарын жүйелі жүргізсе, апаттық жағдайға душар болмас еді. Ертеңгі күнді ойламау, мүмкіндіктер мен резервтерді дер кезінде іске қоспау – оларды осылай тұйыққа тіреген.

Қазақстанда электр қуаты негізінен көмір мен газ жағу арқылы өндіріледі. Жаңартылмалы энергия көздерінен алынатын жарық мөлшерінің үлесі өте аз. Тарифтің өсуіне көмір мен газ және тасымал бағасының көтерілуі де кері әсерін тигізіп жатыр. Мамандар салада оңалту шаралары қолға алынбаса, таяу жылдары қуат тапшылығын бастан кешіретініміз туралы үлкен алаңдаушылық білдіруде. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйенетін, оларды басшылыққа алатын уақыт келді. Сонда аз шығынмен мол қуат өндіруге қол жеткіземіз.

Әлемде электр қуаты қолданылмайтын сала өте сирек. Оған деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Дүниежүзінде оның 80 пайызы көмір мен газ жағу арқылы, 11 пайызы атом электр стансаларынан, 9 пайызы жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Көмір жағудан атмосфераға өте көп зиянды заттар шығарылады. Өркениетті елдер өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін экологиялық жағынан таза әрі арзан жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға ерекше көңіл бөлуде. Америка, Жапония, Германия және басқа да мемлекеттерде электровоздардың өзі күн сәулесінен  қуат алады. Сондай-ақ көпқабатты және жер үйлердің шатырларына электр қондырғылары орнатылған.

Қазақстанда тұтынушыларға қуат әлі күнге дейін негізінен әуе желілері арқылы тасымалданады. Мұның өзі орасан шығын. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған олар әбден ескірген. Жойқын жел тұрса, яки  жаңбырдан кейін аяз болса, бағандар мен тіреулер құлап, сымтемір желілер үзіліп жатады. Мәселен, өткен қыста Түркістан облысында үш ауданда елуден астам елдімекен тұрғындары табиғат апатынан ұзақ уақыт жарықсыз қалды. Демек, әуе желілерінің күні өтті. Одан бас тартқан дамыған елдерде желілер жер астынан жүргізілген. Мамандар бұл жұмыстың көп шығынды талап етпейтінін әрі апатқа жол бермеудің тиімді жолы екенін айтады.

АҚШ президенті Джо Байден мемлекет халқының 50 пайызы 2050 жылы баламалы энергиямен қамтамасыз етілетінін айтты. Олар жарты ғасырдан бері осы бағытта жемісті жұмыс істеп келеді. 1980 жылы Бостон қаласында 11 қабатты тұрғын үйдің төбесіне күн сәулесі қондырғысы, жертөлесіне қуат жинайтын құрылғы орнатылғаны туралы "Білім және еңбек" журналында жазылған. Тұрғын үйде жылыту маусымы кезінде 22 градус тұрақты жылу болады. Жертөледегі құрылғы тұрғындардың басқа да жыл бойғы қажеттіліктерін өтейді. Оған жұмсалған шығын он жылда өтеледі екен. Мақалада күн энергиясын пайдаланудың бір жылда қаншама табиғи ресурстарды үнемдейтіні, басқа артықшылықтары мен тиімділігі туралы деректер келтіріледі.

Жамбылға Қанат Бозымбаев әкім болып тұрған кезде дамыған елдердің тәжірибесінен мысал келтіріп, қуат тапшылығын еңсеру, жұмыс істеп тұрған стансалардың жүктемесін азайту және елге үлгі болуы үшін әкімдер мен басшыларға "Мекемелеріңнің төбесіне күн сәулесі қондырғысын орнатыңдар" деген міндет қойғаны бар. Көп басшылар ойланып, оны орнатудың жолдарын іздестіре бастап еді. Өкінішке қарай, Бозымбаев кеткен соң, бұл іс ұмыт қалды.

Энергетика саласының мамандары қуат өндірушілерге жуық арада мемлекет тарапынан көмек болмаса, стансалардың құрдымға кететіні туралы аса алаңдаушылықпен жазып жатыр. Демек, тариф өсіру мұнымен тоқтамайды.

Осыдан жеті жыл бұрын Жамбыл облысындағы Жуалыда орын тепкен "Бурное солар-1" күн электр стансасына қаржы құйған германиялық инвестор: "Сендер кең байтақ жерлерің бар қандай бақыттысыңдар? Бізде ақша бар. Бірақ жер жоқ. Сондықтан ойға алған жұмыстарымызды жүзеге асыра алмай жігеріміз құм болады" деп ағынан жарылған болатын.

Бүгінде республикада сағатына 1400 мегаватт қуат өндіретін 101 нысан жұмыс істеп тұр. Жамбыл облысы бұл бағытта көш басында. Аймақта сағатына 268,7 мегаватт қуат өндіретін 12 нысан бар. Жамбыл – күн сәулесі көп түсетін, жиі жел тұратын және өзендері мол өңір. Сондықтан облыс қажеттілігі үшін жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін өнімнің  үлесін жазда – 80, қыста 40 пайызға жеткізу көзделуде. Бүгінде облыста 5 су электр стансасы бар. Олардың жалпы қуаты – 15,1 мегаватт. Жуалы ауданында екі қуатты күн электр стансасы бар. Олар сағатына 100 мегаватт қуат өндіре алады. Баламалы энергия көздері бойынша 2020-2021 жылдары жалпы қуаты 133,8 мегаватты құрайтын 4 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Олардың құрылысы толық аяқталса, жыл соңында аймақта жаңартылатын энергия көздерінен сағатына 403,65 мегаватт қуат өндірілмек.

Әлбетте, Қазақстан үшін баламалы энергия бағытында жұмыс істеп тұрған 101 нысан тым аз. 2020 жылы елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі 107, 3 миллиард киловатт/сағатты құрап, отандық стансалар 108 миллиард киловатт/сағат энергия өндірген. Оның 68 пайызы көмір, 20 пайызы газ жағу арқылы, ал қалғаны жаңартылмалы энергия көздерінен алынған.

Әсел Мұратбекқызы,

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу