Биыл тұмауға қарсы егу шаралары неге ерте басталды?

11895

Ал ел ішінде "Тұмауға қарсы екпе дегені – короновирусқа қарсы вакцина екен, осылайша еріксіз сынама жүргізбек болып жатыр" деген дақпырт тарап, онсыз да үрейі ұшқан жұрттың тынышы қашырып жүр.  

Биыл тұмауға қарсы егу шаралары неге ерте басталды?

Жыл сайын елімізде тұмауға қарсы екпе науқаны 1 қазаннан басталатын. Маусымдық жедел респираторлы инфекциялардың алдын алуды 15 қыркүйектен бастап кетудің бір ғана себебі бар екенін көпшілік жақсы біледі. Әйтсе де, халық арасында таралған түрлі алып-қашпа әңгіме жұртты әрі-сәрі күйге түсіріп тұр.

Індетке шалдығып, бір қатерді басынан өткергендер коронавирус пен тұмаудың ұқсас белгілері барына көздері жеткен. Сондықтан, жедел респираторлы инфекциялардың алдын алып, иммунитетті сақтаудың аса маңызды екенін түсініп отыр. Дәрігерлер мен вирусолог мамандар да осыны айтып, ескертіп жатыр. Алайда, тұмаудың түрлі штамы болатыны секілді, екпенің де түрлері көп.

Екпе алғанда қайсысын салғызған жөн? Еліміз бойынша тұмауға қарсы вакцинаның қай түрі егілуде? Ол COVID-19 вирусынан қорғай ма? Дүдәмәл ойға беріліп, екпе салғызуға батыл шешім қабылдай алмай отырғандардың көкейіндегі көп сұраққа Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жауап берді.  

"Біз бірнәрсені ұмытпауымыз керек. Екпе талай жылдан бері көптеген әлеуметтік мәні бар түрлі жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл болып келді. Жұқпалы аурулардың елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тигізер әсері көп. Еңбекке деген қабілеттілік төмендейді, өнімділік азаяды. Мұны, әсіресе, жұмыс берушілер жақсы түсінуі тиіс. Әйтсе де, пандемия жағдайында көпшіліктің көңілінде үрейдің болуы да заңдылық. Бірақ, жел сөзге ерік бермей, ресми ақпараттарға ғана құлақ асқан жөн. Жедел респираторлы вирустық инфекциялар таралып, тұмауратқан тұрғындар коронавирус жұқтырса, аса қауіпті. Сол үшін тұмауға қарсы вакцинация жасау керек", – деді Әсет Әскербекұлы.

Тұмаудың түрлі шта мы болатыны белгілі. Соған қарай екпенің де түр-түрі бар. Дәл қазір соның қандай түрін салғызған жөн? Бұл мәселені облыстың Бас дәрігері былай түсіндірді:

"Жылда тұмау таралатын маусымда еліміздің вирусолог мамандары алдын ала талдау жүргізеді. Жедел репираторлы вирустық инфекциялардың қай түрі ауыр соғуы мүмкін екенін саралайды. Соған қарай вакцинаға тапсырыс беріледі. Биыл да елімізде құрамында тұмаудың бірнеше штаммына қарсы препараттары бар Ресейде өндірілген "ГРИППОЛ" екпесі егілуде. Бұл вакцина алдыңғы жылдары да салынған. Екпеден кейін кейбір адамдарда ине салған орны қызарып, дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бірақ одан қорықпау керек. Ол қалыпты жағдай".

Тұмауға қарсы екпе алу-алмау әркімнің өз еркінде. Дәргіеолердің сөзінше, екпе алған жан тұмауратпайтынына сенімді болады. Әрі екпенің бағасы қолжетімді. Қазақстандық азамат таңдау құқы бойынша тіркелген емханасына барып,  800-1500 теңге аралығында ақысын төлеп, вакцина салғыза алады. Әлеуметтік желіде жазылып жатқан "тұмауға қарсы екпенің бағасы 5000 теңгеден кем емес" деген сөз де – алып-қашпа әңгіме көрінеді. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай қауесеттің таралуына ненің негіз болғанын саралауға уәде берді.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу