Пандемия және шектеу кезінде елдің үйде тығылып отырғанын пайдаланса керек, көңілден таса, назардан тыс көптеген заңсыз қоқыс төкпелері пайда болыпты. Үкімет енді оларды анықтауға "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясын жұмылдыруда. Мемлекеттің арнайы тапсырысы аясында ҚҒС еліміздің 23 ірі қаласының, атап айтқанда, 3 мегаполистің, сондай-ақ 14 облыс орталығының және 6 қала – Сарыағаш, Жетісай, Балқаш, Жезқазған, Семей және Лисаковтың айналасына ғарыштан мониторинг жүргізіп шықты. Нәтижесінде, санкцияланбаған қоқыс төгілген 7 мың 632 орынды анықтады. Ту биіктен көрінгеніне қарағанда, ауқымы едәуір болса керек.
Осыған орай Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі барлық облыс және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдіктеріне ғарыштық түсірілімдерді түртіп көрсетті және әкімдермен бірге сол стихиялы қоқыс үйінділерін бір ай ішінде тегіс жоюды қарастыратын кестеге қол қойды. Ол кестеде министрлік әр қалада заңсыз "қоқыс полигонының" нақты қай жерде орналасқанын нұсқады.
Одан не шықты?
Әкімдермен мәмілеге келгелі бастапқы 7 мың 362 заңсыз қоқыс үйіндісінің 5 мың 228-і жойылған екен. Бұл жерде "тазалықсүйгіш" әкімдер айқындалды: Қарағанды облысының басшылығы 828 қоқыс төкпесінің бәрін дер кезінде тазартып шыға алған. Сонымен қатар Павлодар (587), Жамбыл (168), Қызылорда (8) облыстары және Алматы (16), Шымкент (9) қалалары ғарыштан қарау арқылы өздерінде табылған заңсыз қоқыс үйінділерін 100% жойыпты.
Тұрғындары лас, ал жергілікті билігі шабан өңірлер де белгілі болды. Мысалы, ең көп заңсыз "қоқыс төбелері" (1 мың 593) Ақмола облысында әшкереленді. Алайда соның 853-і немесе 54%-ы ғана тазартылған. Ал Маңғыстау (148 қоқыстың 36-ы немесе 24%), Ақтөбе (617-сінің 355-і немесе 58%) және Алматы (483-інің 275-і, 57%-ы) облыстарында тазалық шараларының қарқыны мүлдем төмен.
Экология министрлігі Экологиялық кодекске сәйкес, елдімекендердің аумағын қоқыстан тазарту үшін Үкімет емес, жергілікті атқарушы органдар жауапкершілік арқалайтынын еске салады. Ведомствоның дерегінше, жыл сайын елімізде 4,5–5 млн тонна тұрмыстық қалдық жаңадан пайда болады. Оның әзірге тек 15%-ы ғана өңделеді. Қалған 85%-ы өңделмеген күйі жер астына көміледі. Бұлай бара берсе, қазақ жерінің үлкен бөлігін кілең пластиктен тұратын улы қоқыс жауып кетпек.
Қоқыс жәшіктерінің "керуені" өсуде
Жалпы, қоқыстың көбейгенін ірі қалалардағы көпқабатты үйлер жанындағы қоқыс жәшіктерінен байқауға болады. Кейбір тұрғын үй кешендері жанында тіпті 10–15 жәшіктен тұратын "керуен" түзіледі.
"Алматының "Жас қанат" ықшамауданындағы біздің №1/12, №1/9, №1/19 үйлерінің жанында 9 контейнерден тұратын қоқыс алаңы бірден 10-нан аса үйге қызмет көрсетеді. Сөйтіп, ол бір тәулікке жетпей-ақ толып қалады. Одан кейін адамдар қоқыстарын алаңның айналасында қоймалап, үйе бастайды. Қаңғыбас иттер оны әрлі-берлі жұлқылап, ары шашады. Салдарынан, қоқыс алаңы ғана емес, оның маңындағы 10 метрге дейінгі жер тұрмыстық қалдыққа толады. Жазғы аптапта әбден сасып, күлімсі иісі қолқаны қабады. Қасында бір секундқа шыдап тұру мүмкін емес. Ол аз болғандай, жолай өтетін көліктер қалдықтарын осы жерге тастап кетуге құштар. Алаң әу бастан дұрыс жобаланбаған, контейнерлер "П" әрпі сипатында орналастырылады, оның ұшындағы қос-қос контейнер тез толады. Содан соң адамдар қоқыс алаңының түкпіріне өтуге жиіркеніп, пакеттерін алыстан лақтырады. Онысы жолай шашылады", – деп шағымданады алматылық Азалия Батькаева.
Ол қала әкімдігінен қоқыс алаңын күресінге жіберіп, оның орнына ықшамауданның түкпіріне қарай түзу конфигурациялы жаңа алаңды орнатуды сұрапты.
Негізі, 2007 жылғы 29 маусымда бекітілген "Тұрғын үйлерді жобалауға, салуға, пайдалану мен күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға" сәйкес, контейнерлер тұрғын үйлерден 25 метрден жақын емес, бірақ 100 метрден алыс емес қашықтықта орналасуға тиіс. Дегенмен, көп жерде жәшіктер үйдің дәл іргесінде, кейбірінде тіпті терезе түбінде орналасады. Содан қоқыс толы пакетті терезеден ататындары да бар.
Алматы әкімдігі "Жас қанат" ықшамауданындағы антисанитария мәселесімен таныс көрінеді.
"Ол аумаққа "Де-Факто и К" ЖШС қызмет көрсетеді. Қоқыс шығарушы ұйым жөнсіздіктердің жойылғанын хабарлады. Ұйым басшылығына ескерту жасалды, болашақта күлімсі иісті қоқыстың шектен тыс жиналып қалуына жол бермеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды кестеге сай уақытылы шығару жүктелді", – деп мәлім етті Алматы әкімдігі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствоның қауырт желісіне заңсыз қоқыс төкпелер туралы 600-ден астам шағым түскенін айтады. Ең көп арыз Алматы (90), Шығыс Қазақстан (62), Қарағанды (48) облыстарынан және Алматы қаласынан (47) түскен. Бұларға сондай-ақ Ақмола (42) және Ақтөбе (30) облыстары қосылды. 154 шағым контейнерлердің аузы-мұрнынан шыға толып тұрғанына қатысты болған. Әкімдіктермен бірлесіп, бір апта ішінде 347 қоқыс орны жойылды. Жұмыс жалғасуда.
Министр қазақстандықтардың азаматтық белсенділігі артқанына назар аударыпты. Төрт қабырғада қамалудан шаршаған жұрт сыртқа шыққанда қала ішінің, елді мекен айналасының қоқысқа толғанына куә болды. Және бұл көрініс көпшілікке ұнамағанға ұқсайды.
Сондықтан экология министрлігі 8 (775) 952-49-00 қауырт желісін іске қосты. Осы ұялы телефон нөмірі арқылы WhatsApp мессенджеріне Қазақстанның кез келген өңіріндегі ауыл-кент не қала тұрғыны заңсыз қоқыс орындары туралы ақпаратты жолдауына, оған фотосуретті не видеожазбаны қоса беруіне болады. М.Мырзағалиевтің түсіндіруінше, бұл ақпарат жергілікті әкімдікке, экология департаментіне және ІІМ қызметіне жолданады. Ол жаққа мамандар тексеріспен аттанады, айыптыларға айыппұл салынады.
Ниет таза болса, ауыл мен қала да таза болады. Министрлік қазақстандықтарды бей-жай қалмауды, куә болған фактілерді қауырт желіге хабарлауды сұрайды.
Жанат Ардақ
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!