Қазақ жігіті қоқысты сұрыптаудың тың тәсілін тапты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3167

Отандасымыз Uber, Indriver қосымшаларының бизнес-моделін пайдаланған.

Қазақ жігіті қоқысты сұрыптаудың тың тәсілін тапты

"ЭКО-17" компаниясының өкілі Серік Жаңбыршиев үшін соңғы бір айда макулатура жинау әлдеқайда жеңілдеген. Бұрын экомақта өндірісіне қажетті шикізатты іздеп табу үшін арагідік қоқыс төгілетін орындарды аралауға тура келетін. Ал қазір Mobile Recycling System қосымшасының көмегімен өзгелердің керексіз деп тапқан макулатурасын нақты бір мекенжайдан алып кетеді.

"Mobile Recycling System – қоқысты жинап, сұрыптауға арналған қосымша. Оны Ақтан Тумышев есімді азамат ойлап тапқан. Қосымшаның іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сол себепті ел ішінде аса танымал емес. Бірақ жақын уақытта халықтың бәрі осы қосымшаны пайдаланатын болады. Мен бұған кәміл сенемін", – дейді Серік Жаңбыршиев.

Mobile Recycling System-ның қызметі Uber, Indriver қосымшаларына ұқсайды. Яғни, қосымша арқылы үйде, жұмыста керексіз макулатура бары туралы тапсырыс қалдырасыз. Тапсырысты қосымшаға тіркелген қызмет көрсетушілер қабылдайды. Осылайша, олар қажетсіз затты үйден алып кетеді және қоқыс үшін сізге ақша төлейді.

Mobile Recycling System қосымшасын бір айдай пайдаланған Серік Жаңбыршиев оның тиімділігі көп дейді.

"Әзірше күніне бір-екі тапсырыс қана түседі. Бара-бара тапсырыстардың көбейетіні анық. Mobile Recycling System қосымшасының тиімді тұсы өте көп. Біріншіден, қайта өңдеуге жарайтын қағаз-кітаптар өзге қоқыстармен былғанып, бүлінбейді. Екіншіден, қоқысты арнайы орынға апарып төгудің қажеті жоқ. Үшіншіден, жиналған қоқыс үшін азын-аулақ болса да ақша аласыз. Макулатураның әр келісіне 15-25 теңге аралығында ақы төленеді. Ақшаны сол жерде бірден қайырымдылыққа аударуға да болады. Төртіншіден, қоқысты тапсырушының да, алушының да уақыты үнемделеді", – дейді "ЭКО-17" компаниясының өкілі.

Оның сөзінше, Mobile Recycling System қосымшасына түрлі мекемелер мен компаниялар қызығушылық таныта бастаған. Пайдаланылған ақ парақтарды өткізген соң оларға жою актісі беріледі.

Еске сала кетейік, "ЭКО-17" компаниясы макулатураны қайта өңдеп, экомақта алады. Экомақта ғимараттардың сыртқы қабатын жылыту үшін пайдаланылады.

Mobile Recycling System-ды ойлап тапқан Ақтан Тумышевке қоқысты жинап, сұрыптауға арналған қосымша жасау идеясы шетелде, Лос-Анджелесте оқып жүргенде келген. 

Жобаның қосымша авторларының бірі Мақпал Тумышеваның айтуынша, адамдарда қоқысты сұрыптап, арнайы қабылдау орындарына өткізу үшін бос уақыт бола бермейді. Бұл тұтас әлем үшін маңызды мәселе боп отыр.

"Қайта өңдеуге болатын қоқысты былғанбаған, бұзылмаған күйінде жинаған тиімді. Әйтпесе, мұның бәрі қосымша шығын. Оның үстіне қалай болса солай сұрыпталған қоқысты қайта өңдеу мүмкін емес. Яғни, қоқысты жинау – қайта өңдеу процесіндегі маңызды кезең", – деген болатын ол "Капитал" басылыма берген сұхбатында.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қосымша Uber, Indriver қосымшаларының бизнес-моделіне негізделген. Жалпы, Mobile Recycling System қосымшасы қоқысты қайта өңдеу үшін шикізат жинаумен айналысатын кәсіпорындарға арналған.

"Біз үш мақсатты көздеп отырмыз. Бірінші – қоқысты сұрыптауды ұйымдастыру. Екінші – мобильді қосымшаға мейлінше көп адам тарту. Үшінші – қоқысты жинау процесін қолайлы ету", – дейді Мақпал Тумышева.

Жоба көп қаржыны талап етеді. Әсіресе, шығынның көп бөлігі платформаны әзірлеп, дамытуға жұмсалмақ. Бұған қосымшаның жарнамасын қосыңыз.       

"Қазір Қазақстандағы Most және Jastar Business атты екі бизнес-инкубаторға қатысып жатырмыз. Бұдан бөлек, Лос-Анджелес қаласындағы LACI (Los Angeles CleanTeach Incubator) бизнес-инкубаторда бақ сынаудамыз", – дейді жобаның қосымша авторы.   

Mobile Recycling System қосымшасын App Store мен Play Market-тен жүктеп алуға болады.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу