Қазақстанда 3,5 млрд теңге "шіріп кетті"

11608

Билік өзін-өзі ақтамаған "мораторийден" бас тартуға ниетті. 

Қазақстанда 3,5 млрд теңге "шіріп кетті"

2019 жылы мемлекет қағаз, картон және макулатураны сыртқа шығаруға тыйым салды. Тыйым 2 жыл мерзімге енгізілген. Алайда бұдан экология мен кәсіпкерлер үлкен зардап шегіп жатқаны анықталды.

Осыған орай бір топ бизнесмен Үкіметке, жауапты министрліктерге бірлескен шағым жазуда. Онда олар салада қалыптасқан ауыр жағдайды ашық баяндайды. Хатта айтылғандай, қайта өңделетін шикізат нарығында жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Алда көктем туындағанда ол тіптен қиындауы мүмкін.

"Макулатура жинау саласы жойылудың алдында тұр. Өйткені қайталама шикізат жинайтын компаниялар көптеген проблема ауыртпалығының астында қалды. Ең бастысы, макулатура экспортына тыйым енгізілгелі бері ішкі нарықта орасан зор көлемде шикізат қордалануда. Оны Қазақстанның өңдеуші кәсіпорындары игеруге қауқарсыз. Олардың жалпы қуаты айына тек 12–14 мың тоннасын өңдеуге жетеді. Ал компаниялар 15 мың тоннадан астамын жинайды. Нәтижесінде тыйым күшіне енген 10 ай ішінде өңдеушілер мен жинаушылардың қоймаларында 15 мың тоннадай макулатура жинақталып қалды және ол қар жентегіндей барған сайын өсіп жатыр", – дейді кәсіпкерлер.    

Шағымға Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Тараз, Орал, Атырау, Ақтау, Қостанай, Ақтөбе, Өскемен, Теміртау, Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Семей, Алматы, Шымкент, Қарағанды және басқа қалалардан 25 кәсіпорын басшысы қол қойды.

Олардың мәліметінше, тыйым салу кесірінен, біріншіден, шикізатты сатып алу бағасы төмендеген. Екіншіден, өңдеу зауыттары әр компаниядан қабылдайтын шикізат көлеміне шектеу-лимит енгізіпті. Салдарынан, кәсіпкерлер қабылдау бекеттерінде сатып алу бағасын төмендетуге мәжбүр болған. Оны азсынған халық қағаз қалдығын қоқысқа лақтыра салады. Сөйтіп, тұрмыстық қалдық ауқымы артуда.

Компанияларға қалаларда қалдықты бөліп жинау жүйесіндегі жобаларын тоқтатуға тура келіпті. Қазіргі кезде тіпті Нұр-Сұлтанның өзінде қоқысты жеке жинау тәжірибесі дағдарысқа ұшырағанын аңғаруға болады. 

Тыйым сондай-ақ жұмыс орындарының азаюына соқтырды. Өйткені қабылдау пунктері де жабылуда. Бұлай бара берсе, макулатура профициті кесірінен бәрі жұмысын тоқтатып, жұртшылыққа қағаз қалдықтарды тапсыратын жер қалмауы мүмкін. Онда Үкіметтің және әкімдіктердің сол бұрынғы екпінмен жарнамаланып жатқан қоқысты жеке-жеке жинауға қатысты экологиялық жобалары жарға жығылмақ. Ендеше қайталама шикізатты сұрыптау қажеттігін түсіндіруге және насихаттауға жұмсалған ел қаржысы да құмға сіңген судай заяға кетеді.

Экономистер сала дағдарса, мемлекет қанша қаржыдан қағылатынын есептеп шықты. Қазақстанда ай сайын шамамен 15 мың тоннадай макулатура жиналатыны әлгінде айтылды. Осы көлемді орташа сатып алу бағасына – 1 келісі үшін 55 теңгеге көбейтсек, бұл 825 млн теңгеге тең. Оны 12 айға көбейткенде, 9,9 млрд теңге шығады.

Енгізілген тыйым жинау көлемінің 25%-ға дейін құлдырауына соқтырды. Болжам бойынша енді тағы 10%-ға кемімек. Хат жазған кәсіпкерлер 3,5 млрд теңгенің шикізаты уақытында өңделмей, босқа шіріп, күлімсі иісі қолқаны қауып жатқанын жеткізді. Осынша табыс бизнесмендер қалтасына түспеді, одан салық төленбеді, жалақылар берілмеді.

"Қайталама шикізатты жинаушылар мен өңдеуші зауыттар қоймасы шикізатқа толып тұр. Іріп-шіріп жатқан шикізатты енді не істейміз? Экологиялық кодекс талабына сәйкес, Қазақстанда қағаз бен макулатураны қоқыс полигонына апарып тастауға тыйым салынды. Жаз келе жатыр. Мұны қоймада ұзақ сақтау өрт қаупін тудырады", – деген 25 кәсіпорын басшысы экспортқа қойылған мораторийді жоюды немесе бұл түйткілді шешудің басқа жолын ұсынуды сұрайды.

Оралдық осындай компания басшысы Дмитрий Борисов еліміздің бір шетінен екінші шетіндегі өңдеу зауытына шикізат тасымалдау аса қымбатқа түсетінін де алға тартады.

"Бұрын бұл өнімді Ресейге экспорттайтынбыз. Мәселен, Самараға жеткізу шығыны 40–60 мың теңге болады. Осы көлемдегі жүкті Алматыға тасу 700 мың теңгені, ал Шымкентке – 500 мың теңгені қажет етеді", – деген ол мұндай шығын тіпті ең төменгі кіріске қол жеткізуге мүмкіндік қалдырмайтынына шағымданады.   

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тыйымды жою үшін бұл ұсыныс Сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысына шығарылуға тиістігін хабарлады. Шешім сонда құпталады.

"Жалпы, былтырғы 26 желтоқсанда біз қағаз, картон және макулатура тыйымына қатысты кеңес өткіздік. Кеңес қорытындысында "Атамекен" ұлттық палатасына салалық қауымдастықтармен бірге тыйымның тиімділігіне талдау жүргізу жүктелді. Оның негізінде палата өз ұстанымын біздің министрлікке енгізуі керек болатын. Алайда күні бүгінге дейін бізге ешқандай ақпарат түскен жоқ. Макулатураны сыртқа шығаруға қойылған тыйымды алып тастау туралы мәселе әлгі комиссия қарауына енгізілуі үшін ұлттық палата біздің ведомствоға тиісті ұсыныстарды негіздемесімен бірге енгізуі керек", – деген Бейбіт Атамқұлов палатаның мақұлдауынсыз шектеуді алып тастай алмайтынын білдірді.

Хат авторларының бірі кәсіпкер Айгүл Мүслімованың айтуынша, бизнесмендер ҰКП-ға да хат жолдады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу