Қазақстанға 400 млн доллардың қатырма қағазы импортталады

4254

2019 жылдың алғашқы 4 айында елімізде 21 млрд теңгенің қағазы өндірілді.

Қазақстанға 400 млн доллардың қатырма қағазы импортталады Фото: Қанат Махамбет

Осыдан 3 жыл бұрын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен, отандық целлюлоза-қағаз өнеркәсібі кәсіпорындарының ұсынысы негізінде сол кездегі инвестиция және даму министрі "Қазақстан Республикасы аумағынан қағаз, картон, макулатура және қалдықтарды  шығаруға тыйым салу туралы" бұйрыққа (2016 ж. 14 қазан. №630 бұйрық) қол қойды.

"Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірде шыққан "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының 18-бабына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшарттың 29-бабына, сондай-ақ келісімшарттың 7-қосымшасының 10-бөліміне сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағынан алты ай бойы қағаз, картон, макулатура және қалдықтарды шығаруға тыйым салуға бұйырамын!", – деп пәрмен берді сол кезде министр.

Сәйкесінше Қазақстаннан шет елге жарты жыл қағаз экспортталған жоқ. Өндіріс көлемі артып, іс алға басты. Бірақ бұл уақытша құбылыс болды. Тыйым салынған мерзім аяқталған соң, жағдай бұрынғы қалпына келді. Елде қайтадан шикізат тапшылығы басталды. Қағаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындар өлместің күнін кешті. Нарықты импорт жаулады.

Олқылықтың орнын толтыру үшін қазіргі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 2019 жылы 19 ақпанда "Қазақстан Республикасы аумағынан қағаз, картон, макулатура мен қалдық және  ірі қара малдың өңделмеген терісін шығаруға тыйым салу туралы" бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша ел аумағынан 2 жыл қағаз, картон, макулатура мен қалдық және  ірі қара малдың өңделмеген терісі шығарылмайтын болды.

Осы тақырып Қазақстан халқы ассамблеясының кәсіпкерлер қауымдастығы мен Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған "Қазақстандағы целюлоза-қағаз өнеркәсібі мен қаптау индустриясының дамуы" атты I республикалық форумда талқыланды.

"Біз еліміздегі орман шаруашылығы секторының экономикалық әлеуетін дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Себебі орман шаруашылығы мен ағаш өңдеу инфрақұрылымы дамымаған, өндірістік қор тозған. Экономикадағы орман секторының дамуын анықтауда целлюлоза-қағаз саласы маңызды рөл атқарады. Целлюлоза-қағаз комбинаттары өндірістік айналымға ағаш сүректерін салады да, жоғары құн қосылған өнім шығарады", – деді форумда ҚХА төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев.

Оның сөзінше, елімізде 300-ге жуық кәсіпорын қағаз өндіру ісімен айналысады.

"2018 жылы өндіріс көлемі 2017 жылғы көрсеткіштен 5%-ға көбейіп, 58 млрд теңгені құрады", – деді Жансейіт Түймебаев.

ҚХА төрағасы бірінші орынбасарының ойынша, қаптама – тауардың беткеұстары. Қаптама тартымды болса, сатып алушылар көбейеді.

"Көп жағдайда сатып алушылар тауарды қажеттіліктен емес, қызыққаннан алады. Жақсы қаптама 5 секундтық жарнаманың рөлін атқарады. Тауар қаптамасы маркетингтің тиімді құралы саналады. Сондықтан сөз болып отырған салаларға мемлекеттік қолдау көрсету экспорттың әлеуетін арттырады", – деді Жансейіт Түймебаев.

Форумда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов пікір білдірді. Ол 2019 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстанда 21 млрд теңгенің қағазы өндірілгенін айтты.

Өз кезегінде "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Қуаныш Бишімов Қазақстан жыл сайын 200 мың тоннадан астам қатырма қағаз экспорттайтынын, ал біздің елге 400 млн доллардың қатырма қағазы импортталатынын баяндады.   

"Қазір "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорымен импорт алмастыру мәселесін талқылап жатырмыз. Біз отандық өндірушілерді қолдауымыз керек. Елімізге сырттан 400 млн доллардың тауарын кіргізгеннен пайда жоқ. "Атамекен" Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығымен бірлесіп, субсидияның қандай түрлерін қолданған дұрыс екенін сараптап жатыр. Бұл бастаманы салалық министрлік қолдап отыр", – деді Қуаныш Бишімов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу