Ірі түрік холдингі елімізде қаптама жасауға кіріспек

2838

Қазақстанда 11 наурыздан бастап макулатураны шетелге әкетуге қатаң тыйым салынды.

Ірі түрік холдингі елімізде қаптама жасауға кіріспек

Бұл шектеу елімізде жұмыртқаның арзандауына әкеледі деп күтілуде.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі "Қалпына келтiрiлетiн қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды, ірі қара малдың өңделмеген терісін әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы" бұйрыққа қол қойды.

Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағынан "қалпына келтірілетін қағазды, картонды, макулатураны және қалдықтарды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 4707) әкетуге 2 жыл мерзімге" тыйым салынды.

Ал ірі қара малдың өңделмеген терісін (ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасының коды 4101) әкетуге небары жарты жыл мерзімге шектеу енгізілді.

Бұл тыйымдарды ешкім айналып өтпеуі үшін осы іске Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, көлік комитеті, ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті жұмылдырылуда.

Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығы макулатураның су тегінге шетелге кетуіне тосқауыл қоюды 2017 жылдан бері табанды түрде сұрап келе жатқан болатын. Әрине, бұл жерде ұйым әртүрлі қаптауыш заттар жасайтын кәсіпорындардың бизнес мүддесін ілгерілетті.

Қауымдастық басшылығының байламынша, бұл шешім отандық целлюлозалық-қағаздық өнеркәсіпті сақтау және дамыту үшін өмірлік маңызды көрінеді.

Бұл бастаманы тамақ өнеркәсібінде табыс тауып жүрген бизнесмендер де қызу қуаттады. Себебі, қағаз қатырма және басқа да қаптама өнімдерінің 80%-ын солар тұтынады.

Ақыры биылғы ақпан айы бел ортасынан асқанда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек тиісті бұйрыққа қол қойып тастады. Ізінше оның орнын Роман Скляр басқаны мәлім. Заң талабы бойынша бұйрық жарияланған күніне он күн өткенде, 11 наурызда күшіне енді.

Осы бұйрық нәтижесінде елімізде жұмыртқа 1-2%-ға арзандауы күтілуде.

"Өйткені жұмыртқаның өзіндік құнының шамамен 10%-ын қаптамалар құрайды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 миллиард жұмыртқа өндіріледі. Тиісінше, оларды салу үшін 180 миллион лоток керек. Ал дәл осы науашаларды макулатурадан жасайды. Біз тек соларға ғана шамамен 2 миллиард теңге шығындаймыз. Соған шамалас қаражат қораптарға кетеді. Тиісінше, жұмыртқа өндірушілер жыл сайын қаптамаларға 4 миллиард теңге жұмсайды. Лотоктар мен қораптар шығаратын қазақстандық зауыттар отандық құс фабрикаларының қажеттіліктерін 100% өтемейтін. Себебі, оларға арзан шикізат жетіспеді. Ол шикізат шетелге кетіп, өзге елдердің өндірістерін қамтамасыз ететін", – дейді "Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының" президенті Максим Божко.

Оның айтуынша, қағазды, картонды, макулатураны және өзге қалдықтарды сыртқа шығаруға тыйым қойылысымен, өз еліміздегі қағаз зауыттары шикізатпен молырақ қамтыла бастайды. Сәйкесінше, олар тарапынан нарықтағы ұсыныс та ұлғаяды. Бұл сығымдалған қаптама өнімдері бағасының шамамен 10-15 теңгеге арзандауына әкелмек.

"Демек, егер жұмыртқа қаптамасының өнімдегі үлесі 10%-ды құраса, макулатура құны шамамен 10-20%-ға арзандаса, онда ақырғы өнім – жұмыртқа бағасы да 1-2%-ға түсуге тиіс. Рас, айтуға тұрмастай аз естіледі. Бірақ бүкіл экономика ауқымында үлкен сома шығады", – дейді Максим Божко.

Бұл тұжырымды басқа сарапшылар да растайды.

"Біріншіден, біз стратегиялық шикізатымыз – макулатура бағасының төмендеуін күтудеміз. Екіншіден, осы сектордың инвестициялық тартымдылығы жақсармақ. Өйткені біз енді кем дегенде екі жыл бойы арзан шикізатпен қамтамасыз етілеміз. Бүгінде қазақстандық нарыққа ірі түрік холдингі қызығушылық танытып отыр. Биылғы жылы елімізде тағы үш зауыт іске қосылуға әзірленуде. Олар да қорап түрлерін жасаумен айналысады. Біз өте күшті қуаттылықтар қолданысқа беріледі деп тұспалдаудамыз. Ендеше бұған дейін қаптама заттарын Ресейден сатып алып келген көптеген отандық кәсіпорын таяу арада қазақстандық өндірушілерге ден қоюы тиіс", – деп болжайды Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығының басшысы Батырбек Әубәкіров.

Ал 2017-2018 жылдары еліміздегі осы саладағы бірқатар ірі кәсіпорындар шикізат жетіспеуі кесірінен тіпті уақытша тоқтауға да мәжбүр болған. Сол кезде қазақстандық макулатура Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға кетіп жатты.

Оның алдында, 2016 жылы Қазақстанда макулатураны сыртқа шығаруға 6 айға тыйым салынған болатын. Осы шектеу мерзімі біте салысымен, ескі қағаз жинағы лек-лекпен көрші елдерге қайтадан ағындай бастады.

"Бүгін біз соңғы күн жұмыс жасап тұрмыз. Шикізат таусылды. Макулатура шетелде кетуге. Өткен жылы оның бағасы келісі үшін 30 теңге болған. Бірақ макулатура жинаушылардың өз шығындары жетерлік, сондықтан олардың сұрауымен сатып алу бағасын тағы 5 теңгеге көтердік. Алайда өзбектер келді де, бағаны шарықтата бастады. Себебі, оларда Тәшкенттегі баға бір келісі үшін 80-100 теңгеге барады. Өзбектер Шымкенттен макулатураның әр келісін 60 теңгеден алып кетуге даяр. Тиісінше, жеткізушілер шикізатты соларға сатуға бейім тұрады", – деген болатын былтыр журналистерді жиған шымкенттік "Бумпром" кәсіпорнының директоры Нұралы Бижанов.

Kazakhstan Kagazy PLC компаниясының құрамына кіретін "Kazakhstan Waste Recycling" ЖШС Қазақстандағы макулатураны жинап, сұрыптаумен айналысатын аса ірі кәсіпорын саналады, ол да шикізат тапшылығына ұшырап, өз өндірісінің жартысын жабуға мәжбүр болған. Егер зауыт тәулігіне 180 тонна қағаз өңдесе, өткен жылғы ақпаннан бері оны 90 тоннаға дейін азайтқан. Мұндай ахуал басқа зауыт-кәсіпорындарда да қалыптасты. Содан кәсіпкерлер осы шикізатты жатжұрттарға әкетуге тоспа құруды сұрап, үкіметке жүгінді. Бұл мәселені пысықтау сол кездегі вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктеліпті. Өйткені қандай да бір экспортқа тыйым салу бір министрдің қолында емес, әр орган жұмысына сәйкес, ведомствоаралық үйлестіруді талап етеді. Яғни, Досаев ұлттық банкке кеткенше, бұл саладағы істі біржақты етіп кеткенге ұқсайды.

Енді жағдай өзгеруде. Қаптама шығарушылар тіпті жаңа желі сатып алып, орнатуға кірісуде екен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу