Жұмыртқа өндірушілердің жағдайы жақсы ма

4875

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы жұмыртқа бизнесіне бет бұрудың қажеті жоқ екенін айтты.

Жұмыртқа өндірушілердің жағдайы жақсы ма

Өткен жылы елімізде 6 млрд данадан астам жұмыртқа өндірілді. Осылайша ішкі сұраныс 100% қанағаттандырылды.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың мәлімдеуінше, қазір отандық жұмыртқа өндірушілер сыртқы нарықты жаулап жатыр.

"Біз 3 жылдан бері экспорт көлемін ұлғайтып, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Ауғанстан мемлекеттеріне жұмыртқа жеткізудеміз", – деді ол.

Бір қызығы, қауымдастық төрағасы жиналған жұртты жұмыртқа өндіру ісімен айналысудың қажеті жоқ екенін айтты. 

"Мен бұл бағытқа бет бұрмауға кеңес беремін. Себебі соңғы 3 жылда баға арзандап, табыс азайып кетті. Біз 2018 жылды шығынмен жаптық. Өйткені ұсыныс сұраныстан көп болды", – деді Максим Божко.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы төрағасының бұл ұсынысын әркім сан-саққа жүгіртті. Біреулер: "Нарықта монополист болып қалу үшін әдейі осылай айтты", – десе, ендібіреулер:"Бұл – болашақ бәсекелестерін үрейлендіру үшін жасалған қадам", – деді.

Максим Божконың нені меңзегенін тап басу қиын, дегенмен оның пікірі осындай болды.

Құс өсірушілер одағының мә­ліметінше, қазір елімізде 56 құс фабрикасы бар. Оның 36-сы – жұмыртқа, 20-сы ет өндіреді. Айтпақшы, биыл Ақмола облысының Атбасар ауданында 50 мың тауыққа арналған құс фабрикасы салынады. Мұнда 100 мың тауық болады деген болжам бар.

Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы отандық өндірушілер ішкі нарықты тауық етімен тиісінше қамти алмай отырғанын тілге тиек етті.

"Біздің өндірушілер Ресей мен АҚШ-тың өндірушілерінен аса алмай отыр.

Бұл жерде жосықсыз бәсекелестік бар. Соның салдары Қазақстанның құс фабрикаларына кері әсерін тигізіп тұр", – деді Максим Божко.

Мамандардың мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай құс еті­­­­нің әлемдік нарығы 7 трлн 300 млрд долларға жетуі мүмкін. Қазір АҚШ құс етін өнді­руде көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Бразилия, Қытай, Ресей, Үндістан, Мексика орналасқан.  

Статистикалық мәлімет бойынша, былтыр елімізде 171,4 мың тонна құс еті өндірілді. Қараша айына дейін оның 7,3 тоннасы шетел нарығына жөнелтілді. Биыл 243,7 мың тонна құс етін өндіру жоспарланып отыр.

Естеріңізде болса, былтыр елімізде тауық етінің бағасы қымбаттап кетті. Бұған шетелден келетін құс еті­нің санитарлық талапқа сай бол­мауы себеп болды.

"Бізді ішкі нарықты тауық етімен толық қамтамасыз ете алмай отыр деп жазғыруға болмайды. Себебі біз өнімімізді өз құнынан арзан бағаға сата алмаймыз", – деді Максим Божко.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу