Елдегі қоршаған ортаның ахуалын ретке келтіру үшін қайта пысықталып жатқан Экологиялық кодекс қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Қоқыс тазалап, оны өңдеумен айналысатын ұйымдар жаңа құжатты алға тартып, тариф өсіруге ниетті. Бұл туралы Қазақстан-Франция сауда-өнеркәсіп палатасының "Қалдықтарды қайта өңдеу стратегиясы" атты форумына қатысқан Азамат Аяйбергенов айтты.
Астанадағы тұрмыстық қатты қалдықты кәдеге жаратушы және қоқыс шығарушы ұйымдар қауымдастығының басқарушы директоры домофон мен қоқыс шығару қызметіне төленетін тарифтің әділетсіз екенін айтады.
"Қазір елордада қоқыс шығару үшін айына 246 теңге алынады. Бұл тариф 2011-2012 жылдардан бері өскен жоқ. Ол кездегі айлық пен жанармай бағасы қандай болғанын білесіздер. Содан бері қанша рет инфляция болып, бағаның өскенін де білесіздер.Осыны ескерсек, шығындарды өтеу үшін тариф 500-600 теңге көлемінде болуы керек. Түбіртекке қарасаңыздар, домофон қызметі үшін 370 теңге көлемінде тариф алынады. Ал қоқыс тарифі – 246 теңге. Қоқыс тазалау үшін жүк көліктері жанармай жағады, күн сайын адамдар жұмысқа шығады. Домофонмен салыстырғанда шығыны шаш етектен. Бірақ алатын ақысы одан төмен. Бұл жерде теңсіздік бар екенін мен қарапайым тұрғын ретінде де айтып тұрмын", – деді ол.
Жаңа кодексті ұсынушы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Ахметжан Пірімқұлов тариф көтерілген күннің өзінде біртіндеп өсетінін айтады.
"ТМД елдерінің ішінде қоқыс шығару тарифі ең төмен ел біз екенбіз. Алматыдан басқа барлық өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үшін ақы алынбайды. Қазір алматылықтар қоқыс шығару қызметі үшін айына 549 теңге төлейді. Ал Нұр-Сұлтанда бұл тариф 246 теңге. Түбінде бүкіл ел Алматыдағыдай тарифке көшуі керек. Қоқыс тарифін көтермейінше, елдегі тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі шешілмейді. Бұл саланы қаржыландыратын басқа көз жоқ. Негізінен оның қалай жүзеге асатынын жергілікті әкімдіктер өздері шешеді. Біз тариф біртіндеп өсуі тиіс деп санаймыз", – деген вице-министр тариф саясаты халықтың төлем қабілетіне сай өзгеруі керек деген пікір білдірді.
"Жалпы тарифті жергілікті мәслихаттар тағайындайды. Бүкіл Қазақстан бойынша бірыңғай тариф болмайтыны белгілі. Әр өңірдің ерекшелігіне байланысты. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтанның ахуалы Ақтау мен Петропавлдан бөлек. Өңірдің материалдық жағдайы, қордаланған қоқыстың мөлшері, өндірістік орындардың ерекшелігі, халықтың төлем қабілеті сияқты мәселелер бар. Сондықтан тариф мәселесі әр өңірде әркелкі қаралуы керек", –деді министрлік өкілі.
Есімжан Нақтыбайұлы