Нұр-Сұлтанда тұрмыстық қоқыс шығару тарифі көтерілмек

7512

Осы саладағы астаналық монополистің жағдайын көтеруге арналған құжат әзірленді. 

Нұр-Сұлтанда тұрмыстық қоқыс шығару тарифі көтерілмек

Ол "Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, әкетуге, кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге және көмуге арналған тарифті бекіту туралы" елордалық мәслихаттың шешімі жобасына қатысты болып отыр.

Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында іңгәлаған сәбиден еңкейген кәріге дейін әр шаңырақтағы адам басынан қоқыс шығару үшін 246 теңгеден жиналады. Бірақ монополист те, қала билігі де мұны азсынып отыр.

Сондықтан тариф "қажетті ең төменгі деңгейге дейін ұлғайтылады". Рас, бұл жерде халықтың әлеуметтік осал санаты үшін жеңілдіктер белгіленбек.

Нәтижесінде көпқабатты пәтерлерде (құжатта ол "жайлы жабдықталған үйлерде" деп аталады) тұратын жеке тұлғалар үшін – баға шамамен екі есеге жуық – айына 466 теңгеге дейін жоғарыламақ. 

Астана деп әсірелегенімен, елордада да жатаған үйлер көп, оны халық "жеке сектор" деп атайды. Ресми құжатта "жайлы жабдықталмаған үйлер" деп көрсетілген. Бұл баспаналар үшін қоқыс әкету тарифі адам басына айына 496 теңгеге дейін өсіріледі.  

Бұлардың барлығы жеке тұлғалар үшін ғана.

Ал бизнестен бірнеше есе көп алым жиналады. Оларға, яғни барлық заңды тұлғаға, компанияға, кәсіпкерге енді кеңсесінің, бизнес орталығының, сауда орнының, дүкенінің және басқа да нысанының әр шаршы метрі үшін ай сайын "Clean City NC" ЖШС-ына 2 мың 653 теңгеден жинап беріп отыруға тура келеді. 

Аз қамтылған елордалықтардың наразылығын күшейтпеу үшін жергілікті билік оларға жеңілдік қарастырады. Мысалға, Ұлы Отан соғысына қатысушылар бұл коммуналдық төлемді төлемейді. ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге, көпбалалы аналарға, І топтағы мүгедектерге тарифтің тек жартысын – 50%-ын ғана төлеуге рұқсат етіледі. ІІ топтағы мүгедектерге 25% жеңілдіктер ұсынылмақ.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы өз дәйектемелерін алға тартады.

"Біріншіден, қолданыстағы тариф 2011 жылдан бері көтерілген жоқ. Ал жанар-жағар май, сондай-ақ запастық бөлшектер бағасы 8 жыл ішінде 2 еседен артыққа қымбаттады. Екіншіден, қолданыстағы тариф құрамына тек тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге және көмуге қатысты шығыстар ғана кіреді. Ал қоқысты қайта өңдеу және кәдеге жарату шығыстары қарастырылмаған. Үшіншіден, қордаланған қоқыс көлемі елорда халқы мен қонақтарының өсуі, елдің әл-ауқатының артуы, қалада белсенді құрылыс жүргізілуі нәтижесінде жылдан жылға ұлғаюда. 2011 жылдан бері шығарылған тұрмыстық қалдықтар көлемі 205%-ға – 760 мың 561 текше метрден 2018 жылғы 1 млн 561,3 мың текше метрге дейін артты", – дейді басқарма.

Оның мәліметінше, қолданыстағы тариф "Эко Полигон Астана" ЖШС-ның полигонының лықа толған ұяшықтарын рекультивациялау үшін "ликвидациялық қор" қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Ал экологиялық кодекс талабы бойынша полигон иелері сондай қор құруға міндетті.

Басқарма тағы бір дәйектемені келтіреді: "Ауыр және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қоқыс шығаратын ұйым, қоқысты сұрыптау кешені, полигон жұмысшыларының жалақысын арттыру мүмкін болмай тұр. Салдарынан, осы кәсіпорындардан кадрлар кетуде және маман тапшылығы тууда. Еңбекақы көлемінің ауыр және зиянды еңбек жағдайларына сәйкес келмеуіне орай тұрмыстық қатты қалдықты басқару кәсіпорындардағы кадрлардың кетуі 2018 жылы 49%-ды құрады. 2019 жылғы қазан айында 46%-ға жетті. Жылдың соңына дейін 54%-ға дейін өседі деп күтілуде".

Бұл дәйектемелердің мықтылығы сонша, көңілшек адамдар көзіне жас алуы да ықтимал. Бірақ кейбір сарапшыларды қала билігінің бұл тірлігі таңғалтып отыр.

"Қазақстанда қит етсе, коммуналдық тарифтерді көтеру әдетке айналған. Есептемелері, бұл сандар қайдан алынғаны жария етілген жоқ. Неге халық үшін тариф бірден екі еседей көтеріліп отыр? Бұқараның жағдайы екі есе жақсарып кетті ме? Керісінше, девальвация екі есе құлдыратты емес пе. Неге бизнес 1 шаршы метр үшін 3 мың теңгеге жуық алым төлеуі керек? Осындай аядай ғана жерден сонша көп қоқыс шықпайды ғой. Мәселен, 35 шаршы метр ғана болатын, қағаз бен пластик стақандардан басқа қоқыс шығармайтын кеңсем үшін "Clean City NC"-ке ай сайын 93 мың теңгеден төлеуіме тура келмек. Менің жеке пікірімше, бұл елордадағы монополистің қалтасын толтыру үшін де жасалып отырған сияқты. Мысалы, қалалық билік "Clean City NC"-ке 33 бірлік автокөлік сатып алу үшін кем дегенде 740 миллион теңге қажет екенін жасырмай айтады", – дейді қалалық турагенттік өкілі әрі экономист Гүлнәз Ғалымова.

Шынында, шенеуніктер бұл ниетін жасырмайды да.

"Нұр-Сұлтан қаласында түзілетін тұрмыстық қалдықтар үшін қазіргі уақытта қосымша 4 мың контейнер сатып алу қажет. Қоқыс шығаратын машиналарды жөндеу мен жаңарту талап етіледі. Самосвалдар, жүк тиеушілер, тартқыштар секілді 23 бірлік техника сатып алу керек. Оған қоса, "Clean City NC" ЖШС 2018 жылы жаңа 8 мың 266 контейнерді және 55 жаңа қоқыс шығару көліктерін, басқа да қажетті жабдықты сатып алуға инвестициялар жұмсады. Қолданыстағы тарифтермен осы инвестициялардың құнын өтеу мүмкін болмай отыр", – делінген мәслихат шешіміне қатысты талдау нысанында.

Тариф көтерілуі өз кезегінде қарапайым адамдардан жиналатын өзге төлемдерді де арттыруы мүмкін. Өйткені заңды тұлғалар қатарына үйлерді басқаратын ПИК-тер (КСК) де кіреді. Олар болса, өздерінің өскен шығынын пәтер иелеріне арта салады. 

Қоқыс шығарушы компанияның тірлігіне экологтар да қарсы. Өткен қазан айында астаналық экология департаментінің мамандары "Clean City NC"-тің Сарыбұлақ өзенін ластап келгенін әшкерелеп, айыппұлмен жазалады. Монополистің суды бүлдіріп отырғанына Есіл бассейні инспекциясы шағымданыпты. Тексеріс барысында Сарыбұлақ өзенін қоршаған бетон дуалды тесіп орнатылған 400 миллиметрлік құбыр анықталды. Оның бойымен індеткен экологтар "Clean City NC" кәсіпорнынан бір-ақ шығады. Қоқыс компаниясы канализациялық былығын тазартпаған күйі құбырмен бірден өзенге ағызып отырған. Бұл тірлігі үшін әкімшілік жазамен құтылды.

Елордада бұрын қоқыс шығарумен бірнеше компания айналысатын және олар өзара бәсекелесетін. Атап айтқанда, жалпы ауқымның көп бөлігі – 23 телім "Астана Тазарту" ЖШС-на тиесілі болды. Тағы бір бөлігімен "Таза Алем-Астана" ЖШС айналысатын. Былтырдан бері бұл саланы тек жалғыз кәсіпорын меңгеруде: қалалық тендерде жеңімпаз атанған "Clean City NC" бес жылға барлық учаскені басыбайлы иеленді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу