Эко-бокс неге бос

4037

Шетелдік ғалымдар пластик өндірісінде мұнайдан бас тартуға мүмкіндік беретін технологияны ойлап тапты, ал Қазақстан пластик бөтелкелерді ескіше өңдеу үшін алып зауыт ашпақ.

Эко-бокс неге бос

Жуырда ғана ғалымдар пластикті жүз жыл емес, бірнеше күн ішінде ыдыратып жіберетін затты анықтады. Осы бағыттағы сынақтардың нәтижелері енді жарияланып отыр. Ашылым туралы ғылыми Proceedings of the National Academy of Sciences журналы мәлімдеді.

Осының алдында зерттеушілер пластмассамен қоректенетін бактерияларға тәжірибе жүргізген, оның қорытындылары күтпеген жерден бүкіл әлемдік ғылыми қауымдастықты қайран қалдырып отыр. Сарапшылардың байламынша, бұл ғылыми ашылым осы өндірістегі мұнайды ауыстыратын болады.  

Пластик жұтатын бактериялар 2016 жылы Жапониядағы қоқыс полигонында табылған екен. Олардың 100 жыл ішінде ғана ыдырайтын бұл материалды санаулы күндер ішінде қорытып шығатыны мәлім болды. Содан ғалымдар бұл феноменді тереңірек зерделеуге кіріскен. Алдымен олар Жапониядан әкелінген бактериялар шығаратын ферменттің құрылымын айқындайды. Бұл үшін жекелеген атомдар құрылымын көруге мүмкіндік беретін қуатты рентген сәулесін өндіре алатын Diamond синхротронын пайдаланған. Осыдан кейін фермент синтезделген. Оның барысында бұл заттың пластикті іріту қабілетінің жақсаруына қол жеткізіліпті.

Зерттеушілерді таңғалтқаны сол, синтезделген фермент бастапқы прототипінен күштірек болып шыққан. Оның әртүрлі сусындар үшін бөтелкелер жасауда пайдаланылатын полиэтилентерефталатпен (ПЭТ) күресте бактерияларға қарағанда, әлдеқайда тиімді екені анықталуда.

"Осылайша, біз ферментті жақсартқанымызды білдік. Қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Бұл нағыз ірі ашылым", – деп мәлімдеді жаһандық ақпарат агенттіктеріне Ұлыбританияның Портсмут университет профессоры Джон Макгихан.

Ол осы ферменттердің улы еместігін, табиғи ортаға зиян келтірмейтінін және оны микроағзалар көмегімен өнеркәсіптік ауқымда өндіруге болатынын айтады.

Енді ғалымдар ферментті әлдеқайда жылдамырақ әрекет етуі үшін жетілдіруде. Олардың пайымдауынша, бұдан былай осы зат арқылы пластикті оның құрамдас бөліктеріне тез ыдыратуға және тиісінше, оларды бөтелкелер өндірісіне қайтадан пайдалануға болады. Мұндай жағдайда бұл өндіріс ПЭТ жасауға қажетті шикізат ретінде аса үлкен көлемде сатып алынатын мұнайдан толық дерлік бас тартуы ықтимал.

Бұған қоса, табиғатта ұзақ жыл жататын, топырақты улайтын тау-тау пластик заттар қоқыстарын жойып, қоршаған ортаны тазарту перспективасы пайда болуда. 

Proceedings of the National Academy of Sciences дерегінше, дүниежүзінде әрбір күн емес, әрбір минут сайын шамамен миллион пластикалық бөтелкеде су, сусын түрлері, сүт өнімдері және басқалары сатылады. Олардың тек 14%-ы ғана қайта өңдеуге кетеді. Қалғандары жерге лақтырылады, топырақтың құнарын жояды, теңіздер мен мұхиттарға түсіп, ғаламшардың ең қияндағы бөлшектерін бүлдіреді. Мәселен, тұншығып, түйіліп өлген киттердің ішінен ондаған тонна пластик бөтелкелер табылуда. Бұдан Қазақстандағы итбалық-түлендер де зардап шегуде.

Бактерияларға балауыз қара күйесінің (Galleria mellonella) дернәсілі бәсекелестік құрап отыр: оның да керемет жылдамдықпен пластикті қорытуға үйренгені белгілі болды. Бұл жаңалық та кездейсоқ ашылған: Испанияның биомедицина және биотехнологиялар институтының ғылыми қызметкері, әуесқой омарташы Федерика Берточини қолы бос уақытта ара үйшігінен паразиттерді алып тастау үшін дернәсілдерді пластик пакетке жинайды. Бірақ бірер уақыттан соң, балаң құрттар оны жеп қойған. Бұл құбылысқа қызығушылық танытқан Федерика Берточини Кембридждегі биохимик әріптестерімен бірлесіп, ғылыми сынақ жүргізеді. Қорытындысында, жүз шақты құрттың 92 миллиграм полиэтиленді 12 сағат ішінде құртып жіберетіні анықталды.

Осы негізде қазір әлемнің әртүрлі елдерінде ғалымдар пластикті жүздеген есе тез ыдыратуға мүмкіндік беретін технологияларды түзіп, өндіріске қою үшін күш салуда. Сонда жаңа пластик өндірмей-ақ, ескісін қайта-қайта пайдаланып, олардан жаңа шөлмек және басқа да формадағы құтыларды жасауға мүмкіндік туады.

Бірақ қазақстандық өндірушілер бұл технологияның жақын арада өндіріске жолдама аларына күмәнмен қарайды.

"Бүгінде қайта өңдеуге кететін пластик бөтелкелерден талшық жасалады. Ол өз кезегінде әртүрлі синтетикалық киімдер мен кілемдер дайындау үшін материалға айналады. Бірақ бүгінде мұнай сонша қымбат тұрмайды, 2014 жылдан бері екі-екі жарым есеге арзандады. Демек, ПЭТ өндірушілерге қайта өңдегеннен гөрі, дайын әрі арзанқол шикізаттан одан да көп пластик шығару әлдеқайда оңай. Ендеше, мұндай технологиялар бізде өнеркәсіптік мақсатта енгізілгенге дейін бірталай уақыт өтпек", – дейді сала маманы, сарапшы Болат Адиков.

Қазақстанның қоқыстарды басқару қауымдастығының үйлестірушісі Айжан Рысқұлова біздің еліміз үшін пластиктерді өңдеудің дәстүрлі тәсілі өзекті екенін айтады.  

Үкімет бекіткен "жасыл" экономикаға өту тұжырымдамасына сәйкес, еліміз 2030 жылға қарай барлық қоқыстардың 40%-ын өңдеуге тиісті. Қазір бұл көрсеткіш небары 9%-ды құрайды. Рас, бұл жолға Қазақстан таяуда ғана түсті, тиісінше, бірер жыл ғана бұрын, яғни жол басында өңдеу үлесі 3%-ға әзер жететін.

Бүгінде қоқыстарды жинаумен, сақтаумен, утилизациялаумен және қайта өңдеумен айналысатын отандық жүзден астам компания жұмыс жасауда екен. Олардың 50-і 2013 жылы кәсіби қауымдастыққа бірікті.

"Шынында, дәл қазір бұл тақырыпқа өте көп көңіл бөлінуде. Қайта өңдеумен шұғылданатын қазақстандық бизнесті қолдау үшін нақты шаралар қабылдануда. Соның арқасында, қайта өңдеу деңгейі қарқынды өсіп келеді. Әрине, нәтижелерді былайғы жұрт бірден аңғара бермеуі де ықтимал. Әсіресе, Алматы мен елордада. Бірақ Теміртау, Петропавл секілді пилоттық қалалар бар, оларда халық өз қоқыстарының 20-30%-ға дейінгісін іріктейді. Ол қалаларда екі түрлі контейнер қойылған. Еуропада қоқыстар бес түрлі контейнерге бөлінеді, дегенмен, бұл іске кіріскеніміздің өзі ғанибет. Мұны аз десеңіз, Шымкентте пластик бөтелкелерін қайта өңдейтін алып зауыт салынуда", – деп хабарлады Айжан Рысқұлова.

Ол қазақстандық бизнес қазірдің өзінде өңделген пластиктен канализациялық қақпақ-люктер, герметика, қаптама-қораптар өндірісін жолға қойғанын айтады.  

Сарапшы сонымен бірге, қоқысты бөлектеп жинауды еліміз бойынша жаппай ендіру үшін арнайы заң әзірлеу мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.

"Өңдеуші зауыттар қазір бар, бірақ олар шикізаттан тарығуда. Толық қуаттылықта жүктелмеген. Олар толыққанды жұмыс жасауы үшін бүкіл Қазақстан бойынша, ең болмаса, барлық қалаларда қоқыс түрлерін жеке-жеке жинауды түбегейлі ендіру керек. Бұдан өзге, пластик бөтелкелерді қабылдайтын орындар саны тым жеткіліксіз. Олар негізінен қаланың шеткері аймағында орналасады, халық бір келі материалды тапсыру үшін сондай қияға барғысы келмейді. Сондықтан біз қабылдаумен айналысатын бекет-орындарды дамытуды емес, барлық жерде қосымша қоқыс контейнерлерін қою мәселесін ілгерілетіп отырмыз", – дейді қауымдастық үйлестірушісі.

Оның үстіне халықтың да көңілін қалдыратын жайттар бар. Мысалы, "Lemonadoff Food" ЖШС-ының пластикалық бөтелкелерді қабылдау бекеттері тек өз сауда маркасының SALUTE сериясындағы сусындарының құтыларын ғана алады. Бір бөтелкесі үшін он теңге ұсынатын көрінеді. Бірақ ол қаржыға қол жеткізу үшін этикеткасы, штрих-коды бүлінбеуі, өндірілген күні мен қақпағы бар болуы шарт. Сондай-ақ компания әкелген адамда сусынды сатып алғанын растайтын құжаты, яғни фискалдық не тауарлық чегі болмаса, бос бөтелкелерді қабылдаудан бас тартуы да мүмкін екен. Яғни, бұл кәдеге жаратуға емес, сауда көлемін арттыруға бағытталған промо-акцияға көбірек ұқсайды.

Бірқатар компания табиғатты пластиктен тазалау науқанынан бедел жинау үшін эко-бокстар орнатып, бөтелкелер қабылдайтын бекеттер ашқан. Бірақ одан нәтиже шамалы екенін мойындауға мәжбүр.

"Біздің компания техникалық қалдық жинау үшін 131 эко-бокс орнатты. Алайда адамдар оларды толтыруда белсенділік танытпай отыр. Адамдар тек біз ынталандырушы акциялар жарияласақ қана оларға қоқыстарын жинап, әкеле бастайды. Кейде жергілікті билікті осы іске тартуға тырысамыз. Халықтың санасына эко-мәдениетті сіңіру қажет-ақ. Сонымен бірге дұрыс әрі қолжетімді инфрақұрылым, үгіт-насихат қажет. Сонда ғана тұрғындар проблеманың тереңдігін түсінеді. Қоқыстың Қазақстанның қоршаған ортасына қандай зиян келтіріп отырғанын нақты есептеп шығып, паш ету керек. Өйткені қарапайым батарейканың өзінде зиянды заттар көп, олар жерге түскен соң, топырақ арқылы суға сіңуі ықтимал", – деп қынжылады "Технодомның" CSR-менеджері Лев Цой.

Өз кезегінде "Экологиялық құтқару – Экологической спасение" қозғалысының экологтары қалалардағы қалдықтарды қабылдау бекеттері мен эко-бокстар қай жерлерде орналасқандарын анықтап, олардың мекенжайларын электронды және қағаз күйінде таратып жүр. Олардың мәліметіне жүгінсек, пластик жинаумен Алматы, Астана, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Көкшетау, Жезқазған, Жаңаөзен, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Рудный, Құлсары, Семей, Тараз, Сәтпаев және басқа да қалалар қамтылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу