Сингапур – оңтүстік-шығыс Азияда орналасқан шағын мемлекет. Бұл елде қоқыс төгетін полигондар жоқ. Керісінше мұнда қалдықтың 90%-ын қайта өңдеп, электр қуатын алатын зауыттар көп. Бұдан бөлек әлемде қоқысты қуат немесе табыс көзіне айналдырған елдердің қатарында Швеция да бар. Аталған мемлекет қоқыстың 99%-ын қайта өңдеп қана қоймай, Франция, Ұлыбритания, Норвегия сынды көршілерінен қосымша ақшаға қабылдайды. Ал Қазақстанда бұл сала қаншалықты дамыған? Елімізде қоқысты қайта өңдеу көрсеткіші қандай? Қалдықтан қаржы табудың жолы бар ма? Осы сұрақтарға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Қоқысты шетелге сатқан тиімді
Экология министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өткен жылы қоқысты қайта өңдеу көлемі 3%-ға артып, 14%-ды құрады. Әйтсе де еліміздегі 20 полигон коммуналдық қалдыққа тола бастады. Бүгінде мұнда 125 млн тонна қоқыс жиналған. Ал мамандар қайта өңдеумен айналысатын зауыттардың хәлі мүшкіл деп дабыл қағуда.
"Қазіргі кезде елімізде қоқыс жинап, сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын 210 кәсіпорын бар. Алайда бұл зауыттарда өндіріс тұралап тұр. Себебі оларға шикізат жетіспейді. Бұл компаниялардың қағаз, картон, пластик сынды қалдықтарды қайта өңдеуге қауқары жеткілікті. Алайда дәл осы қағаз, картон, пластик көбінесе көрші елдерге саудаланады. Өйткені республика аумағында қоқысты тасымалдау логистикалық жағынан тиімсіз. Сонымен қатар шетелде аталған шикізатты жоғары бағамен қабылдайды. Әрі мұндай сауда көбінесе заңсыз, қолма қол есеп айырысу арқылы жүргізіледі", – дейді "KazWaste" қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының арқарушы директоры Вера Мұстафина.
Ал пластик қалдықтарын қайта өңдейтін шеберхана өкілі Кенен Сқақовтың сөзінше қазіргі кезде шикізатты шетелге шығару тиімсіз. Сондықтан ол қоқысты бірден сұрыптап, тиісті компанияларға тапсыруды ұсынады.
"Бұрын Ресейге пластик сату тиімді болатын. Себебі олар шикізатты жоғары бағамен қабылдап, Қытайға қайта өңдеуге жіберетін. Қазір коронавирустық инфекцияға байланысты бұл жоспар жүзеге аспай қалды. Сондықтан олар шикізат қабылдап жатқан жоқ. Қазір пластикті елімізде қайта өңдеген тиімдірек", –дейді Кенен Сқақов.
Тарифтер тосқауылы
Еліміздің өңірлерінде коммуналдық қоқысты жинау, шығару мен утилизациялауға арналған тариф әртүрлі. Ол арнайы әдістеме бойынша заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға әртүрлі болып бекітілген. Қалдықтарды басқару қауымдастығының мәліметінше ең төменгі тариф 84 теңгеден басталып, 550 теңгеге дейін жетеді. Орта есеппен ең жоғары баға 553 теңге – Алматыда, 390 теңге – Нұр-Сұлтанда. Ал ең төмен тариф 84 теңге – Тараз, 104 теңге – Ақтөбе, 105 теңге – Түркістанда.
"Жыл сайын коммуналдық төлемдер қымбаттайды. Арнайы техника мен жанармай бағасы да өседі. Алайда қоқыс шығару тарифі еліміздің көптеген өңірінде өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар үшін тағы бір қиын мәселе бар. Ол халықтың коммуналдық қалдық шығыны үшін ақша төлемеуі. Орта есеппен ірі қала тұрғындарының тек 60-80%-ы ғана осы қызмет ақысын өтейді", –дейді Вера Мұстафина.
Қоқыстан пайда табуға бола ма?
Вера Мұстафина елімізде тек санаулы компания ғана қоқыстан табыс тауып отырғанын айтады. Сарапшының пікірінше, көптеген кәсіпорындардың кірісінен шығыны көп.
"Алматы мен Нұр-Сұлтанда орналасқан санаулы компаниядан басқаларының барлығы табыс таппайды. Олар тек шығынға жұмыс істеуде немесе қосымша өндіріс ашып, дотациялануда. Тарифті инвестиция деп қарастыруға болмайды. Себебі бұл ақшаға қоқыс шығаратын көлік, арнайы техника мен қосымша жабдықтар сатып алу мүмкін емес. Сондықтан тарифтерді көтеріп, халық арасында қоқысты сұрыптау мәдениетін насихаттау керек", – дейді сарапшы.
Қоғамдағы тенденция
Табиғат жанашыры Кенен Сқақовтың айтуынша қазақстандықтардың экологиялық жауапкершілігі жыл санап артып келеді, оны көрсеткіштерден аңғаруға болады.
"2017 жылы пластикті сұрыптауды жаңадан бастаған кезімізде Алматы бойынша айына 200-250 келі шикізат жиналатын. Қазір айына 1 тоннаға жуық қайта өңдеуге жарамды пластик сұрыпталады", – дейді эко белсенді.
Жалпы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде пластик, макулатура, қағаз қалдықтарын, әйнекті алдын ала сұрыптаусыз полигондарда көмуге тыйым салынды. Бұл шектеуден кейін, Семей қаласы бір аптаның ішінде қоқысқа толды. Оның себебі полигондар сұрыпталмаған қоқысты қабыдаудан бас тартса, ал қалдық шығаратын компаниялар сұрыптауға ден қойған зауыттармен келісімшарт жасап үлгермеген. Дәл осындай жағдай кейін бірнеше шаһарда қайталанды.
Тығырықтан шығу жолы немесе Waste to Energy ұсынысы
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қалдықтарды өртеп, нәтижесінде электр энергиясын алуға бағытталған "Waste to Energy" механизмін енгізуді ұсынды. Министр бұл жүйе экологиялық мәселелерді шешумен қатар инвесторлар тартуға мүмкіндік береді деп отыр.
"Қоқыс көлемін 2025 жылға дейін 30%-ға қысқартуға және 180 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, Еуропа елдерінде шамамен 150 зауыт осы механизм бойынша жұмыс істеуде. Бұл ретте "Waste to Energy" бойынша жұмыс істейтін зауытты толық жабдықтамаған жағдайда улы қалдықтардың ауаға таралуы туралы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Сондықтан талаптарды сақтау бойынша қатаң шектеулер енгізу жоспарлануда", – деді министр.
"Жасыл экономика" саясаты бойынша 2030 жылға дейін қоқыс өңдеу бойынша 14%-дық көрсеткішті 40%-ға жеткізу көзделген. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоқыстарды басқару бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Осы жоспар жүзеге асса, еліміздің полигондарына шетсіз, шексіз төгілген қалдық энергия мен табыс көзіне айналуы ықтимал.
Құралай Құдайберген