Өскеменде экологиялық дүңгіршектер орын таппай жүр

​Жыл басында Өскемен қаласының тұрғындары тұрмыстық қалдықты сұрыптап тастай бастаған еді. Алайда бұл жоба қазір әрі-сәрі күй кешуде.

Өскеменде экологиялық дүңгіршектер орын таппай жүр

Қоқыс алаңдарындағы дүңгіршіктер бүгінде еріккеннің ермегіне айналған. Көлік қаңтаратын жер таппаған жүргізуші де, қоқыс ақтарған қаңғыбас та  орнынан жылжытып, төңкеріп кете береді. Жобаның иесі – "ЭкоВосток Лидер" ЖШС. Алғашында серіктестік иесі бұл жағымсыз құбылысты уақытша  деп ойлаған екен. Елдің көзі үйренген соң тыйылар деп үміттеніпті. Бірақ ол үмітінің ақталар түрі жоқ. Күн өткен сайын дүңгіршекке өшігушілер көбейген.

Тұрмыстық қалдық бізге қажетсіз қоқыс көрінгенімен, оны өңдеушілер үшін кәдімгідей шикізат саналады. Дүңгіршек төңірегіндегі даудың ар жағында сол "шикізатқа" деген талас тұрған сыңайлы. Оны "ЭкоВостокЛидер" ЖШС-нің директоры Динара Әкімжанова да растап отыр. Былтыр бар-жоғы 26 дүңгіршек орнатса, биыл сегіз айда 400 ыдыс қойыпты. Оның 300-і пластик тастауға арналса, қалған 100 дүңгіршектің сыртында "Қағаз қалдықтар үшін" деген жазу бар. Шыны қалдықтарға дүңгіршек онатуға серіктестіктің қаржылық жағдайы келмейді екен.

Қолданыстағы 400 дүңгіршектің көбі мектеп пен аурухананың, мемлекеттік мекеме ғимараттарының қоқыс алаңына қойылыпты. Ал тұрғын үй аулаларындағы қоқыс алаңдарына Динара Әкімжанованың дүңгіршектері жол таба алмай жүр. Амалын тауып орнатқандары жиі төңкеріліп қалады. Тіпті кейде қоқысты алп кетуге барған жұмысшылар дүңгіршектің орнын сипап қалатын болған.

"Қаңғыбастар біздің бас ауруымызға айналды. Темір тордан жасалған дүңгіршектерде қайбір қауқар болсын, құлыбын бұзады да қоқысын шашып кетеді. Оны қайтадан сұрыптау қажет. Ал кейде дүңгіршектерді мүлде басқа жерден тауып аламыз" - дейді кәсіпкер.

Қала көшелеріндегі қоқыс алаңдарына қызмет ететін "Спецкоммунтарнс" атты мемкеме бар. Шойын дүңгіршектердің барлығы соларға тиесілі. Динара Әкімжанованың айтуынша, аталмыш мекеме сұрыптағыш дүңгіршектерді өздеріне тиесілі алаңдарға орнатуға қарсылық білдіріп отыр екен.

Аталмыш кәсіпорын  қоқыс сұрыптайтын өндірістік желі орнатуды жоспарлап отыр. Сол үшін екі ай бұрын қала әкімдігі арнайы жер телімін де берген болатын. Ал "ЭкоВостокЛидер" ЖШС сол өндіріске қажет шикізатты Алматы мен Шымкентке өткізіп, табыс тауып отыр.

Ымырасыз бәсекеден қорқып, бастаған істі тастағалы отырған Динара Әкімжанова жоқ. Болашақта тамақ қалдықтарын бөлек жинау жобасын да қолға алмақшы.

"Ең бастысы мектеп оқушылары қоқысты сұрыптап төгуге жақсы дағдыланып алды. Ертең олар үлкен өмірге аяқ басқанда мектепте көргендерін істейді. Жаңа мәдениетті өз үйіне сіңдіреді. Соны ойласам, бастаған жобамыздың болашағы жоқ деуге аузым бармайды", – дейді Динара Әкімжанова.

Жылдар бойы қажетсіз дүние ретінде қоқыс полигондарына төгіліп келген тұрмыстық қалдыққа неліктен аяқасты талас туды деуіңіз мүмкін. Биылдан бастап күлтөбелерге қатты қалдықтың 12 түрін көмуге тыйым салынған болатын. Ал 2019 жылы олардың саны 17-ге жетуі мүмкін. Көмуге тыйым салынған қалдықтардың ішінде картон қораптар, пластик пен пластмассадан жасалған бұйымдар, шыны ыдыстар бар.

Заңдағы өзгерістің пәрменін Елбасының биылғы Жолдауы да арттыра түсті. "Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгеріс енгізуді талап етеді", – делінген Жолдауда.

Бұл орайда қаланың тазалығына жауапты органдар негізгі міндетті кәсіпкерлерге артып отыр. Міндет артылғанымен соған сәйкес қолдау болмай тұрған сыңайлы. Қалдық өңдеуді кәсіп еткен санаулы мекеменің бірі жазда ғана жұмыс істесе, біз айтқан "ЭкоВостокЛидер" ЖШС түрменің ғимаратына кіріптар болып тұр.

"Өскеменде пластик және платмасса қалдықтарын жинаумен айналысатын үш мекеме бар. Олар заңға өзгеріс енгелі бері қағаз бен картон да қабылдай бастады. Пластмасса қалдықтарын қайта өңдеп, құрылыс бұйымдарын шығаратын цех бар. Қыс келгенде құрылыспен бірге олар да тоқтайды. Ал Семей мен Аягөзде, Глубокое ауданында қағаз өңдейтін зауыттар жұмыс істеп тұр. Шығаратын өнімдері – дәретхана қағазы. Қалдықты сұрыптап жинаудың жолға қойылмауы мұндай мекемелер үшін кедергі болып тұр, - дейді "Экологиялық қауіпсіздік орталығы" ЖШС директоры Геннадий Корешков.

"Күнде жиналатын қалдық мөлшері толыққанды өңдеумен айналысуға келмейді. Сондықтан, біз жинаған қалдықты Омбы, Алматы, Шымкент қалаларына жөнелтіп отырамыз. Содан түскен ақшадан жұмысшыларға айлық төлеп, артылғанын дүңгіршек жасауға бөліп келеміз. Биыл қала мектептері өзі бюджетіне екі дүңгіршектің құнын кіргізді. Енді олардың аулаларынан күн сайын өзімізге қажет қалдықтарды әкетіп отырамыз" – дейді Динара Әкімжанова.

Бұл бейберекет төгілген қоқысты сұрыптағаннан әлдеқайда жеңіл. Оның үстіне қалдық тастау мәдениетін мектеп қабырғасында көріп өскен балалар ертең оны қоғамда қалыптастырады. Әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттардың жанына осындай дүңгіршектер қойылмақ. Халықтың көзі үйренгенше басқа да қоқыс алаңдарына экодүңгіршектің түр-түрі орнатылып болады. Қала билігінің көздеп отырғаны осы.

Теория бойынша кез келген тұрмыстық қалдықтың 80 пайызын қайта өңдеуге болады екен. Басында күніне 20 тонна ғана қалдық жинайтын бұл ұжым қазір тәулік сайын 100 тонна қалдықты сығымдайтындай деңгейге жетіпті. Меншіктерінде жалғыз "Газель" көлігі бар. Ал Омбы, Алматы, Шымкент қалаларына "Furo" көліктерін жалдауға тура келеді.

Облыс орталығында биылдың өзінде 500 алаңға 1500 экологиялық дүңгіршек орнатылуға тиіс. Оның 500-і қағаз қалдықтарын, 500-і пластик қалдықтарын, тағы 500-і шыны қалдықтарын төгуге арналады. Инертті қалдықтар үшін қосымша 50 дүңгіршек және бөлінуі мүмкін.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу