Геннадий Зенченко: 900 мың теңге субсидия тым аз!

1918

Алапат "утильалым" кесірінен ауылшаруашылығының ыңыршағы айналып, әлем түгіл, аз халқымызды асырай алмай қалуы мүмкін.  

Геннадий Зенченко: 900 мың теңге субсидия тым аз!

Елде ауылшаруашылығына қатысты көптеген түйткіл қордаланып қалғаны байқалады, ол жайында ашық айтыла бастады. Әсіресе, субсидия мен утилизациялық алым аграршының қабырғасына батты.

"Зенченко и компания" командиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченконың байламынша, мемлекеттің ауылшаруашылығы техникасын субсидиялауға бөліп отырған демеуқаржысы тым аз әрі салаға еңсе тіктеуге мүмкіндік бермейді.  

"Компаниямыз ауылшаруашылығы саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өсімдік шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысамыз. Салада не болып жатқанын білеміз. Соңғы бірнеше жыл бойы АШМ жүзеге асырып жатқан сүт шаруашылығын дамыту бағдарламасына белсенді қатысудамыз. Осы мақсатта жаңа сүт-тауарлық фермалар тұрғызудамыз. Жыл сайын сиырларымыздың саны да көбеюде. Алайда өндіріс көлемінің еселеп артуы бізден материалдық-техникалық базаны ұдайы жаңартуды талап етеді. Шыны керек, техника шақ келмейді", – дейді Г. Зенченко.

Бұл еліміздегі барлық ауыл кәсіпкерлерінің шақшадай басын шарадай қылған проблема. Күн сайын техниканың бірі сынып қалады, оған запастық бөлшек табу қиын. Бұрынғыдай, әр колхоз-совхоз жанында көлікті жедел жөндеп беретін МТС-тер жоқ.

Үкіметтің өтемақы көмегі 1,06% ғана!

Мемлекет үш жыл бұрын жаңа техника алған ауылшаруашылығы өндірушілері шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетігін енгізген. АШМ бұл тетік отандық ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сендірді. Шын мәнінде олай болмады. Министрліктің дерегінше, аталған парктің жаңару қарқыны бұрынғы 1,5%-дан 4%-ға дейін шамалы өсіпті. Неге?

"Зенченко и компания" басшысының түсіндіруінше, бар гәп – бастаманың егжей-тегжейінде.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Арман Евниевтің бұйрығымен қабылданған, 2019 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген "Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларында" аграршылардың бұл іске құйған инвестициялық салымының 25%-ы бюджеттен өтелетіні жазылған. Мұндай қуатты тетіктер Ресейде де, Еуропа елдерінде де бар. Алайда қазақстандық тетіктің құнын бір кілтипан түсірді. Техниканың нарықтық құны емес, АШМ белгілеген құнының бір бөлігі ғана субсидияланады. Бұл жер учаскесінің нарықтық және кадастрлық құны секілді әрбасқа нәрсе.

"Қағидаларда субсидияларды есептеу үшін ең жоғары рұқсат етілген құн бекітілген. Біздің пікірімізше, бірқатар ауылшаруашылығы техникасының дәл осы құны едәуір төмендетілген және шынайы бағасына сәйкес келмейді. Салдарынан, өтелетін үлес тым мардымсыз болып шығады. Нақты мысал келтірейін. Қағидалардың №2 қосымшасында шөп тасымалдаушы тіркеменің ең жоғарғы рұқсат етілген құны 4 миллион теңге деп көрсетілген. Ал оның қазіргі шынайы бағасы 30 миллион теңгеден асады! Біз қолжетімді бағаны іздей келе, биылғы 8 шілдеде осы құнға сатып алдық. Осылайша, 30 млн теңгеден астам инвестициялық салым салдық, бірақ қағидалар бойынша соған тек 1 млн теңге субсидия беріледі", – деді Геннадий Геннадьевич.

Ол тағы бір мысал келтірді. Компания 2021 жылғы 18 маусымда азық таратқыш және майдалағыш сатып алыпты.

"Қағидалар бойынша сыйымдылығы кемінде 2,2 текше метр болатын ірі азық таратқыш-майдалағыштың субсидиялау үшін ең жоғарғы рұқсат етілген бағасы 3,6 млн теңге ғана. Алайда қазір ондай бағаға еш жерден таба алмайсыз. Бұл техниканың шынайы бағасы 14,5 млн теңгеден басталады. Ал енді фермер салаға 14,5 миллионнан астам инвестиция құя отырып, бар-жоғы 900 мың теңге ғана демеуқаржы алады. Жарайды, мұны өз бетінше сатып алуға шаруашылықтардың қауқары жетер. Ең қиыны – қымбат техника. Айталық, биылғы тамызда өздігінен жүретін азықжем араластырғышты алдық, оның құны қазір 85 млн теңгеге дейін шарықтап кетті. Бірақ ол үшін де небәрі 900 мың теңге субсидия беріледі", – дейді Г. Зенченко.

Нәтижесінде, ауыл кәсіпкерінің салған нақты инвестициясының мемлекет тарапынан өтелу үлесі шамамен 1,06% ғана болады екен.

Комбайн-тракторлар бірден 12 миллионға қымбаттады

Аграршылардың байламынша, мұндай тетік заманауи, жоғары технологиялы әрі өнімді жаңа техниканы сатып алуға еш ынталандырмайды. Сорақысы сол, ауылшаруашылығы өндірушісі мемлекеттен қайыр болмаған соң, төл ақшасын үнемдеу мақсатында ескілеу, "бушный" техниканы да сатып ала алмайды. Биыл оған да утилизациялық алым енгізілді.

Америкалық John Deere машинажасау компаниясы техникаларының еліміздегі ресми дистрибьюторы – Eurasia Group Kazakhstan бас директоры Сергей Глоккенің мәліметінше, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені серпінді даму жолына шығуы үшін оның техникасының паркі жылына 15-20% қарқынмен жаңаруы қажет.

"Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру жөнінен әлемдік алпауыт саналатын АҚШ пен Канадада механизация 100%-ға жетіп қалды. Оларда мүмкін болатын жұмыстың бәрі техникамен атқарылады, автоматтандырылған. Оның үстіне оларда техника жылына 200, әрі кетсе 500 мото-сағат қана жұмыс істейді. Қазақстанда бір техника жылына 1 500 мото-сағатқа дейін істейді. Соның кесірінен, тез тозығы жетеді, жиі бұзылады. Яғни, 6-7 жыл ішінде трактордың өзі "ыңыршағы айналып", моральдық, техникалық тұрғыдан тозады. Қазақстанда техниканы ең құрығанда 10 жылда бір рет жаңартып, жаңасын сатып алып отырған жөн. Бұл дегеніміз – жыл сайынғы жаңару қарқыны 10%-дан кем болмауға тиіс", – дейді С. Глокке.

Алайда ауылшаруашылығы машиналарының бүкіл тізіміне утильалымның енгізілуі Қазақстанның көнерген машина-тракторлық паркін жаңғырту ісін күрделендіріп, фермердің жағдайын ауырлатты.

Сарапшы Үкіметтің дәл осы кезде "кәдеге жарату салығын" не үшін енгізіп отырғанын түсінбейтінін айтады. Оның қажеті не?

АШМ дерегінше, қазақстандық агротехника паркі 70-80%-ға тозған. Мамандар бұл көрсеткіш 90%-ға жеткеніне сенімді. Бұл екі көрсеткіш те салада апатты жағдай қалыптасқанын аңғартады.

"Мұның арты неге соқтырады? Біз жыл сайын агроөнеркәсіптік кешенде жүздеген миллион доллардың өнімін кем алатын боламыз. Себебі техника жетпегендіктен дәнді уақытында сеуіп үлгермейміз, оңтайлы көлемде пестицид, гербицид, тыңайтқыштарды төкпейміз, егінді кеш жинаймыз. Бұл бізге отандық өнімнің өзіндік құнын арзандатуға да еш мүмкіндік қалдырмайды", – деді Сергей Глокке.

Оның айтуынша, бүгінде утильалым сомасы моделіне қарай техниканың жалпы құнының 5%-ынан 20%-ына дейін барады. Салдарынан John Deere комбайндарының және тракторларының құнын 10-12 миллион теңгеге көтеруге мәжбүр болыпты. Себебі кәдеге жарату алымы сыртында Қазақстан 12% қосылған құн салығын ала бастады. Бұрын ауыл фермері ҚҚС-тан босатылатын.

Жемқорлық өне-бойын жайлаған, техникасы әбден тозған ауылшаруашылығы бұлай бара берсе, әлем түгіл, азғантай өз халқымызды асырай алмай қалатын күйге жетуі ғажап емес.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу