Әлемдік мұнай бағасының түсуі мен теңгенің құнсыздануы және коронавирус індетінің салдары азық-түлік дағдарысын туғызбауы үшін Қазақстанға жаңа аграрлық саясат қажет. Бұл туралы ауыл шаруашылығы маманы, экономист Атамұрат Шәменов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ашық хатында жазды.
Спикердің сөзінше, ауыл шаруашылығы күні бүгінге дейін ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айнала алмады. Осыған дейінгі бағдарламалар нақты нәтиже берген жоқ.
"Аграрлық сала 1990 жылы жалпы ішкі өнімнің 34 % құрағанын ескерсек, агроэкономиканың мүмкіндігі мол екенін түсіну қиын емес. Қазақстанда 7 млн 738 мың 400 адам ауылдық жерде тұрады. Олардың әлеуетін пайдалану керек. Бұл үшін Қазақстанға жаңа аграрлық саясат қажет. Ол
бүкілхалықтық саясат ретінде қабылдануға тиіс", – деді Атамұрат Шәменов.
Оның айтуынша, шикізатқа тәуелді экономика ешбір елді ұшпаққа шығармайды.
"Жаңа аграрлық саясат жариялап, ауыл экономикасын дамытуды шындап қолға алуды ұсынамын. Жаңа аграрлық саясат қосымша қаражат талап етпеуімен, бөлінген ресурстарды тиімді пайдаланумен ерекшеленуге тиіс.
Бұл саясат ауыл шаруашылығы өнімдерін пайдалануды ішкі нарыққа бағыттайды. Басты міндет – әрбір тұрғынды жылына орта есеппен алғанда тағамның 10 түрінен физиологиялық нормаға сәйкес қамтамасыз ету, яғни нақты өлшеммен жұмыс істеу. Екіншіден, мемлекеттің экономиканы реттеу функциясын тиімді пайдалану, жергілікті жердегі атқарушы органдардың әкімшілік ресурсын іске қосу, талапты басқаша қою. Үшіншіден, аграрлық саланы реформалау жұмысына ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге басқа да министрліктер мен ведомстволарды қатыстыру керек", – деді экономист.
Атамұрат Шәменов таяуда үкімет деңгейінде талқыланған Түркістан облысындағы қырыққабат мәселесіне назар аударды.
"Физиологиялық норма бойынша әр адам жылына орта есеппен 24 келі қырыққабат пайдалануға тиіс. Мұны еліміздің 18 млн 632 169 тұрғынына көбейтсек, 447 мың 172 тонна шығады. Қырыққабат егілген 11 756 гектар жердің әр гектарынан 30 тоннадан өнім алынды деп есептесек, 352 мың 680 тонна өнім өндіріледі. Бұл өзімізге әлі 94,5 мың тонна қырыққабат жетпейді деген сөз. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығы министрлігінің Ресейге сату үшін 50 мың тоннаға квота беруі түсініксіз. Яғни тапшылық қолдан жасалып отыр. Осының салдарынан былтыр қырыққабат Қарағанды облысында 70,7%, ел аумағында 34% қымбаттады. Шетелге өнім сатып, қалталарын толтыруды ойлағандардың өзімізді азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырмыз деуі – өтірік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің әлеуметтік желіні шулатқандардың жетегінде кете беруіне болмайды", – деді ол.
Экономистің пікірінше, жаңа аграрлық саясат ауыл шаруашылығы саласын дамытудың "бархат революциясы" болады. Өйткені аграрлық салада қазір атқарылып жатқан жұмыстарды бұзбай, бағытын ғана өзгертеді.
"Бірінші кезекте азық-түлікпен ішкі сұраныс қамтамасыз етіледі. Бұл әлемдік дағдарыс кезінде ел экономикасын тығырықтан шығарудың тура жолы болады", – деді Атамұрат Шәменов.
Оның ойынша, барлық аудандар мен облыстарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен тұтыну балансын жасауды шұғыл қолға алу қажет. Баланс ұлттық экономика министрінің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен келісілген 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №503 "Ғылыми негізде жасалған тағам өнімдерін пайдаланудың физиологиялық нормалары туралы" бұйрығына сәйкес 64 тағамның 10 топтамасы бойынша жергілікті жерде өндірілетін және экспортталатын азық-түліктің көлемі негізінде анықталуға тиіс.
"Мемлекеттік субсидия беруге жаңа көзқарас керек. Бұл ретте дәнді дақылдарды қаржыландыруды азайтқан жөн. Есесіне негізі шаруа қожалықтарының тауарларын дүкен сөрелеріне жеткізушілерге
қаржы бөлуді қарастырған жөн. Сонда делдалдар мен алыпсатарлардың жолын кесуге мүмкіндік туады", – деді маман.
Атамұрат Шәменовтің мәлімдеуінше, нарық жағдайында сатылатын азық-түлік тауарының бағасын әкімшілік жолмен реттеу оң нәтиже бермейді.
"Азық-түлікті тұрақтандыру қорын жасап, баға интервенциясын қалыптастыру бюджетке ауыр тиеді. Сондықтан бұл жұмысты бәсекелес ортаға беру қажет.
Экономист "ҚазАгро" ұлттық басқару холдингі мен оның еншілес ұйымдары
мемлекет қаржысын тиімсіз үлестіріп жатыр деп санайды.
"Делдал құрылымның басты жұмысы қаражатты игеру. Ол халық тұтынатын тауар өндірушілерді қолдауға емес, бюджет ақшасын жұмсауға басымдық береді. Агрохолдингтің қызметін реформалау туралы бұрынғы айтылған тапсырмалар орындалмады. Сондықтан тым орталықтандырылған аграрлық реттеу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдарға беру фермерлерге тиімді болмақ. Мұның екі жолы бар, бірі барлық аудандарда "ҚазАгро" филиалдарының болуы, екіншісі әр ауданда шаруашылық негіздегі коммуналдық мекеме құру", – деді Атамұрат Шәменов.
Оның ойынша, мал шаруашылығын дамытуда алыс елдерден өте қымбатқа түсетін тірі мал сатып әкелудің орнына асыл тұқымды мал өсіруді қолға алып, тауарлы фермадағы мал басын қолмен ұрықтандыру арқылы көбейту қажет.
"Ауыл жастарын мал шаруашылығына тарту қиындап кетті. Сондықтан жайлымдық мал шаруашылығы мен мал бордақылау кешендеріне жастарды жұмылдыру үшін бригадалық формалар мен вахталық қызмет түрлерін енгізген дұрыс", – деді экономист.
Атамұрат Шәменовтің айтуынша, бос жатқан жерлерді айналымға енгізіп,
ауыл шаруашылығы кооперациясын құруға ерекше назар аудару қажет.
"Үкіметке ауыл шаруашылығы министрлігін ауыл шаруашылығы және тағам министрлігі етіп қайта құру керек. Ауыл шаруашылығының көрсеткіштері статистикалық мәліметтердегі жалған деректерден арылуға тиіс. Саланы цифрландыруға ерекше назар аудару қажет. Сонымен қатар қала ішіндегі жолдарды жөндеудің жартысына мораторий жариялап, алыс аудандардың жолдарын жөндеу керек", – деді ол.
Ауыл шаруашылығы маманының айтуынша, сырттан келетін тағамның сапасы төмен, сондықтан олар арзан.
"Денсаулық сақтау министрлігі сырттан келген тауарларды тексеруден өткізіп, зиянды қоспасы бар азық-түліктің тұтынушыға жолдануына тыйым салуы керек", – деді Атамұрат Шәменов.
Абылай Бейбарыс