Бақыт Сұлтанов экономикалық тиімділігі төмен жоба ұсынып отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3858

Көтерме-тарату орталықтарына құйылған қаржы 25 жылдан соң ғана қайтады.  

Бақыт Сұлтанов экономикалық тиімділігі төмен жоба ұсынып отыр

Алдағы 3 жылда ел аумағында бой көтеретін 24 көтерме-тарату орталығының құрылысына 237,5 млрд теңге жұмсалады. Қыруар қаржы 25 жылдан соң ғана қайтады. Экономикалық тиімділігі төмен жобадан бас тартудың орнына,  сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов уақыт оздырмай, құрылысты бастау керек деп отыр.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекет көтерме-тарату орталығы жобасын жүзеге асыру барысында тауар өткізу жүйесін қалыптастырады.

"Біз тиімді логистикалық жүйе құрамыз. Жобаға жеке бизнесті тартамыз. Мәселе жобаның құны мен инвестицияның қайтарымында, яғни өзін-өзі қашан ақтайтынында болып тұр. Көтерме-тарату орталықтарына құйылған қаражаттың қайтарымы 25 жылға созылуы мүмкін. Ең бастысы жеке инвестициялар соңғы өнімге жұмсалады. Мемлекет шығындарды

субсидиялайды. Жеке орталық құрып, мемлекеттік органдар арқылы бақылап отыруға және мемлекеттік дотация беруге болатын еді. Алайда бұл өте ұзақ жол", – деді Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзінше, қолданыстағы көтерме-тарату орталықтары да жаңа жүйеге кірігеді. Сөйтіп сауда саласына заманауи стандарт енгізеді.

"Қарағандылық "Альфарух Logistic" көлік-логистикалық орталығы компаниясының өкілі Наиль Мұнасипов жүйе құрау және жекеменшік көтерме-тарату орталықтарына жеңілдік жасау мәселесін көтерді. Бұған қатысы оң шешім қабылдануға тиіс", – деді сауда және интеграция министрі.

Естеріңізге салайық, биыл Алматы, Павлодар және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға арналған 5 көтерме-тарату орталығы салынады. Құрылысқа отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылады. 2022 жылға қарай жылына 4,8 млн тонна өнім сақтай алатын көтерме-тарату орталығы қолданысқа беріледі. Жобаны жүзеге асыруға 10 500 маман жұмылдырылады. Құрылыс кезінде 4 200 адам жұмыс істейді. Құрылыс аяқталған соң 6 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Көтерме-тарату орталықтарының құрылысына ауыл шаруашылығы мамандары мен депутаттар қарсы. Олар өзін-өзі ақтауы ширек ғасырға созылатын жоба қажет емес деп санайды.

"Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков отандық өндірушілер көтерме-тарату орталықтарын азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмайтынын, бос орынды әдеттегідей импорт жаулап алатынын айтады. Ал мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Мұрат Теміржанов

көтерме-тарату орталықтары қазына қаржысына салмақ салады деп санайды.

Абылай Бейбарыс
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу